Өмір сүру үшін өзгере білу керек

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен Көкшетауда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында алғаш рет «Жаңа тұлғалар» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылды. Игі шара «Бурабай» спорт сарайында тоғызқұмалақ, үстел теннисі, суда жүзу секілді спорт түрлерінен жарыс өткізуден бастау алды. Өңірдің әр түкпірінен 82 өнерпаз бас қосқан байқауда тағдыр сынына мойымай, өмірден өз орнын табуға тырысқан жандар зор ерік-жігер, мол күш-қайратын танытты.

Фестивальдың екінші бөлімі «Достар» мәдениет сарайында жалғасып, онда өнерге бейім мүгедек жандар өнер көрсетті. 14-35 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өткен байқауды саңыраулар қоғамының инклюзивті тобы «Өмірге құштарлық» вокалды-хореографиялық композициясымен ашты. Көкшетаулық жас өнерпаз Гүлден Кәрімова «Әлемге күлкі сыйла» әнін саусақ қимылдары арқылы орындап, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленсе, Целиноград ауданынан келген мүмкіндігі шектеулі биші Аружан Күсеген ырғақты би қимылымен әуезді ән толқынында тербеліп, көрермен қошеметіне бөленді. Бурабай ауданынан келген Сергей Сергеев, қорғалжындық Рыспек Далабайдың өнерлері көрерменнің зор ықыласына ие болды. Шараға «Шанс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі Василий Шиманский мен «Ақниет» қалалық мүгедектер ассоциа-циясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, үстел теннисінен спорт шеберлігіне кандидат Қымбат Досмағамбетова демеушілік жасады. Қазылар алқасының төрағасы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов марапаттау рәсімінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тек мерекелерде ғана емес, күн сайын мейірімділікпен қарап, қамқор болу қажеттігін айта келе, партия екінші жыл қатарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өнерге, спортқа деген қабілеттерін ашу мақсатында осындай жарыс ұйымдастырып жатқанын және ол алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Байқауда, әсіресе, ерекше би өнерін тамашалауға қала тұрғындарының басым бөлігі қызығушылық танытты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың табиғи таланты, ерек дарыны мен өнеріне таңданыспен қарағандар да кездесті. «Ерекше би орындалысын алғаш рет тамашалап тұрмын. Түрлі әсерге бөленесің. Ең бастысы бойыңда күш-қайрат пайда болады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өнеріне тәнті болдым. Өмірдің сынағына мойымай, табысқа қол жеткізуге ниетті жандарға құрметім зор», – дейді қала тұрғыны Ерқанат Хаметов. Ауқымды іс-шара соңында қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын анықтады. А.Әлібекова, М.Корн, Е.Городовқа Көкшетау қаласы әкімінің атынан арнайы сыйлықтар тапсырылды. Өнер байқауында көкшетаулық «Улыбка» дуэті, гитарист А.Ахмалишев пен А.Қуатов бірінші орынға ие болды. Вокалдан зеренділік Серәлі Балтабаев жеңімпаз атанды. Фестиваль жеңімпаздарына
дипломдар мен ақшалай және естелік сыйлықтарды табыс етті. Қоғам қолдауына мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ішкі жан дүниесі азат, рухы асқақ жандардың табанды еңбегі, жеңіске талпынысы, тынымсыз ізденісі зор сый-құрметке лайық. Әсем ән, әсерлі би ырғақтары әсем сазбен үйлесіп, үнсіз келісім тапқандай. Бишінің әрбір қимыл-қозғалысында терең астар жатыр. Өмір соқпағында бетпе-бет келген өткелдерді еңсеріп, тек алға адымдап, жарқын келешектен үміт үзбеудің ең үздік үлгісін көрсеткендей еді өнерпаздар.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий