Өз кәсібін ашуға ниеттенгендер

«Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде кәсіпкерлік саласы кең өріс алғаны белгілі. Осы бағдарлама арқылы өз кәсібін ашып, сүйікті ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Жақында «Даму» қорының Ақмола облысы бойынша аймақтық филиалы өңірдегі мемлекеттік және жеке бағдарламалардың қолдауын сезініп, өрісін кеңейтіп отырған бірқатар кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды.

Ақмола облысында мемлекеттік қолдау бағдарламалары жұмыс істегелі 44,3 миллиард теңгенің 412 жобасы қаржыландырылған. «Кәсіпкерлер белгілі бір кәсіп ашу үшін екінші деңгейлі банктер арқылы «Даму» қорының бастапқы кәсіпкерлерге 85 пайызға дейін, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін кепілдік беру мүмкіндігі бар»,–дейді «Даму» қорының бас менеджері Ерболат Едігеев. Белгілі бір кәсіппен айналысып, нәсібін сол істен тауып отырған жандарды көргенде іштей риза боласың. Мұндай азаматтардың саны қазір аз емес. Олардың қатарында ел экономикасын көтеріп, әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп жүрген қыз-келіншектер де бар. Осы арқылы өздерінің де отбасын асырап, өзгелердің де еңбекпен қамтылуына мүмкіндік туғызып отыр. Осындай адамдардың қам-қарекеті мен тіршілігіне қарап қызығатындар көп. Сондықтан, екінің бірінің тісі батпайтын істің қиюын келтіріп, шаруасын дөңгеленткен жандарды қалай мақтасақ та жарасады. Бағдарламалардың игілігін пайдалана білген жеке кәсіпкер Манар Әубәкірова Көкшетау қаласында «Болашақ» балабақшасын ашса, ақкөлдік Галина Егорова қала орталығында шағын қонақ үй тұрғызып, кәсіптерін кеңейтуде. Жеке кәсіпкер маржан Кәрімова Макинск қаласында нан-тоқаш өнімдерін өндірумен айналысады. «Бизнестің жол кратасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасының бірінші бағытында кәсіпорын кепілзаты қамтамасыз ету бөлігінде кепілдендіру түрінде қолдау алды. 15 000 000 теңге мөлшерінде алған несие қаражатына нан-тоқаш өнімдерін өндіру үшін жабдықтар сатып алынды. Щучинск қаласындағы «Жасыл Ел-Group» серіктестігі мемлекеттік бағдарлама қолдауының арқасында табиғи гүлзарларды өсіру жұмыстарын мықтап қолға алған. Жобаның жалпы құны 80 миллион теңгені құрайды. Оның 20 миллионын кәсіп иесі «Даму» қорының субсидияландыруы арқасында алған. Кәсіпкер бұл қаражатқа қажетті техникалар алып, су құбырын өткізген, суарудың автоматтық жүйесін орнатып, тұқым мен тыңайтқышты сатып алған. Бүгінгі таңда кәсіпорын 35 гектар жерді игеріп үлгерді. Ұжымда 18 адам жұмыс істейді. Көп өтініштер «Экспо 2017» көрмесін табиғи газонмен қаматамасыз ету мақсатында келіп түсіп жатқан көрінеді. «Жақын маңдағы облыстарда осындай орындар жоқтың қасы ғой. Көгалдандырумен айналысатындардың басым бөлігі мұндай өнімдерді өзге өңірлерден тасиды. Сол себепті біз осы жобаны жүзеге асыруды мақсат еттік. Ақмола облысында жерсініп, бастау алғаны дұрыс»,–дейді «Жасыл Ел-Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Асылбеков. Кәсіпкер алдағы уақытта гүлзарлы көгалдан өзге, болашақта шырша, қайың сынды өсімдік атаулының түр-түрін өсіруді жоспарлайды. Ал, осы қаланың тұрғыны Біләл Думанұлы «Даму» қоры арқылы 35 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізген. Кәсіпкер бұл қаражатқа балалар кафесі мен ойын-сауық орталығының ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті жабдықтар сатып алған. –Қазір қолға алған ісіміз алға басып келе жатыр. Мол пайда табуға болады. Сондықтан, бастаған ісім жоспарлағандай болып жатса, кәсібімнің ауқымын кеңейту ойымда бар. Үкімет тарапынан осындай қолдау-көмек барда, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Тек, оны тиімді пайдаланып, аянбай еңбек ету керек, сонда ғана ырыздығымыз мол болады, – дейді ол. «Даму» қоры өкілдерінің айтуынша, мұндай іссапарлар кәсіпкерлікке қолдау танытып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айшықтай түседі. Жалпы, осы салада білім мен тәжірибені ақшаға айналдырып, табысқа кенелгендер ешқашан ақшаның соңына түспеуді, керісінше, ол сені іздеп табатындай кәсіп қылу қажеттігін айтады. Сонда ғана ойға алғандар орындалып, мақсат-армандарға жетуге болатынын, ол үшін алдымен білім мен еңбектенудің маңызды екенін алға тартады. Әрине, бұл бірінші кезекте көп уақытты, ізденіс пен мол тәжірибені және сабырлылықты қажет етеді. Десек те адам баласының алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі болмайтынын ескерсек, оған жету мүмкіндіктері өте үлкен. Бүгінде оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс