Әр шаңыраққа қуаныш әкелгей!

Тәуелсіздік алаңында мұз қалашығы қалана бастағаннан-ақ балалар сырғанақ тебетін күнді асыға күтті. Ондағы мұздан жасалған ертегі кейіпкерлері көпшіліктің көңілінен шықты. Алаң ортасындағы әсем безендірілген шырша шамдары жағылған кезде мүлдем құлпырып кетті. Желтоқсанның 27-сі күні кешкі сағат жетіде оның шамын жағуға облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен қала әкімі  Ермек Маржықпаев келді. Ал, бұл уақытта балалар у-шу болып, сырғанақ тебудің қызығына түсіп кеткен. Әсем әуен қалықтап, мерекенің басталғанынан хабардар еткендей.

DSC_6121Көкшетаулықтар бүгін ерекше көңілді. Өйткені, кім болса да Жаңа жылдан ғажайыптар күтеді. Ескі жылда барлық қиындықтарын қалдырып, жаңа өмірге қадам басқандай, жаңа өмірдің есігін ашқандай, тілектерінің орындалуын тілейді. Тәуелсіздік алаңында дәстүр бо-йынша биік сырғанақ қойылып, шыршаны айнала түрлі ертегі кейіпкерлері орын тепті. Келесі жыл Ит жылы болғандықтан, адамның нағыз сенімді серігі саналатын осы үй жануары басты тұғырға орнатылған. Аяз Ата мен Ақшақар алаңға ағылып келіп жатқан жұртшылықты құттықтап, суретке түсіп жүр. Түрлі маскалар киіп, мультфильмдер мен кинофильмдердегі шым-шытырық оқиғалардың кейіпкерлеріне жасанғандар да көпшіліктің көңілін көтеруде. Көкшетаулықтар мен қала қонақтарын облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтап, Жаңа жылда жақсылық, молшылық, табыс, амандық тіледі. Аяз Ата белгі берген сәтте, айнала сілтідей тына қалғандай болды. Ол келер жылдың белгісі Итке алтын кілтті табыс етті. Шыршаның шамдары жарқырай қалғанда, маңайдың бәрі жайнап кеткендей. Бенгаль оттары шашырап, кішігірім отшашулар аспанға атылып, бірін-бірі құттықтаған жандар мәре-сәре болысты. Шыршаны музыка әуенімен айнала жүрген ересектер мен балалар көңіл көтерді. Биыл Көкшетау қаласында осылай безендірілген шыршалар үш жерге қойылды. Оның бірі теміржол вокзалы жанында, енді бірі «Достар» мәдениет сарайы алдында. Осы шыршалардың да шамдары кеше жағылып, мерекенің басталғанын жария етті. Ал, біз Жаңа жыл баршамызды жарылқап, баянды да бақытты ғұмырымызды ұзақ қылсын деп тіледік. Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий