Өмірі оның өнеге

1932-33 жылдары бұрынғы Чкалов ауданының аумағындағы шағын артельдерден «Социалды» колхозы құрылды. Шаруашылықтың негізгі кәсіпшілігі егін және төрт түлік мал өсіру болғандықтан жергілікті тұрғындар осы іспен айналысты. Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері Қайырбек ағаның әкесі Әміржан мен анасы Бидаш Жаныбаевтар колхоздың қойын бағып, сиырын сауды. Еңбегі еленіп, Әміржан атамыз Мәскеудегі Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесіне қатысты.

DSC_5743

– Мен 1935 жылдың 29 сәуірінде дүниеге келдім. Балалық шағымыз соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен ел ішіндегі барлық ауыртпашылықты аталарымыз және аналарымызбен бірге көтерісуге тура келді. Әкем үш-төрт жыл Қарағанды шахтасында еңбек етіп, «труд армияда» болғандықтан үйдегі шаруа да менің мойныма жүктелді, – деп еске алады Қайырбек аға жастық шағындағы осынау қиын сәттерді. Алайда, тірі адам тірлігін жасайды ғой, соғыс аяқталып, бейбіт өмір қалпына келді. Елдегі шаруашылық өз арнасына түсті. Бертіндері шағын колхоздар бірігіп, совхоздарға айналды. Мәселен, 1970 жылы 2-Октябрь бөлімшесі «Петровка» кеңшарынан бөлініп, «Амандық» ауылымен дербес совхоз құрды. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Қайырбек аға Әміржанов осы кеңшарда тапжылмастан 45 жыл жүргізуші болып істеді. Қой өсіруге мамандандырылған шаруашылық болғандықтан, атқарар жұмыс ауқымы ұшан-теңіз болатын. Қоғамдық малға қысқы жемшөп дайындау, жайлаудағы шопандардың тұрмыс жағдайын жақсартуға байланысты баспана салу жұмыстары бір-бірімен ұштасып, кезең-кезеңмен жүріп жатты. Міне, осы істердің бел ортасында Амандық ауылының тумасы Қайырбек ағамыз да болды. Қарапайым еңбек адамының ел игілігі жолындағы қажырлы ісі сол кездегі кеңшар директоры Айтқожа Қалымов пен партия ұйымының жетекшісі Уәлихан Қайырбековтың тарапынан лайықты бағаға ие болды. Сан мәрте бағалы сыйлықтармен, төсбелгімен марапатталды. Қазіргі таңда ақсақал Көкшетау қаласында үлкен қызының қолында тұрып жатыр. 1958 жылы отасқан зайыбы Алтынай осыдан сегіз жыл бұрын қайтыс болыпты. Бүгіндері Әміржановтар әулеті қадір тұтқан Қайырбек аға имандылық жолына түсіп, ұрпақтарының тілеуін тілеп отыр.

Естідім 70-тің жетеуіне келген кезде,
Бой ұсынып оқыпсыз арап тілін.
80-нің біреуіне толған кезде,
Дәріс беріп жүрсіңіз, жамағатқа.
Алдыңызда 90-ның торқа тойы,
Ойнап-күліп жетіңіз сол кезеңге.
Аллаһтың нұры жауып, бағы қонып,
Құрдасы болып ғасырдың, 100 жасаңыз!

Қайрат ӘБДІЛМАНҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс