Әр тапсырма сапалы және уақытымен орындалсын

Көкшетау қаласының әкімі Е.Маржықпаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі болып өтті. Онда қала басшысының үстіміздегі жылдың 18 қаңтары мен 2 ақпаны аралығында тұрғындармен өткізген 10 есепті кездесуінде айтылған пікірлер, ұсыныстар талқыланып, олардың бірде бірінің аяқсыз қалмауы жөнінде бөлім басшыларына тапсырмалар берілді.

Қалалық әкімшіліктің аппарат жетекшісі Е.Тұшанов барлық есепті кездесулер бойынша қай сала бойынша неше сұрақ немесе пікір болғаны, ол мәселелерді шешу кімдерге жүктелгені жөнінде хабарлама жасады. Сұрақтар негізінен таза ауыз су, газдандыру, жарықтандыру жөнінде екен. Негізінен тұрғындар тарапынан көпқабатты үйлердегі лифтердің іске қосылуы, аулаларға балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарының салынуы, жолдардың жөнделуі, көптеген аллеялардың ашылып, демалыс орындарының жасақталуы, абаттандыру, жалпы тазалық жөнінде айтылған алғыстар да көп болды. Дегенмен, қорытынды кездесуге қатысып, қала әкімінің жұмысына оң баға берген Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин Көкшетауды көгалдандыруды белсенді жүргізуді, аулаларға ойын, спорт алаңдарын бұл жылы өткен жылғыдан кем салмауды, іргедегі Қопа көлін тазартуды жүйелі түрде жүргізе беру, шұғыл тамақтану орындарын көбейту сияқты тапсырмалар жүктеді. Осы тапсырмалардың барлығы қаулыға енгізіліп, оны орындаушылар, орындалу мерзімі белгіленіп мұқият қадағалансын.

Қала әкімі Е.Маржықпаев әр бөлім жетекшісіне өзіне тиесілі тапсырманы орындау үшін оның жобалау-сметалық жоспарларын шұғыл дайындауды тапсырды. Көбінесе жұмыстың атқарылмауына тиесілі құжаттардың дер кезінде дайын болмауы себеп. Шеткі көшелерді жарықтандыру, кейбір көшелерге жаяу жүргінші жолдарын салу, газгольдерлерді іске қосуды одан әрі жандандыру жоспарлы түрде жүргізіле берсін.

Қала 2017 жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылады. Негізгі көрсеткіштер жоғары немесе орта деңгейде. Алайда, бұдан да ілгерілеуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін әр тапсырма сапалы және дер кезінде орындалуы керек. Жиналысты қала басшысы осылай түйіндеді.

                                                                                «Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий