Өлмес мұра қалдырған сазгер

Көкшенің жақсы-жайсаңдарының қатарынан ойып тұрып орын алатын Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор, дирижер Манарбек Бексейітов екені даусыз. Жақында ғана жерлестері  біртуар тұлғаны еске алды. Жақсы дос, адал әріптес, жанашыр жанды сағынып жүргендер өзімен қайта қауышқандай мауқын бір басты. Көз көргендер көзіне жас алып, естеліктерімен бөлісті. Алыстан ат терлетіп бірге жүрген достары келді. 

Облыстық филармонияда өткен еске алу кешінің ұйымдастырушысы, өнер жанашыры Манарбек Қасымұлының жан досы Мұрат қажы Ыдырысұлы. Арысымыздың дүниеден өткеніне биыл 20 жыл толған екен. Соған орай «Қалдырған ізі мәңгілік» атты естеліктер жинағының тұсауы кесілді. Ұстазын сағынған шәкірттері де, абзал ағасын іздеген інілері де, қамқорлығына бөленген құрдастары да осы жерден табылды. Талант иесінің шығармаларын өз қолымен құрып кеткен ұлт-аспаптар оркестрі орындады. Жалғыз тұяғы Серігі сахнада ән салып, дара тұлғаның көзіндей, тіпті өзіндей болып, көпшіліктің көңілін бір серпілтті. Бұл күні Манарбек Бексейітовтің ғұмырының соңына дейін тұрған үйіне естелік тақта ілініп, Біржан сал атындағы музыкалық колледж ұжымы Науан Хазірет мешітінде ас берді. Марқұмның рухына құран бағышталды.
Мұндайда қазақ «Ақ түйенің қарны жарылды» дейді. Шынында да көптен бері есімі ескерілмей, аты ауызға алынбай қалған Манарбектей тұлғаның іздеушілері бар екен. Оған шүкіршілік еттік. Көкшеден талай дарындар туған. Алайда, дұрыс бағасын ала алмай жүргендері қаншама. Көзі тірісінде еленбей, көзі кеткесін де еске алынбай қалғандары жетерлік. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын, шын талантты бағалай білетін Мұрат қажы Ыдырысұлы осы сеңді бұзды. Ағамыздың аз ғана уақыттың ішінде күн демей, түн демей талмай ізденіп, Манарбек досына қатысты барлық деректерді жинастырғанын көзіміз көрді, куәсі болдық. Мұрағатты ақтарып, әріптестерінен сұрастырып, достарына хабарласып, шәкірттерімен жүздесіп, ұлымен пікірлесе жүріп, осы шаруаны тап-тұйнақтай етті. Шын ризамыз.
Алдымен Манарбек Бексейітовтің өмірінің соңына дейін тұрған үйінің қабырғасына естелік тақта ілінді. Жиналғандар алдында қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің директоры Саян Мұхамедияров тебірене сөйлеп, біртуар тұлғаның есімі ұлықталғанына ризашылықтарын жеткізді. Шара ары қарай облыстық филармонияда жалғасын тапты. Көкшенің жайсаңы жайлы жақсы әңгіме тыңдауға жиналғандардың қарасы көп. Өнер ордасының фойесінде сазгердің мерейлі белестерінен сыр шертетін фотокөрме қойылды. Сол жерде Мұрат қажы Ыдырысұлының «Қалдырған ізі мәңгілік» атты жинағы тегін таратылды. Еске алу кешінің жүргізушісі етіп ақын Серік Жетпісқалиевті таңдауы да бекерден-бекер емес. Осы жинақ құрастырыла бастағаннан Мұрат ағамыз біздің редакциямызға күнде келіп жүрді. Қаламгер інісімен ақылдасып отырды. Қажетті қағаздарын корректор қыздарға бастыртып, тыным таппады. Еске алу кеші облыстық «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасынан көрсетілген «Сағыныш» хабарымен басталды. Авторы – Гәкку Асылбекқызы. Өмірден ерте озып, артына өлмес мұра қалдырған жандарды сағынышпен еске алуға арналған хабар өте мазмұнды, әрі мәнді шыққан. Манарбек Қасымұлының туған топырағын басып, көз көргендерден сұхбат алынып, артына қалдырған мұралары жаңғырған. Ұстазын сағынған шәкірттер, қатар жүрген достары, әріптестері қуанысып қалды. Тіпті, Семейден ат терлетіп арнайы келген көңілін тот баспайтын досы Қадыр Досымжанов көзіне келген жасын ірке алмады. Кеш бойы тебіреніп отырғандар көп болды.
Жастардың жанашыры, ақкөңіл де жайдары жан жайлы жақсы естеліктер айтылды. Жерлес ақын, жазушылар, өнер қайраткерлері, ұстаздың алдынан тәлім алғандар толғанды. Композитор Манарбек Бексейітовтің «Көкшетау маршы», «Аққу», «Көкшетау вальсі» сияқты ән-күйлерін өзі негізін қалаған Кенжебек Күмісбеков атындағы ұлт-аспаптар оркестрі орындады. Облыстық филармонияның әншілері де аянып қалмады. Манарбек Қасымұлының жалғыз тұяғы Серік әнші досы Бауыржан Исаевпен бірге шырқады. Көпшілік қуана қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді. Бұл күні Манарбек Бексейітовтің қадір тұтқан жандарының иығына шапан жабылды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс