Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін

Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен – білектің күшімен қорғап қалған және бізге мұра етіп қалдырған жерімізді көркейтіп, жетілдірудің ең басты жолы ана тілімізді бар әлемге таныту десем қателеспеймін. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде көптеген даму стратегиялары белгіленіп, оны жүзеге асырудың басымдықтары мен жолдарын Ұлт Көшбасшымыз жыл сайынғы Жолдауында дүйім жұртқа мәлімдеп отырды. Осындай басты нысананың бірі – мемлекеттік тіліміздің даму үрдісін ілгерілету, мерейін асқақтата, толыққанды өз қызметін атқара алатын, еркін өмір сүре алатын жанды жүйені орнықтыру. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы бойтұмардай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырған ана тіліміздің тұнықтай мөлдір тазалығын сақтап, түркі тілдерінің ішіндегі еш қаймағы бұзылмаған даралығын мақтан ету – басты парыз.

Еркін ИСІМБАЕВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Ақмола облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты

Туған тілдің абыройын асқақтату – әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз ұлттық мәдениет пен тіліміздің еншісінде. Тәуелсіз елдің келешегі жас ұрпақты парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарында. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – әрбiр азаматтың парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; азаматтардың оны еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн түрлі көмек көрсету қажет.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күн талабы екендігі баршаңызға белгілі. Ендігі мақсат – тәуелсіз мемлекетіміздің қоғам өмірінің барлық саласында қазақ тілін кеңінен қамтамасыз ету. Өйткені, тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл. Ол – қасиетті де қастерлі. Оның бойында жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Енді осы мұрамызды ары қарай келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу бүгінгі ұрпақтың парызы болмақ. Ендеше, тілімізді шұбарламай, қайта оны терең меңгеріп, құрметтейік. Сонда бізге шешімі жоқ амал, алынбайтын қамал болмайды. Ия, қазақ ұлтының қадір-қасиетін білгің келсе, Абайды оқы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, т.б. ғұламалардың шығармаларын парақта. «Тілі жоғалған елдің түбінде өзі де жоғалады», – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ана тіліміздің мәртебесін көтеруді әрбір қазақ шаңырағы өз отбасынан бастауы керек. Әр ана мен әке өз баласының қазақ ұлтының салт-дәстүрлерін бойларына сіңіріп, отансүйгіш сезім қалыптастыруға міндетті. Демек, нағыз азамат, нағыз қазақ отбасынан алған ең бірінші тәрбиенің жемісін, игілігін мақтан тұтуға тиіс. Сондықтан, еліміз бен жеріміздің ертеңгі иесі – отаншыл, білімді ұрпақты тәрбиелеп өсіру – бас-ты парыз. Жоғарыда аталғандай бүгінгі таңда білім беруде Үкіметіміздің үш тұғырлы тілді пайдалануын мен де заманның талабы деп ойлаймын. Жалпы, жас балалардың 3 жастан 6 жасқа дейінгі кезеңдерінде қабілеттерінде шек жоқ. Бұл, әрине, бірінші бетте біреуге жағымды біреуге жағымсыз болатыны айдан-анық. Өмірде қанша тұлға соншама түсінік. Жаңалықтарды да әр тұлға әртүрлі қабылдайды. Адам баласы қанша тіл білсе сол адамның ой өрісі, сана сезімі кеңейіп, адам баласы өршіл болады. Өмірден түйгеніміздей, барлық ұлы адамдар бірнеше тіл білген. Бұл өзгерістерден ата-аналар бекер үрейленіп байбалам салуы артық деп ойлаймын. Қазіргі әр тұлғаға бір диплом және бір-екі тіл ғана білу қанағатсыздық етеді. Бүгінде заман өзгерді, бүгінгі өсіп келе жатқан бүлдіршіндер біздің ертеңгі болашақтарымыз. Анығын айту керек, өткен өмірге оралсақ, орыс тілін білмейінше болашақтарың болмайды, – деп бізді ата-аналарымыз орыс мектептеріне сүйреген еді ғой. Шынымды айтайын одан ұтылған жоқпыз. Сол сияқты бүгінде жер әлемнің жартысына тараған ағылшын тілін білудің пайдасы одан да зор. Сондықтан да бүгінде басталғалы тұрған игі жақсылық істер болашақта жемісін беретіні анық. Елбасымыздың үш тұғырлық саясатын заман талабы деп есептеймін. Өз ана тіліміз – бірлік үшін керек, ал өзге тіл заманнан қалыспай тірлік үшін керектігіне күмәнім жоқ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс