Өжет десантшы

Мөлдір аспанымызды бұлт қаптатып, шаттық әнімізді қайғылы үнге, нұрлы күнімізді қара түнге айналдырмақ болған фашистік Германияның Кеңес Одағына опасыздықпен жасаған шабуылы жеңіліске ұшырады. Ел басына күн туған сол шақта ер-азаматтар майданға аттанып, туған отанын жаудан қорғау үшін жан аянбай соғысты. Бүгінгі Жеңіс күні боздақтардың рухына бас ие отырып, олардың елі, жері үшін жасаған ерліктерін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету – біздің парызымыз. Кір жуып, кіндік кескен жері үшін, аялап, әлпештеп өсірген елі үшін, жанған отқа түсіп, жалын кешкен ер-азаматтар жас ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталады. Олар тарихта өшпес із қалдырды. Бүгінгі күні осындай ерлеріміздің өмірбаяндарына үңілсек, тұтас бір шежіредей. Мен, соғыс ардагері Ерғали Мұқатұлының немересімін. Қандай да бір тарихи оқиғаның ұлылығы уақытпен өлшенеді. Жыл өткен сайын, бұл Жеңіске жету кеңес елдері халқына қаншалықты қиын болғанын түсінесің.

Ерғали атам 1925 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Арықбалық ауданының Мәдениет ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң бір жылдай колхозда еңбек еткен. Небәрі он жеті жасында, яғни 1943 жылдың ақпан айында әскер қатарына шақырылып, офицерлер училищесінде оқыған. Жарты жыл өткен соң, Мәскеу түбіндегі Фрязино қаласындағы 3-ші әуе-гвардиялық десанттық дивизиясына қабылданады. Онда жас солдаттарды қорғаныс шебінің артқы бөлігіне дәрігерлерді тасымалдауға дайындайды. Орайы келгенде жас жауынгер Ерғали парашютпен аэростаттан, кейін ұшақтан секіруге машықтанды. Тура төрт ай өткен соң ол Орлов-Курск доғасына жіберіледі. 1943 жылғы қыркүйек айының соңында-ақ десанттар Днепр өзенінің оң жағалауына жетеді. Қыркүйектің қараңғы түнінде аспанда ақ парашюттар жайылды. Немістер біздің десанттарды жерге жеткізбей әуеде зымырандармен оқ жаудырып қарсы алды. Дәл сол сәтте аяғына жау оғы тиген досына құтқару шараларын жасап, жерге сәтті қонған соң парашюттерін тығып тастайды. Ұрыстың нәтижесінде Днепр өзеніне шығып, Украина майданының жауға соққы беруіне жағдай туғызуына тырысқанымен бұл шайқас үш күн емес, үш айға жалғасты. Жас жауынгерлер кескілескен ұрыста, жау танкілерін қиратып, тұтқынға бірнеше тіл алып келді. Тек желтоқсан айында ғана өз әскерлеріне қосылды. Менің атам өзінің гвардиялық бригадасымен Венгрияға дейін барған екен.
Соғыс аяқталуға жақын еді. «Жеңіс» деген сөз барлық қалалар мен ауылдарға жаңғырық боп тарап жатты. Сол кезде атамды Тула қаласындағы шеру-десанттық полкқа Жеңіс парадына дайындалуға жіберді. Атам өзінің өмірінде алғаш рет Қызыл алаңда бірінші тарихи шеруге қатысқанын тебіреніп еске алатын. Кейін бейбіт күндер туғанда атам ерекше шақыртулар бойынша он жеті іс-шараға құрметті қатысушы ретінде барды. Ол ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерен ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ал, 2013 жылы атама Москва қаласы мэрінің медалі берілді. Гвардия сержанты Ерғали Мұқатов 1949 жылы әскер қатарынан босап, өз отанына омырауы толы ордендер және медальдармен оралды. Әуелі қаржы-сауда техникумында оқып, соңынан Новосибирск сауда институтын аяқтаған. Көкшетау қаласындағы сауда саласындағы қызметін қарапайым ревизордан бастап, облыстық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасарына дейін көтерілген. Атам өзіне лайықты да сұлу өмірлік жар таңдай білді. Әжем Гүлзейнеп Әділбекқызы да – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Ерлігі үшін бірнеше наградалармен марапатталған.
Әскери досы Николай Семенович Дедовпен дастархан басында кездескен кезде соғыс жылдары жайлы айтқан естелік әңгімелері менің де есімде. Сондағы бір аңғарғаным бір окопта жатқан әр ұлттың өкілдері бір ата-ананың баласындай бауырмалдық танытып, қиын-қыс-тау сәтте бір-біріне қол ұшын соза білген. Оны атамның Николай Семеновичпен көп жылғы достық қарым-қатынасы айғақтай түскендей. Жалпы, менің атам мен әжем бақытты жандар. Алты баласының үшеуі әке жолын қуып, екеуі білім саласында абыройлы қызмет атқарса, біреуі Қарағанды медициналық институтын бітірген. Атамның Жанна, Диана, Руслан және мен – Дамир есімді төрт немересі бармыз. Міне, отбасымыздың тарихында сұрапыл соғыс осындай із қалдырды. Осындай қиыншылықтарды бастарынан өткізгеніне қарамастан атам мен әжемнің майданнан аман-есен оралғандарына ұрпақтары шүкірлік айтады. Соғыс өрті қаншама адамды ажал құштырып, балаларды жетім, аналарды ерлерінен айырып, жесір қалдырды. Соғыс қаншама адам тағдырын қиратып, жүректерге жара салды. Ел үшін, жері үшін жаумен соғысқан ер-азаматтарымыздың есімі ұрпақтар жүрегінен мәңгі өшпейді.

Дамир МҰҚАТОВ,
Қарағанды медициналық институтының 1 курс студенті, немересі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс