Әуесқой триатлоншылар 

Жақында біздің редакциямызға «Iron City Kokshetau» клубының мүшелері келді. Бұл қоғамдық негізде құрылған ұйымға кіргендер салауатты өмір салтын ұстанып, денесін шынықтырып, спортпен шұғылданады. Оны есеп беру немесе мақтаныш үшін емес, өздерін сергек сезіну үшін жасайды екен. Ендігі ретте осы жандар туралы толығырақ әңгімелейік.

Жарты жылдың ішінде әуесқой спортшылар клубының мүшелерінің саны елуге жетіпті. Олардың қатарында тек көкшетаулықтар ғана емес, Астана, Орал қалаларының, тіпті Мәскеудің тұрғындары да бар.  Алғашқылардың бірі болып бастаманы көтерген Зауырбек Аяған. Көп баланың әкесі, кәсіпкер жігіт бос уақытын тиімді пайдаланады. «Бастапқыда марафонға қатысып, үлкен қашықтықтарды бағындырып жүргенмін. Кейін ол қызықсыз болып қалды. Содан кейін әуесқой триатлонды таңдадым. Айронменге қатысу үшін жай ғана ниеттің болуы жеткіліксіз, жарыс алдында күніне бес сағаттан жаттығуға тура келеді. Триатлонда жауапкершілік аса маңызды. Теориялық  білім мен жүйелі жұмыс та кешенді түрде іске асуы керек», – дейді Зауырбек.

Команда мүшелерінің айтуынша, еріншектігіңе қарсы күресу қиынның қиыны. Мұнда әр қадам қиындықтан тұрады, оған төтеп бере алғанда ғана жеңіске жетесің.

20 әуесқой триатлоншы 20 мамырда Астана қаласында әлем Кубогы сарапқа салынған жарысқа қатысыпты. Оған дүние жүзінен жалпы 145 спортшы келіпті. Нәтижесінде жекелей сыннан сүрінбей өткен клуб мүшесі Дмитрий Либер (Смуров) ересектер арасындағы сайыста 1-ші орынды жеңіп алыпты. Бұл жігіт 2 минут 4 секунд уақытта 750 метр жүзуден, 40 км велосипедпен және 10 км жүгіруден алдына жан салмапты. Көкшетаулықтар үшін бұл бірінші жеңіс емес. Спорттық карьерасын тастамас бұрын Дмитрий 15 жыл триатлоннан Қазақстан Республикасының құрамасында өнер көрсеткен. Ол Қазақстан чемпионы ғана емес, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеке және командалық сайысының алтын медаль иегері. Қазір Дмитрий Либер (Смуров) Сергей Пихидькомен бірге «Iron City Kokshetau» клубының жетекшілері. Күн сайын ол клуб мүшелеріне жаттығу сабақтарын жібереді, олар оны міндетті түрде орындауы тиіс. Команда желтоқсан айынан бері жүзуден – 80, велосипедпен – 55, жүгіруден – 120  жаттығу жасапты. Жалпы алғанда 400 сағат. Темір адамға айналу үшін тынымсыз қимылға екі жылың кетеді дейді жаттықтырушы.

Командада Дмитрий Смуровтан басқа «IRONMAN» титулының үш иегері бар. Олар Зауырбек Аяған (Барселона, 2016) мен Алмас Жапабаев (Малайзия, 2017). «Әр кубок 3 мыңнан астам қатысушының басын қосады. Бұл кәдімгі шоу сияқты. Суық суға енген кезде бастапқыда жүрегің тоқтап қалатындай көрінеді.Кешегі жарыстарға менің жұбайым Әсемгүл де қатысты. Бұрын, тіпті жүзе де алмайтын. Ешімге бәрімен бірге секіріп, 750 метрді жүзіп өткенде қатты таң қалдым. Адамның мүмкіндігі шектеусіз екеніне көзім жетті. Жұбайым қазір бәріміздің дұрыс тамақтануымызды қадағалап жүр. Енді біздің отбасылық өмірімізде спорт пайда болды», – дейді Алмас Жапабаев. Мысалы, Зауырбектің өзі 250 км Сахара шөлін 24 сағаттың ішінде жүгіріп өткен. Бұл да адамның ерік-жігеріне байланысты.

Жалпы, триатлон түрлі дертке дауа. Клуб мүшесі Жәмшит Берікұлы демікпе ауруынан айығып келеді. Ол осымен үшінші марафонын жүгіріп өтті. Жігіттердің көпшілігі артық салмақтан арылып, өзін сергек сезіне бастады.

Бүгінгі күні  «Iron City Kokshetau» клубына мүше болып енуге ниет еткен жандар қатары өсіп келеді. Жаттығу алаңына бара қалсаңыз облыстың триатлон федерациясының президенті Сандыбек Хасеновті, «Оқжетпес» футбол клубының президенті Ерлан Бөтембаевты, Азия ММА ассоциациясының президенті Асылбек Дүйсеновті, банк директорларын, тіпті көлік жөндеу шеберлерін, механиктерді, бала күтіміндегі әйелдерді кездестіресіз. Бұл жандардың бәрін бір ғана мақсат – Көкшетау қаласын темір жандар шаһарына айналдыру мақсаты біріктіріп отыр. Олар қорқыныштарын жойып, жеңіске деген жігерін жанып келеді.

Жақында ғана әуесқой триатлоншылар жыл сайын өтетін «BI Marathon» қайырымдылық марафонына қатысты. Ал, шілде айының басында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «BI GROUP IRONMEN 70.3» жарысына қатысуға дайындалып жатыр. Оған әлемнің 40 елінен 1500 әуесқой спортшы келеді деп күтілуде. Олар алдымен Ешім өзенінде 1,9 км қашықтықты жүзіп, әрі қарай велокезеңді бағындырып, кейін 21,1 км жүгірісті өтпек. Атлеттер өз күшін сарапқа салып қана қоймай, Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына жолдама ұтып алады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий