Өмірдің өзі бір тәрбие

Есікті күлімдей ашқан орта бойлы жанды көргенде бірден анам есіме түсті. «Таңдайы тақылдап тұрған қыз екен» деп үлкендер айтушы еді, сол сияқты Зәуре апай да тез-тез, нығыздап сөйлейді екен. Менің анам да сондай жан еді, марқұм. Жатсынбай бірден сөйлесіп кеткенім де сондықтан шығар. Жастайынан пысық, шаруаға мығым болғаны көрініп тұр. Шындығында да солай екен. Жанына жайғасқаннан Зәуре апай өзінің өткен өміріне шолу жасай жөнелді. Алдыңғы буын өкілдерінің қандай қиындық көрсе де мойымай, қандай шаруа болса да дөңгелетіп әкетіп, еш шаршамай, шалдықпай, адал еңбек еткені белгілі. Сондай ортадан шыққан жанды алдымен отбасы, содан кейін өмірдің өзі тәрбиеледі.

Айыртау өңірінің Сырымбет деген сұлу өлкесінде дүниеге келген Зәурені туған сіңлілерімен әкесі Нау-
шабек пен анасы Тәтіш ұлдарша тәрбиелесе керек. Өйткені, үлкен ағасы Қойшыбай қан майданға аттанып, бір жылдан соң ұрыс даласында мерт болған еді. Қаралы хабар алып, белі қайысқан ата-анасының үміт еткен ұлының да көз жұмуы ауыр соққы болды. Міне, сол кезден бастап, Зәуре мен оның сіңлілері Зура, Сара мен Көпейге үйдегі бар шаруаны атқару міндеті жүктелді. Әке-шешесіне жаны ашитын қыздар қандай жұмыс болса да тартынбады. Атқа мініп, шөп шауып, отын кесті. Тынымсыз тірлікке ғана мойын бұрып, бейсауат жүрмейтін оларға қарап ауыл адамдары: «Наушабектің қыздары-ай!», – деп таңданыс білдіретін. Әкесі төре тұқымынан болса керек. Сонау үлкен кәмпеске жылдары ата-бабасы қудалау көрген. Өзі Троицкі медресесінде білім алса да, дін жолында жүргенін жан адамға сездірмей өтіпті. Колхоз мүшесі болуға да ұмтылмаса керек, бірақ отбасын жүдетпеген, шаруаға мығым жан болыпты. Ауылдағы жетім-жесірге қарайласатын қасиеті де болғанын жерлестері жақсы біледі. Зәуре апайдың бойындағы қайсарлық, қажырлылық әкесінен дарыған ба дерсің. Жан адамға қиянат жасамаңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар деген отбасындағы тәрбиені өмір бойы жанына серік етіп келеді. Алайда, сүйікті ұлы Серігінен қапыда көз жазып қалған өкініші өзегін өртейді. Анасына жанашыр, елгезек өрен 9 сыныпта оқып жүргенде Қопа көлі оның өмірін қиыпты. Қара судың тұңғиығына батқан баласынан айрылып зар еңіреген ана әңгіме арасында сол тақырыпқа қайта-қайта орала берді.
Зәуре Наушабекқызы саналы ғұмырын облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бет оқушы-корректор қызметіне арнады. Қаладағы педагогикалық колледжді кітапханашы мамандығы бойынша тәмамдаған жан әлі күнге дейін сүйікті газетін алып оқиды екен. Өйткені, осы басылым бетінде жарық көрген талай қаламгердің шығармаларын тұшына оқып келген, талай жаңалыққа құлағдар болған, талай тағдырлармен танысқан. Тағдыр демекші, Зәуре апайды сүйікті жарына да жолықтырған тағдыры. Ибрагим есімді азаматпен көңіл қосып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татты. Лауазымды қызметте жүрген жарын тың игеру жылдары Еңбекшілдер ауданына қарасты «Краснофлот» кеңшарына екі жылға жібергенде де мойыған жоқ. Жұбайына қолдау білдіріп, жанында жүрді. Аталған елді мекенге сотталғандар, кісі өлтірген қаскөйлер, ішімдікке салынғандар қоныс аударса керек. Қорқыныш пен үрей аралас жағдайда өмір сүргенін Зәуре апай есіне алса, әлі күнге дейін жүрегі зырқ етеді. Қайын ата мен қайын ене тәрбиесінен өтіп, шыңдалған келін өзінің пысықтығымен оларға да жақты. Зәуре мен Ибрагимнің үйі редакцияға жақын жерде тұрды. Газеттің жұмысы қым-қуыт. Мектеп директоры жұбайының қызметі де қауырт. Дүниеге келген төрт бала бар. Осының бәрін жайғастырып, зыр жүгіріп жүретін Зәуре апай бәріне де үлгеретін. Қолы қалт еткенде үйіне асыға жетіп, ет асып кетіп, енді бір босағанда, көбігін алуға үлгеріп жүретін. Ол кезде газеттің көлемі үлкен, мақалалар да көлемді, партия сьездері мен жергілікті биліктің жиналыстары бар, цензура деген тексеруші орган өз алдына бір төбе. Сондайда қате жібермеу үшін ыждахаттылық пен сақтық аса қажет болатын. Түннің бір уағына дейін газет беттерін оқып, түзетіп отыру да оңай шаруа емес. Бірақ еңбекпен көзін ашқан жандар күліп, ойнап жүріп, қызметін мінсіз атқаруға тырысатын. Редакциядағы қыз-келіншектер өте тату, апалы-сіңлілі жандардай болды. Ал, кезекшілік атқарған журналист жігіттер болса, апайларына еркелеп, корректорлар бюросынан келіп тәтті-дәмдісінен ауыз тиіп, тойған қозыдай болып жүретін. Осының бәрін тамсана әңгімелеген Зәуре апай жан жары Ибрагим Бәзеновпен өткізген бақытты күндеріне де шүкіршілік ететінін айтты. Жұбайы алақанына салып аялап, сыйлап өтті. Әйел адам үшін одан асқан бақыт бар ма?!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс