Өзара түсіністік болсын

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловтың төрағалығымен қалалық әкімшілік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысы болып өтті. Онда «Көкшетау қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы Б.Темірболаттың «Көкшетау қаласы бойынша діни жағдай және жасалған жұмыстар», қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Жүсіповтің «Орта білім беру орындарында оқитын оқушылардың хиджап кию мәселесі», ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы С.Қуаныштың «Жалған діни ағымдардың алдын алу бойынша Көкшетау қаласы мешіттерінің атқарған жұмыстары туралы», Конфессия аралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының ақпараттық-насихат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Мұратовтың «Ақпараттық- насихат тобының 2019 жылда атқарған жұмыстары» деген тақырыптарда жасаған баяндамалары тыңдалды.
Әр баяндама талқыланып, баяндамашыларға сұрақтар қойылып, пікірлер сараланды. Өйткені, әр мәселенің артында адам тағдыры, сырт көзге елеусіз көрінер маңызды түйткілдер тұр. Білімсіздіктің, кейде немқұрайлылықтың салдарынан басқа, жат ағымдар жетегінде кеткен жастарымыз жоқ емес. Олармен ашық сөйлесіп, ата дінге оралту үшін білімді мамандар қажет. Олардың тапшы екені рас. Өзге ағымда екендіктерін жасырып, қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрыпқа қарсылықтарын басқаға бұратындар кездеседі. Мектеп формасын сақтауға арналған заңдарда да кемшіліктер бар. Мысалы, бас киім туралы анық көрсетілмеген. Орамал тартудың үлгілері анықталмаған. Юбка ұзындығы туралы да пікірталас туындауда. Демек, оның да айқындалуы тиіс. Қарсылар осындай тұстарды пайдалануға тырысады. Балаларға екпе салдырмауға, «Өзін-өзі тану» сабағына қатыспауға ұмтылушылар жолығады.
Кеңесті қорытындылаған қала басшысы А.Смайылов дін басшылары мен қоғам белсенділерін ел тыныштығы үшін өзара түсіністікте жұмыс жасап, жастарды жат ағымдар ықпалынан қорғауға, ізгілікті тізеқоса насихаттауға шақырды. Қазан айын-да болатын діни келісім күніне дайындықпен келіп, мазмұнды шаралар өткізуді тапсырды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий