Өзекті мәселелер шешілуімен құнды

Көкшетауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бастаған облыс билігі азаматтарды қабылдау күнін өткізді. «Ашық әкімдік» форматындағы азаматтарды қабылдау осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Ашық есік күні жергілікті билікке сауал қоюға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Қабылдауға облыстың әр ауданынан 200-ден астам тұрғын келді. Оның 63-і тікелей облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа жолығып, сауалын қойды. Өңір басшысы жұртшылық тарапынан тұрғын үй, әлеуметтік көмек төңірегінде көтерілген түйінді түйткілдерін қаперге алып, тұрғындардың талап-тілектерін ретіне қарай шешу мәселесін тиісті орындарға жүктеді. Келгендердің көбі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жер қатынастары басқармасы өкілдеріне жолығу үшін кезекке тұрды. Облыс басшысымен қатар оның орынбасарлары, барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Бірқатар азаматтар өңір басшысына баспана, жол, ПИК-тердің жұмысы, жер кезегі және тұрғын үй көмегі мәселелерімен жолықты. Мәселен, Аршалы ауданына қарасты Қостомар ауылының тұрғыны Локтер Макешев электр жарығының жоқтығын айта келіпті. Өңір басшысы бұл мәселеден құлағдар екенін айтып, оны шешу жолдарын қарастыруды өзінің орынбасары Асқар Мұратұлы мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Иван Юрченкоға тапсырды. Зеренді ауданы, Игілік ауылының тумасы Нұрахмет Уәлиев Кенесары мен Игілік ауылы арасындағы жол мәселесімен келген. Аймақ басшысы бұл мәселені шешуге атсалысатынын айтты. Қабылдау күні қала әкіміне 70-тен аса адам жазылды. Келушілер әртүрлі мәселені алға тартты. Білім және денсаулық саласына қатысты мәселелерді алға тартқан Көкшетау қаласының тұрғыны Анар Жәкенованың өтінішіне сала басшылары нақты жауап қайтарды. «Бейбітшілік шағын ауданы тұрғындарының атынан автобус мәселесімен келіп отырмын. Осы ауданда 162 бала №18 орта мектепке жаяу қатынап оқиды. Қыстың аязды күндері 2-3 шақырым жаяу жүру балаларға, тіпті қиын. Оның үстіне қысқы уақытта екінші ауысымда оқитын оқушыларға қараңғы көшелерде жүріп-тұрудың өзі қауіпті болып барады. Осы мәселе үш жылдан бері бірнеше мәрте көтерілді. Бұл жаққа жеңіл автомобиль, жедел жәрдем көліктері жүреді. Бірақ автобус жіберілмейтіні еш түсініксіз. Жергілікті биліктен осы мәселенің тез арада шешім табуын сұраймыз», – деп тұрғындар өтінішін алға тартқан Баялы Құсайыновқа Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов аталмыш проблеманың назардан тыс қалмайтынын, шешімін табатынын айтты. Қабылдауға тек проблемалармен емес, жақсы идеялармен келгендер көп болды. Айталық, ардагер ұстаз Людмила Бирюкова Станционный кентіне мәдениет үйі, емхана ашуды ұсынды. Ал, Владимир Калашниковтың алдағы мақсаты – ит жүгірту спортын жастардың арасында кеңінен насихаттау. Қазақы тазыларды өсірумен айналысатын Владимир Калашников өзінің бизнес-жобасының мемлекеттік бағдарламаға енгізілгенін әрі облыс әкімі тарапынан қолдау тауып отырғанын айта келе, болашақта балалар спорттық-сауықтыру орталығын салуды ұсынды.
Тұрғындар жергілікті атқарушы билік өкілдерінің халық үніне құлақ асып қана қоймай, арыз-шағымы мен талаптарының орындалуынан үмітті. Қала тұрғыны Сабыр Ермұхановтың айтуынша, аймақ басшысы билікке қойылатын сұрақтарды осылай алдын ала азайтып, халықтың тыныс-тіршілігін біле алады: – Бұл өте дұрыс. Біріншіден, есеп беру жиынына кей адамдар бара алмайды. Екіншіден, әкімнің қарамағындағы қызметкерлері халықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді алдын ала талдап, олар жайлы айқын білетін болады. Өңірде жергілікті атқарушы органдар тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуда. Қазіргі күні «Facebook» пен «Instagram» әлеуметтік желілерінде барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық басқарма жетекшілерінің жеке парақшалары бар. Яғни, әрбір желі қолданушы қабылдауға жазылмай-ақ желі арқылы сауалын қойып, ұсыныс білдіре алады.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий