Әуенде – егемен елдің асқақ үні

«Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауының «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен гала-концерті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, «Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан!» ұранымен өтті. Қала бойынша биылғы байқауға 15000 адам қатысты. Байқау барысында үздік ұжымдар, жеке орындаушылар театрландырылған концерттік бағдарламасын ұсынып, сурет және сәндік-қолданбалы өнер иелері өзінің 1600 бұйымын көрмеге қойды. 

Қалыптасқан дәстүр бойынша халық шығармашылығы байқауын балабақша тәрбиеленушілері ашып, оған мектепке дейінгі 20 мекеме қатысты. Әсіресе, Көкшетау қаласындағы «Чайка», «Гагарин», «Айша», «Арман» балабақшалары ерекше көзге түсті. Олар көздің жауын алар костюмдерімен, мың бұралған биімен еліміздің тарихын айшықтады. Балабақшалар арасында ең жас қатысушы «Мерей» бөбекжайының тәрбиеленушісі Надия Әділова өзінің тәтті тілімен «Қошақаным» әнін орындап берді. №21 орта мектептің оқушылары патриоттық рухпен орындаған пролог және осы білім ошағы мен Мәлік Ғабдуллин атындағы №3, №7 орта мектептер оқушыларының Қазақстанға арнаған өлеңдері өте әсерлі шықты. Домбыра және аспапты ансамбльдердің шеберлігі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, «Таңдау» мектеп-гимназиясы, №17, №19, №4 орта мектептердің ансамбльдері көңілден шықты. Көкшетау қаласындағы дарынды балаларды тәрбиелейтін оқу-әдістемелік орталығының вокалды «Жұлдыздар» студиясы, заманауи би ансамблі «Хип-хоп» пен «Гүлдер» халық биі ансамбльдері ерекшеленді.
Денсаулық сақтау саласы мамандарының арасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің арнайы емханасының ұжымы өзінің концерттік бағдарламасымен ерекшеленді. №1 қалалық емхана ұжымы да патриоттық бағыттағы әндерімен көзге түсті. Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің мамандары да тәуелсіздік тақырыбындағы шығармаларды орындап, көрерменге әсер етті. «Ақмола жұлдыздары» байқауында банк саласының қызметкерлері де ерекшеленді. Олар «Қазақстанға махаббатын» танытып, «Көк туды желбірете» рухтандырып, «Атамекенді» аялауға шақырып, «Қазақ елімен» түйіндеді. Алғаш рет осы байқауға қатысып отырған құқықтық статистика мен арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Ақмола облысы бойынша басқармасы әдемі вокалымен көзге түсті. Сонымен қатар мамандандырылған «Күзет» қызметі басқармасы, облыстық ІІД мен Көкшетау қалалық ІІБ қызметкерлері де өзінің өнерден құр алақан емес екендігін көрсетті. Байқауда Ақмола облысының және Көкшетау қаласындағы Келісім сарайының этномәдени бірлестіктері де белсенділік танытты. Олар біріге отырып, хореографиялық, вокалдық, аспаптық нөмірлерімен ауқымды концерттік бағдарламасын ұсынды.
Байқау әр уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың да қабілет-қарымын танытуға жағдай жасап келеді. Бұл жолы Көкшетау қаласындағы құлағы нашар еститіндер клубының мүшелері 13 нөмір дайындап әкеліпті. Сонымен қатар зағип жандар да байқаудан тыс қалған жоқ. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Ақбұлақ-Родник» клубының аға буын өкілдерінің белсенділігі жастарға үлгі боларлық. Олар да бұл жолы тұғырдан таймай келе жатқанын дәлелдеді. Жоғары техникалық мектебінің ұжымы әзірлеген патриоттық рухтағы пролог бүгінгі тақырыпты аша түссе, «Арна» колледжінің орындауындағы «Қара жорға» биі жақсы қабылданды. Сондай-ақ, облыс орталығындағы №3 агротехникалық колледжі, құрылыс-техникалық колледжі, медициналық колледж, Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі өзінің бірегей бағдарламасымен ерекшеленді. Көкшетау техникалық институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің дайындаған бағдарламасы мазмұнға, мәнге толы болды. Бірінен бірі өтетін талант иелері тәуелсіз елдің асқақ үнін дауылдата жеткізіп жатты. «Көкшетау» мәдениет сарайының ұжымы байқауға келген қонақтарды сыртта қарсы алып, елімізді мекен еткен этностардың түрлі тағамдарын ұсынды. Байқау тағы да патриоттық сезімді білдіру мүмкіндігін туғызып, тарихымызға тағзым етудің қажеттігін тағы да еске салды. Гала-концертке Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса қатысты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс