Өз балаңа үлгі бол!

«Өз балаңа үлгі бол» деген тақырыппен білікті ұстаз, іскер басшы Гүлнар Әбдіқасымова жетекшілік ететін №2 орта мектептің 1 сыныбына баратын оқушылардың ата-аналарына психологиялық-педагогтік көмек ретінде республикалық конференция болды. Мектеп табалдырығын аттау баланың өмірін айтарлықтай өзгертеді. Осыған орай баланы жаңа жағдайға бейімдеу үшін қандай көмек керек. Конференцияда осы мәселелер жан-жақты талқыланып, отбасылық тәрбие жөніндегі психологтар ата-аналармен тренингтер жүргізді.

Жиында алдымен бірінші сынып оқушысының эмоционалдық жай-күйінің психологиялық аспектілері таныстырылып, өзіне деген сенімділікті арттыруға және үйренбеген жағдайға бейімделуге бағытталған бірнеше арнайы жаттығулар көрсетілді. Жаңа оқу жылы ата-ана үшін де, бала үшін де жауапты кез. Ал, баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналар бұл кезде екі есе қобалжиды. Өйткені, баласының психологиялық тұрғыдан мектепке баруға дайын не дайын еместігін ескере бермейді. Балабақшадағыдай емес, енді мектеп қабырғасында біршама өзгерістер болады, ұстаз тәрбиесін сезінеді. Бұрынғы еркіндігінен айырылып, уақыты шектеледі. Қазіргі балалардың «сана-сезімі ерте жетіліп-дамиды» деген түсінік болғанымен мұндай өзгерістерді олар бірден қабылдай алмайды. Сол себепті үлкендерді де міндетті түрде психологиялық дайындықтан өткізген дұрыс. Ата-ананың бастапқы кезде мектепке бірге келуі баланың бойындағы қорқынышын басады. Бұл – психолог Юлия Сарсекееваның пікірі. Сөз жоқ, орынды ұсыныс. Шара барысында отбасылық тәрбиелеу институтының тапсырысы бойынша арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Институт мамандары әзірлеген құнды кеңестер жазылған жадынамалар таратылды. Баспа материалында тек кеңес-тер ғана емес, сонымен қатар әрбір балаға мектептегі бейімделу кезеңін жеңе білуге көмектесетін және мектепке жаңа барған оқушының өзін бағалауын көтеруге көмектесетін практикалық техникалар мен әдістемелер жинақталған. Отбасылық тәрбиелеу институтының өкілі Лилия Орлованың айтуынша, бұрынғы мен қазіргі мұғалімді салыстыруға болмайды. Уақыт өткен са-йын қоғам ғана дамып қоймай, адамдар да өзгерді. Қазір ақпарат көп. Ата-аналар түрлі әдебиеттерді оқу арқылы өздерін жетілдіріп отыруы тиіс. Үйдің іргетасы мықты қаланса берік болатыны секілді, баланың білім алуына осы кезден жағдай жасау болашағын жарқын етеді. Тек дайындықты материалдық тұрғыдан емес, рухани жағына берік етуді бірінші кезекке қою қажет. Ата-аналар психолог мамандар мен тәжірибелі педогогтардың ақыл-кеңесін тыңдады. Әсіресе, балалармен жұмыс жүргізуде неге көңіл бөліп, неден тартыну қажеттігі әңгіменің өзегіне айналды. Бұл орайда Үміт Таңдаева есімді ана былай деді: «Шыны керек, қазіргі уақытта ата-ана мен бала арасындағы қатынас күрделеніп барады. Бүгінгі буынның қызығушылығы да өзгерген. Сондықтан, бұл жерде арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет. Бүгінгі конференцияда әр ата-ана өздеріне мол мағлұмат алды деп ойлаймын».

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс