Өлеңді ақын емес, өлең ақынды тастап кетпесе екен

Шағын ғана Қараөзек ауылында дүниеге келген ақын қыз Жансаяның шығармашыл айналасы өлеңге жақын жандардан тұрады. Әкесінің інісі Елеш Қабылхан осы өңірге суырып- салма ақындығымен танылған болса, әкесі Әбділ Қайымхан өлеңнен өрнек түзген жан. Жасы сексенге таянған әжесі Балқия да өлең-жырдан қол үзбей келеді. Ағасы Нұрислам Әбділ де ақындар айтысында топ жарып жүрген жүйріктердің қатарында. Ал, кіші інісі Ақтілек – өткен жылы оқушылар арасында өткен айтыстың жеңімпазы. Міне, осындай ортадан шыққан Жансаяның қара өлеңнен қалыс қалуы мүмкін де емес. Сондықтан болар, 11 жасынан айтыстың ауылына еркін енді.

Жансая «әжесінің баласы» болғандықтан қандай сайыстарға қатысса да оның ақ батасын алуға асығады. Сонда ғана жолы болатындай көрінеді. Талапкер жастың есімі Көкше сахнасында өткізіліп келе жатқан ақындар айтысында таныла бастады. Сүйкімді қазақ қызы, ибалы да инабатты қалпымен көпшіліктің есінде жақсы сақталуда. Жігіттер де сөз салуға құштар. Ондайларға ақын қыздың айтатын сөзі дайын. Жансая көбінесе қыз бен жігіт айтысына қатысады. Сондықтан қарсыласының қағытпалары қандай бағытта өрбитінін жақсы біледі. Оған іштей дайындалады. Түйрейтін жерінде түйрейді, сынайтын жерінде сынайды. Өйткені, айтыс – сөз додасы. Ол жерде қарсыласыңды жеңу үшін кез келген айла-тәсілді қолдану керек.
Жансаяның есінде қалғаны Зерендіде өткен ақындар айтысы. Қарсыласы қыз бала болды. Сонда:
Мен емес мынау жұртқа үн қатпаған,
Жырларым бар жүрегімде құндақталған.
Құдай-ау Зерендіге мен не дейін
Менімен айтысуға ұл таппаған! – деп көпшілікті күлкіге кенелткен. Ал, өткен жылы Көкшетауда өткен «Алғыс айтам халқыма!» атты облыстық ақындар айтысында бұландылық Марғұлан Оспановпен сөз қағыстырды. Сұлу қызға бірден көзі түскен ақын жігіт әдемі жырын төгіп жатты. Алайда, ол сөзінің басында орыс кемпірінің үйін жалдап тұрып жатқанын айтып қалғанын ескермесе керек. Оның бойынан ілік іздеп отырған Жансаяға бұл таптырмас құрал болды. Сөйтіп ол салған жерден:
Секілді аға маған мұның бір сын,
Жансая ойларыңның сырын білсін.
Орыстың кемпірінен қорқып жүріп,
Тоқал іздеп отырған түрің құрысын, – деп бірақ қайырды. Осы додада ол топ жарып, жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Содан кейін Зеренді ауданында өткен «Желтаудың желмаясы» мәдени фестивалінде ақындар айтысына қатысып, 3-ші орын иеленді. Ақын қыз сахнаға шығар алдында қатты толқитынын жасырмады. Мектеп қабырғасында жүргенде домбыра тарту білмейтін ол Ақан сері колледжіне оқуға түскен кезде, екі ішекті аспаптың тілін меңгеріп алды. Дегенмен, әлі де үлкен топтың алдына шыққанда домбыра қағысым ұнамай қала ма деп қобалжиды. Мақамы – қарағандылық Аманжол Әлтаевтікі. Ақын Сара Тоқтамысованы жақсы көреді. Өйткені, ол сахнада еркін отырады, екпінді жырларымен көпшілікке жағады. Оралдық Жансая есімді аттас ақын қыздың шығармашылығына қызығушылық танытады. Талантының алдында басын иеді. Әсіресе, хит әндерге салып айтысуы ерекше құбылыс. Ақындығы бір төбе. Суырыпсалмалық екінің бірінің бойына берілмейді. Сөздерді дұрыс айту, ұйқастарды келтіру, шатысып кетпеу бәрі ескерілетін жәйттер. Мұндайда көрермен қошеметі демеу. Кейде ұйқасы келмей қиналып қалған кезде, домбырасын қағып-қағып қойып, қолдау іздейді. Сондайда көрермен қиқулап, қол соғып, қошеметтеп жіберсе, жүйрік аттай желе жөнеледі. Ақынның арқалануы деген осы болса керек. Өзі режиссер-актриса мамандығы бо-йынша білім алып жатқандықтан, сахна тіліне мән береді. Қазақтың қара өлеңін, прозалық шығармаларды жатқа оқуға машықтанады. Мұның айтысуға шыққанда пайдасы көп көмек. Тағы бір мән беретіні – тіл тазалығы. Оны шұбарлағандарды түсінгісі келмейді. Қазақ жастарының өзге тілде сөйлеуге құмартатынына да иланғысы жоқ. Өзіміздің шұрайлы тілімізде ойыңды жеткізе білудің өзі бақыт деп санайды.
Көкшедегі жас ақындар бір-бірімен тығыз байланыста. Олардың бас қосатын орны – халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған Мерген Тоқсанбай жетекшілік ететін «Талант» клубы. Онда жас ақындар кездесіп, өлеңдерін оқып, пікірлеседі. Белгілі бір тақырыпты таңдап алып, сол бағытта шығарған өлеңдерін көпшілік талқысына салады. Клубта олар шыңдалады, шығармашылығын дамытады. Жансая қалада жүргенде ауылын, онда қалған әжесін үнемі сағынып жүреді. Күн сайын хабарласып, жағдайын біліп тұрады. Әжесі де немересінің көңіл-күйіне алаңдайды. Түздегі қызының жағдайына анасы Сайранның қобалжуы заңды құбылыс. Бірақ тәрбиелі де тәртіпті қыз бейсауат жүрмейді. Болашақта театр сахнасына шығып, өнер көрсету бақыты бұйырмаса, журналистика саласын таңдамақ. Қазірден халық алдына шығып жүрген ол үшін теледидар экранына шығу аса қорқынышты емес.
Менің бүгінгі кейіпкерім үшін өлең өмірінің бір бөлшегі. Өлең жазбаған кезде өзін жек көріп кететінін де жасырмады. Кей ақындардың мен өлеңді тастап кеттім деген сөздеріне түсінбейді. Сондықтан өлеңді ақын емес, өлең ақынды тастап кетпесе екен дейді.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс