Өмір деген қызық дәурен

Егер мен 1969 жылы 18 тамызда аудандық партия комитетіне қызметке ауыспай совхозда агроном-бригадир болып жүре бергенімде келешегімнің не боларын болжау мүмкін емес-ті. Жаңа қызмет, сөз жоқ, өміріме жаңа серпін беріп, бұрын ойламаған мүмкіндіктерге жол ашты.

Егін орағына қызу дайындалып жатқан кез. Совхоз директоры В.Саркитов телефон арқылы ертең сағат 9.00-де аудандық партия комитетіне баруымды айтты. Бірінші хатшы Мәулетбай Кәрімов мән-жайды сұрастырып, маған аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін ұсынды. Қалай жауап берерімді білмей біртүрлі қысылып қалдым. Сосын: «Егінді жинап алған соң ойланайын», – дедім. Бірінші хатшы: «Егінді жинау директор Саркитовтың міндеті, ал сен ертең сағат 10.00-ге дейін ойланып, келісіміңді беретін бол», – деп шығарып салды. Тысқа шыға бергенімде, екінші хатшы И.Кукуруза кездесіп, нендей шаруа-мен жүргенімді сұрады. Бұл азамат біздің бригадаға уәкіл ретінде жиі келіп, ақыл-кеңесін айтып кететін. «Менің ақылымды алсаң келіс, сен ауылда механизаторлардан басқа кімді көресің, қандай келешегің барын білмейсің, ал бұл қызмет басқаша, көп адамдармен қызметтес боласың, тәрбие алып, шыңдаласың. Мұндай мүмкіндік екінің-біріне бұйыра бермейді», – деді.
Үйге келіп «аудандық партия комитетіне жаңа жұмысқа ауыс деп жатыр» десем апам, Гүлнұр, Есмағамбет, Күлбәршін бәрі келісіп қойғандай: «Несі бар келісіміңді бер, бригаданың шаңының арасында жүре бергенің жетер», – деді бірауыздан. Сөйтіп, жаңа жұмысқа кірісіп кеттім. Пәтер мәселесі де оңай шешілді, Гүлнұр мектепке мұғалім болып орналасты, балалар бақшаға баратын болды. Мен совхозда таңертең сағат 6.00-ден кешкі сағат 24.00-ге дейін салбаңдап жүруші едім, қазіргі жұмысым сағат 9.00-де басталып, кешкі сағат 18.00-де аяқталады. Оның үстіне сенбі, жексенбі күндері қолым бос, үйдемін. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Василий Николаевич Степаненко тәжірибелі азамат екен, бірден тіл табысып, маған жылы қабақ көрсетіп, берген тапсырмалардың қалай орындалуын, қандай газет-журналдарды оқып, ондағы материалдарды қалай пайдалану керектігін түсіндіріп отырды. Нұсқаушылық жұмыс сырт көзге жеңіл сияқты көрінгенімен, шындығына келгенде өте жауапты міндет. Білім деңгейінің жоғары болуын талап етеді, маңайыңдағы адамдармен қарым-қатынасыңды да үйлестіре білу керек. Ең күрделісі – аудандық партия комитетінің бюросына, пленумға, активтерге мәселе дайындау, анықтама, қаулылардың жобасын жазу. Өйткені, кемшіліктердің, жетістіктердің сырын ашып, дұрыс қорытынды шығаратындай тиісті баға бере білген жөн. Ауданға жер-жерден неше түрлі арыз-шағымдар көп келеді. Әр хаттың артында тұрған кісінің проблемасын көре-біліп, тиісті қорытынды жасау да жауапкерлікті талап етеді. Өйткені, биліктің халық алдындағы беделі, жұмысының нәтижесі оның аппаратының іскерлігіне, қызметкерлерінің адалдығына, қабілетіне және жауапкершілік деңгейіне байланысты екеніне күмән келтіруге болмас. Нұсқаушы болып істеген бір жыл үш ай ішінде менің өмірге деген көзқарасым күрт өзгеріп, тамаша бір мектептен дәріс алғандай болдым.
Қараша айы – диқандар егін орағын аяқтап, астығын қоймаға тапсыратын, малшылардын қысқы маусымға бел шеше кірісетін кезі. Осы кезде совхоздарда партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары да өтіп жатты. Оған өте мән беріліп, жан-жақты дайындалып, бір жылда жеткен жетістіктеріңді, орын алған кемшіліктерді коммунистерге айтып, келешек жоспар белгіленетін. Әрине «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтіндей, арасында жұмыстағы олқылықтар ашық айтылып, оны қайра болдырмау жолы айқындалатын. Бірінші хатшы: «Шұқыркөл» совхозынан екі қария келіп, Тәйкенді (мектеп директоры) партком хатшылығына сайлауға жергілікті коммунистердің қарсы екендігін айтты. Олар саған қолқа салғалы отыр», – деді. «Бұл ұсынысқа қарсымын» деуімнің мынадай себептері болды: біріншіден – партия жұмысында тәжірибем аз, екіншіден – отбасыма Шұқыркөлде ешқандай қолайлы жағдай жоқ, үшіншіден – осы ауылдағы мектепте оқыдым, үлкендерінен бала-шағасына дейін мені жақсы біледі, төртіншіден – сабақ берген мұғаліммен қызметке таласу орынсыз көрінгендігі. Ой шырмауынан шыға алмай отырғанымда бірінші хатшы ертеңіне қайра шақырып: «Тасмағамбет, сенің кешегі айтқан уәжіңді жақсы түсенімен, тек бір ғана мәселені жадыңда мықтап ұста. Бұл өмірде – адамдардың бір-біріне деген сенімі үлкен күш. Ал, мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Оны түсініп, соған лайықты болу да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сенің бойыңда ұстамдылық, еңбекқорлық, сыйластық сияқты тамаша қасиеттер бар. Егер ертеңгі күні «Шұқыркөлде» партком хатшысы болып сайлана қалсаң, ел үмітін ақтайды деп сенемін», – деді. Ағалық қамқорлықпен айтылған осы сөзден кейін көнбеске лажым қалмады. Мәулетбай Кәрімұлы аудандық атқару комитетінің төрағасы Петр Степанович Мачачаға телефон шалып, «Шұқыркөл» совхозында партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысын өткізуді тапсырды. Сөйтіп, жабық дауыспен коммунистер маған 100 пайыз қолдау көрсетті. Петр Степанович коммунистерге алғысын айтып, үйіне кете барды, мен совхозда қалдым. «Шұқыркөл» совхозы үш ауылды құрайды, бес трактор-егіс бригадасы бар. Мал көп, орталық бөлімшеде сауын сиыр, Қарағашта қой, 15 жылдық Қазақстанда кілең бойдақ семіртілуде. Совхоз директоры Нұрбай Байлиннің мамандығы агроном, тәжірибесі өте мол, еңбек жолын колхоздың бухгалтерлігінен бастаған, кейін басқарма төрағасы болған, колхоздар совхозға ауысқанда директор болып тағайындалған. Бірде райкомда пленум өткеннен кейін бірінші хатшы шақырып, хал-жағдайымды, жұмыс барысын сұрастыра келе: «Қандай көлікпен келдің», – деді. Мен: «Бензовозбен келдім, ал, сов-хозда бөлімшелерді аралағанда мамандардың машинасымен барамын», – деп, шындықты айттым. Мәкең аз ойланып, ауылшаруашылық басқармасының бастығы Б.Майхирге телефон шалып: «Жуырда келген «Москвичті» бөлім бастығы мініп жүргенін көрдім, ол машинаны «Шұқыркөл» совхозына бер, партком хатшысы көліксіз жүр екен», – деді. Қуанышымда шек жоқ. Жап-жаңа машина мініп совхозға келдім.
1972 жылдың шілде айында обкомның бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков пен Мәулетбай Кәрімұлы біздің совхозға келетін болды. Директор екеуміз қонақтарды совхоздың шетінен қарсы алып, Қарағаш бөлімшесінен бастап егінімізді көрсеттік, ауылға келіп көшелерді түгел аралаттық. Күн ыстық болғандықтан алдын ала дайындап қойған үйге кіріп сусын ішуге ниет білдірдік. Үй иесі қуана қарсы алды, жасаулы дастархандағы ыстық бауырсақ, сарымай, салқын қымыздан алып отыра Еркін Нұржанұлы ризашылығын білдірді. Совхоздың бригадаларын түгел аралап келген соң
Е. Әуелбеков ауданның біраз мекеме басшыларының қатысуымен қорытынды жиналыс өткізіп, шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне қатысты туындайтын мәселелерді шешуге көмектесу қажеттігін тапсырды. Кешкілік жаңа асханамыздан ас ішуге келдік. Бір шиша коньяк пен рюмкамды алып келе жатыр едім, Еркін Нұржанұлы: «Парторг жолдас мынау асхана қоғамдық орын. Мұнда арақ-шарап ішуге болмайды», – деді. Мәулетбай Кәрімұлы әңгімені жуып-шайып: «Бұл жігіт парторг болып екі жылдай жұмыс істеп жатыр, менің демалыста жүрген кезімде партия комитетіне оқуға баруға шешім қабылдап қойыпты. Жұмыстан қол үзбей сырттан оқы десем көнбей жүр», – дегенде, Еркін Нұржанұлы: «Ынтасымен ұмтылып тұрған жастарға қолдау көрсету керек, мен қарсы емеспін», – деді.
1972-74 жылдары Алматыдағы жоғарғы партия мектебін ойдағыдай тәмамдап, Рузаев аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жұмысқа кірістім. Айналысатын шаруам автотранспорт, құрылыс, өндіріс, сауда, пошта, тұрмыстық-коммуналдық қызмет. Егін орағы өтіп жатқан кез. Аудандағы бес күндік жұмыстың нәтижесі талқыланып, жұмыс қарқынын төмендеткен совхоз директорларын Мәулетбай Кәрімұлы қатты сынға алып, тез арада түзетулерін талап етті. Автотранспорт жұмысына қатысты менің атыма да сын айтылды. Жұрттың көзінше қатаң ескертулер жасағанын шам көріп, бірінші хатшыға ренішімді айттым. Мәкең де түсінген болуы керек, кабинетіме келген соң мән-жайды түсіндіріп, қосымша тапсырма берді. Келесі бескүндіктің қорытындысы бойынша өткен жиында бірінші хатшы тапсырманы орындамағандарды тағы да сілкіледі. «Ал, Айсенов жолдас өзін сынамауды сұраған еді», – деген кезде залда отырғандар күліп жіберді. Өйткені, бірінші хатшымен арадағы әңгімені естісе керек.
1979 жылғы қараша айында Мәулетбай Кәрімұлы: «Ертең сені сағат 9.00-де Оразбек Қуанышев шақырып жатыр», – деді. Себебін сұрап едім айтпады. Біз сияқты жастарға обкомның бірінші хатшысының қабылдауында болу үлкен сенім ғой. Оразбек Сұлтанұлы хал-жағдайымды және ауданның шаруашылық көрсеткіштерін сұрады, мүдірмей жауап беруге тырысып жатырмын. Әрі қарай: «Арықбалық ауданынан хабарың бар ма», – деді. Бізбен көршілес болғандықтан ол ауданды жақсы білмейтінімді айттым. Оразбек Сұлтанұлы маған сын көзбен қарап отырды да: «Сізді Арықбалық ауданының партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынғалы отырмын», – деді. Ризашылығымды білдіріп, мамандығым агроном болғандықтан директорлық қызметке ниет білдірдім. Оразбек Сұлтанұлының осы сәтте мен туралы не ойлап отырғанын білмеймін, бірақ өзімнің көбірек сөйлегеніме өкіндім. «Партия жұмысында тәжірибем аздау дегеніңе түсінбедім, ауданда өзіңмен бірге істеп жүрген бес коммунист, басы бірінші хатшы Кәрімов «отзыв» мінездеме беріп сізді осындай жұмысқа лайықты дегендері қалай, олар қателесіп тұр ма», – деді.
Арықбалық ауданында он жыл екінші хатшы болып істедім. Бірінші хатшы Николай Елисеевич Нижников осы ауданда туып-өскен, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, сауатты, парасатты, адамгершілігі де жоғары азамат. Механизаторлармен, малшылармен, сауыншылармен жиі араласқаны соншалық, тіпті олардың отбасы жағдайын жақсы білетін, қиналып жүргендерге тартынбай көмек көрсететін. Менің байқағаным билік басындағылар Николай Елисеевичтен ескерту алып қалмайық деп, міндеттерін жақсы атқаруға тырысатын. Маған жылы қабақ танытып, ақыл-кеңесімен бөлісіп, аудан туралы, әсіресе билік басында жүргендердің жақсы және әлсіз жақтарын ескертетін. Осындай ақылды басшының қасында қызмет істеуді бақыт санап, келешегіме өмірлік үлгі деп қабылдадым. Бірде «Дзержинский» совхозынан КПСС ХХVІ съезіне телеграмма жіберіліп, онда «Совхоз директоры әділетсіз, халықтың жағдайымен санаспайды, мемлекет қаражатынан өзіне «особняк» үй салдырды, шара қолдануды сұраймыз», – делініпті. Бірінші хатшы В.Осипенко демалыста болғандықтан обкомның ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі обкомның екінші хатшысы В.Зубтың тапсырмасы бойынша бұл мәселені қолма-қол бюрода қарап совхоз директорын жұмыстан босату туралы шешім қабылдауды тапсырды. Не істеу керек? Директорлық міндетін ойдағыдай атқарып жүр. Бар кінәсі – өзіне үй салғаны ма? Сонымен совхоз директоры Д.Музыкаға жағдайдың қиындығын айтып, сағат 16.00-де бюроға кел, парткомның, кәсіподақ комитетінің, ауылдық кеңестің саған үй салуға рұхсат берген шешімін, үйіңе сметадан қанша артық шығын жасағаныңды және бұрынғы тұрған ескі үйіңнің жанұяңа қолайсыз екендігі жайлы түсініктемеңді әкел дедім. Бюро мүшелерімен жеке-жеке сөйлесіп, директорды жұмысынан шығармай, орнында қалдыру керек деген ойымды білдірдім. Ортақ шешімге келіп, жіберген кемшіліктері үшін Д.Музыкаға есеп карточкасына жазылған «қатаң сөгіс» жарияладық. Сонымен бюроның шешімі күшінде қалды. Қалай десек те сол кезде әділдіктің болғаны ғой.
…1963 жылдың тамыз айы. Түс ауа үйге келсем айнаның алдында бір қыз ұзын шашын тарап тұр екен. Ол менің келгенімді байқаған жоқ, мен де не дерімді білмей: «Алма піс, аузыма түс», – деп қалжыңдаған болдым. Ол тез шәшін жиып алып, менің сөзімді жауапсыз қалдырмай: «Ашық ауыздарға алма түсе бермейді ғой», – деді. Апам даладан келіп, мына бала құдаша Күлбәршіннің туысы, біздің мектепке директор болып тағайындалғанын айтты. Бір жылдан кейін дәм-тұзымыз жарасып Гүлнұрмен отбасын құрдық. Содан елу бір жыл өмірдің ыстығы мен суығын бірге бөлісіп, бақытты өмір кешіп, бес бала өсірдік. Олардың әрқайсысы жоғары білімді азаматтар, бір-бір шаңырақ иелері. Немерелеріміз де қуанышқа бөлеп отыр. Данияр Лондон қаласында USL математика мен экономика факультетін тәмамдап, диплом алып келді. Диас Америкада университетте оқиды, Диана Біріккен Араб Эмираттарындағы Дубайда білім алуда, Темірлан Көкшетаудағы қазақ-түрік лицейін үздік бітіріп, Астанадағы Назарбаев университетінің инженерия факультетінде оқиды, Әнель Алматының КИМЭП университетін үздік тәмамдап, шетелдің фирмасында маман, отбасын құрып атасы мен апасына шөбере сыйлап қуанышқа бөледі. Мектепте оқып жүрген немерелердің де сабақ үлгерімі жақсы, бәрі де кішкентайынан апасының бауырында өсті. Гүлнұрдың үш ерекше қасиетін айтқым келеді. Бірінші өзінің сүйіп қосылған жарының жақсы азамат, беделді қызметкер болуын қалайтын, өз тарапынан кіршіксіз адал көңілмен қамқоршы болып, кездейсоқ жағдайлардан сақтандырып, қызметті дұрыс атқаруыма бар мүмкіншілік жасауға тырысатын. Төрт баламен ауылда қалып мені Алматы жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберуі адамгершілігінің молдығы емес пе. Менің он жыл бойы аупартком хатшысы болып қызмет атқаруым Гүлнұрдың арқасы еді. Екінші қасиеті үйді таза, жинақы ұстауға тырысатын. Албарды жайнатып гүлге бөлеп, көкөністің неше түрін өсіретін, сиыр, қой, тауық, қаз ұстап, балалармен бірге жүріп бағып күтетін. Бұлардың бәрі үйдегі берекенің көзі ғой. Үшінші қасиеті – балалардың тәртіпті, оқуда озат болуларын қалайтын және қадағалап отыратын. Сөйткен асыл жарым қасымда жоқ. Сағынышпен еске алып, екеуміздің бірге өткізген күндерді көз алдыма жиі елестетемін. Түсінген адамға керегі жақсы жар сүйіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, елі үшін адал қызмет етуден артық бақыт жоқ екен.

Тасмағамбет АЙСЕНОВ,
еңбек ардагері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс