Өз жерімізде дем ал!

Пандемияның арыны баяуламай тұрып демалыс орындарына бару туралы айту артықтау болып көрінуі мүмкін, әрине. Дегенмен, еліміздегі және шетелдегі демалыс орындары, туристік нысандар карантин жағдайына бейімделгенін, жұмыс істеуді бастағанын, халықаралық рейстер ашылып жатқанын ескерсек, жазғы демалысын жоспарлап жүргендердің қатары аз болмасы анық. Осыған орай, Freedom Finance Life компаниясы қазақстандықтар үшін курорттарға барудың құны қаншаға түсетіні туралы хабарлады. Былтыр ел азаматтары шетелге 8,2 млн мәрте шығыпты. Ел ішіндегі курорттарға барғандардың саны біршама аздау – 5 млн шамасында. Соның өзінде 5 млн-дық меже бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш екен. Коронавирус пандемиясы салдарына байланысты биылғы жағдай басқаша. Шекараның жабылуына, ел ішіндегі қатынастардың тоқтауына байланысты алғашқы жартыжылдықта саяхаттайтындардың қатары күрт азайды. Көптеген жерлестеріміз көктемге жоспарланған отандық және шетелдік турлардан бас тартты.
Шекара ашылғаннан кейін де билет сатып алуға ұмтылғандар шамалы. Көпшілігі қауіпсіздік мақсатында саяхаттан бас тартты, ал кейбір адамдар мүлде табыссыз қалды. Бұл жағдайда, қазақстандықтардың көпшілігі ішкі туризмді жөн санайды. – Әлбетте, көптеген туристік фирмалар жол жүру, тамақтану және күнелту құнын көтеруді әзірше тоқтата тұруды жөн санап отыр. Соның арқасында туристерге жағымды жағдай туғызуды көздейді. Алайда, кейбір жерлерде баға шамамен 10 пайыздай көтерілді, – деп хабарлады Freedom Finance Life. Сонымен, еліміздегі ең әйгілі туристік бағыттарда демалу орта есеппен 14 мың теңге. Мысалы, Алакөлде демалу үшін тәулігіне 9-10 мың теңге төлеу керек. Зеренді мен Бурабайдағы бағалар да соған ұқсас. Ал, сауықтыру кешендеріндегі баға одан жоғарылау. Айталық, Шығыс Қазақстандағы марал шаруашылығындағы баға тәулігіне 22-32 мың теңге аралығында.
2018-2019 жылдары шетелдік бағыттардың ішінде ең танымалы Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд, Грекия, Болгария, Чехия және Қытай болды. Былтырдан бері халықтың талғамы өзгеріп кете қоймағаны тағы рас. Шетелде демалуды қалайтын туристердің 85 пайызы осы елдерді таңдағаны осыны көрсетеді. Сондай-ақ, Грузия, Мальдив аралдары мен Шри-Ланка да жерлестеріміз көп таңдаған бағыттардың қатарына қосылыпты.
Freedom Finance Life-тың хабарлауынша, Түркияның курорттық аймақтарында 1 апта демалу құны орта есеппен 350 мың теңгеге түссе, Мысырға бару үшін 260 мың теңге керек. Тайландта 8 күн демалу – 290 мың теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 350 мың теңге, Грузияда 250 мың теңге тұрады. Мальдив аралдарына 6 күнге барудың құны 400 мың теңге болса, Шри-Ланкаға бару үшін кемінде 350 мың теңге керек. Бұл сомаға ұшақ билеті мен орташа қонақүйде тұру кіретінін айта кетейік.
Былтыр Қазақстанда шетелдегі туристерді міндетті медициналық сақтандыру тәртібі енгізілді. Атап айтқанда, туроператорлар әр туристі сақтандыратын болған. Оған қоса, сақтандыру компаниялары да қосымша сақтандыру қызметін ұсынады. Өкінішке қарай, сақтандыру компанияларының көбісі туристерге COVID-19 пандемиясына қатысты келеңсіздіктерден сақтандыру қызметін көрсетпейді.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий