Өзгелерге үлгі болған

Халықаралық отбасы күні Неке сарайына түрлі салада адал еңбек етіп жүрген отбасылар шақырылды. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсенбаев салтанатты шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, жүрекжарды ақ тілегін жеткізді.

Шәкеевтер отбасының шаңырақ көтергендеріне биыл – 42 жыл. Отбасының ұйытқысы Маратбек Есетұлы қазіргі таңда зейнетке шығып, жары Валентина Ғазизқызымен бақытты ғұмыр кешуде. Екі баланы өсіріп-өндірген олар бүгінгі таңда 6 немеренің ата-әжесі. Жәмшитовтар шаңырағында да биыл үлкен мереке. Осыдан 40 жыл бұрын отау құрған Болатбек Мулинұлы мен жары Гүлназ Егінбайқызы 3 бала тәрбиелеп, алты немере сүйіп отыр. Отағасы «Гормолзавод» кәсіпорнында инженер-бас энергетик. Зайыбы Гүлназ Егінбайқызы – №17 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі.
Темірболат Теңізбайұлы ӨСБ-15 мекемесінде ұста-теміржолшы қызметін атқарады. Жұбайы Бибігүл Сайранқызымен шаңырақ көтерген 25 жылдық мерейтойын атап өтсе, Базаровтар отбасы да үлгілі отбасылардың бірі. Әулеттің негізін қалаушы Тұрлығожа Бейназарұлы көп жылдар бойы мәдениет саласында қызмет еткен. Жұбайы Бақыт Дөненбекқызы Ақмола облыстық халық аспаптар оркестрінің жетекшісі. Ұл-қыздары ата-аналарының жолын жалғап, бірі пианинода, бірі домбырада ойнайды. Пермяковтар отбасындағы Анатолий Андрианович бокстан Ақмола облысының бұрынғы аға жаттықтырушысы. Өңір намысын қорғау мақсатында республикалық жарыстарға қатысқан. Соңынан ерген ұлдары мен немерелері де бокстан алыс кетпеген. Өңірімізде үлгілі отбасы қатарына кірген Аразовтар отбасы 35 жыл некеде. Осы орайда үш баланың ата-анасы балаларының қазақ мектебін бітіргендерін атап кетті. Қазіргі таңда отбасы шағын кәсіппен айналысады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Халықаралық отбасы күніне орай үлгілі отбасылар Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Кеш қонақтарына әсем ән-шашу тарту етілді.

Айғаным АСЫҒАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий