Өзімізге де абырой ғой!

Көктем мезгілі келіп, күн ұзарып, кең дала жаңарады. Жылғалардан су ағып, құстар жылы жақтан қайтып келеді. Жер беті кеуіп, жаңаша реңге бөленеді. Сонымен қатар қыс бойы жатып қалған қоқыстар сыртқа шығып, қала келбетін бұзады. Осы орайда, қала тұрғындарына айтарым, ару шаһарымыздың таза да көрікті болуына баршамыз үлес қосайық. Әсіресе, қоғамдық жерлерге, тұрғындар демалатын саябақтарға, балалар алаңқайларына көңіл бөлу керек. Әрбір адам тазалық сақтауды өзінен бастағаны жөн. Сондықтан алдымен өз ауласын жинап, оны абаттандырып, ретке келтірсе, бұл қала тазалығына қосқан үлесі болатындығы хақ. Біздің М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұжымы осындай жақсы бастамаларды қолдап, қалалық сенбіліктерге, тазалық бейсенбіліктеріне бір адамдай қатысуда. Кітапхана ауласын көркейтіп, әрдайым тазалықта ұстап отырамыз. Сенбілік демекші, мұндай ауқымды шараларды  науқаншылдыққа айналдырмай, түпкілікті нәтиже беретіндей етіп өткізген жөн. Ол үшін алдымен атқарылатын жұмыс көлемін нақтылау керек. Атап айтқанда, ағаштарды әктеу, бекітілген территорияны тазарту, күл-қоқысты тасып-төгу. Мұның бәрі жылда істелетін үйреншікті шаруа болғанымен, бюджеттік мекемелердің бәрінің бірдей күші жете бермейді. Сондықтан қиын учаскелерді техникасы бар кәсіпорындарға бөлген жөн болар. Осындай ізгілікті шарадан тыс қалмай, азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз. Себебі, тазалық – денсаулық кепілі.

Жадыра ӘУБӘКІРОВА,
М. Жұмабаев атындағы
Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми
кітапханасының кітапханаларды
дамыту бөлімінің әдіскері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс