Өлке тарихы – ел тарихы

«Достар» мәдениет сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған жылжымалы көрме осылай аталады. Онда облыстың әр аймағының даму тарихы жайлы суреттер, сарғайған газет материалдары, фотолар сыр шертеді. Бұл деректерді облыстық архив ұсынып отыр.

Алғаш құрылған кеңшарлар, тұрғындарды қабылдаған денсаулық сақтау мекемелері, балдырғандар алғаш табалдырығын аттаған білім ошақтары, шағын кәсіпорындар мен мекемелердің жетістіктері, бәрі-бәрі көрген жанға қызық. Шараның ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиған облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова туған жердің тарихын көздің қарашығындай сақтап, оны сүю білу әрбіріміздің бойымызда табылуы тиіс қасиеттер деді. Үлкен қабырғаны алып тұрған көрме екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде өңірдің 1991 жылға дейінгі даму сатысы, екінші бөлімінде 1991 жылдан осы кезге дейінгі жүріп өткен жолы баяндалады. Жылжымалы көрме жылдың аяғына дейін облыстың 17 ауданы мен 2 қаласында болып, архив құжаттарымен шамамен 16 мың адам танысады деп жоспарланып отыр. 19 роллаптың әрбірі тұнып тұрған тарих. Әрбіріне үңілген сайын қызықты деректер алып, тың мәліметтерге де кезігесің. Шараға қатысушыларды «Рухани жаңғыру»: «Ақмола облысы архив құжаттарында» және «Тарих беттерін парақтағанда» бағдарламасы аясындағы материалдар қызықтырды. Шараның соңында көрменің эстафетасы Зеренді ауданына табыс етілді. Қатысушыларды «Рухани жаңғыру» аумақтық жоба кеңсесінің жетекшісі, қалалық мәслихаттың хатшысы Еркін Исімбаев құттықтады. Ал архивтер мен құжаттамалар басқармасының жетекшісі Марзият Тохаева өзіңнің өткеніңді білмей, болашағыңды болжай алмайтыныңның дәлелі осы құнды қағаздар дейді.

Жылымдының Інжуі.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий