Өндірістегі өрелі істерге, жаңашылдыққа назар аударды

Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанат Омарбекова, Сапархан Омаров, Майра Айсина, Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский, Михаил Чирков және Юрий Тимощенко өндіріс орындарының материалдық- техникалық жағдайларымен жете танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Халық қалаулылары Көкшетау автобус паркінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын қаладағы жолау-шылар тасымалын жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Осы жылдар ішінде қаланың дамуын ескере отырып, көптеген маршруттар өзгертіліп, автобустар саны көбейтілді. Көкшетау автобус паркінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Әсия Шәрімованың айтуынша, бүгінде автобустардың 70 пайызы жаңартылған. Жүргізушілер мен кондукторлар үшін униформа енгізілген. Ережеге сәйкес, парктегі автобустар күн сайын жуылып, тазаланады. Ал, тәртіп бойынша лас көліктер желіге жұмыс істеуге жіберілмейді. Күнде таңертең диспетчер жүргізушілерге жол қағазын береді, ал фельдшер ауысым алдында медициналық тексеру жүргізеді. Содан кейін жүргізушілер тұраққа барып, өз автобустарына отырады. Жолға шықпас бұрын машиналарды кезекші механик қарап шығады.Осындағы еңбек ұжымымен кездесу барысында депутаттар мемлекеттің ұстанған айқын бағыты мен өркендеуіне ықпал ететін жайттарды, Парламентте атқарылған жұмыстар туралы әңгімеледі.
Депутат Майра Айсина «Нұрлы жол» бағ-дарламасының жүзеге асуына, қабылданып жатқан заңдарға, атап айтқанда алқа болып шешім қабылдауға, жоспарлау және орындалуын қадағалауға, экономикалық мәселелерді шешуге, ауданды басқаруға қатысуға мүмкіндіктер беретін қоғамдық кеңестер туралы заңға кеңінен тоқталып өтті. Халық қалаулылары елдегі саяси-экономикалық ахуалмен таныстырып, кәсіпорын еңбеккерлерінің ой-пікірлеріне құлақ салды. Қатысушылар жанар-жағармай, автобөлшектер бағасының қымбаттауы, кадр тапшылығы төңірегінде мәселелер көтерді. Парламент Мәжілісінің депутаттары бұл мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қарауға, осы бағыттағы заңдарды жетілдіру қажет болса, халықтың ұсыныс-пікірлеріне сәйкес қайта қарастыруға дайын екендіктерін мәлімдеді. Халық қалаулылары сондай-ақ, Көкшетаудағы жүк көліктерін шығаратын «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамында болды. Зауыт ұжымындағы еңбек озаттары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Алғыс хатымен марапатталды. Еліміздегі машина жасау өнеркәсібі саласында өзінің лайықты орнын алып үлгерген зауыт осы санаулы уақыттың ішінде отандық машина жасау саласын дамытуға қомақты үлесін қосып келе жатқан кәсіпорын.
Қазіргі кезде зауытта заман талабына сай «КамАЗ» жүк көліктері мен арнайы техниканың 40-тан астам түрі құрастырылады. Кәсіпорын құрылғаннан бері барлығы 11 мыңнан астам көлік конвейерден шықты. Бұл көліктерге бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері тарапынан сұраныс күрт азайып кеткеніне қарамастан, Төтенше жағдайлар комитеті, жол құрылысы және ауыл шаруашылығы саласында ойдағыдай қолданылуда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 мыңға жуық автокөлік шығаруға еркін жетсе, өткен жылы 800-ден астам жүк көлігі құрастырылды. Биыл бұл көрсеткішті 1400-ге жеткізу көзделген. Ұжымда 200-ден астам адам еңбек етеді. Мәжіліс депутаттары зауыттың құрастыру цехын аралап көріп, шығарылып жатқан техника түрлерімен танысты. «Соңғы кезде кәсіпорын басшылығы өнім өндіруде отандық үлестің мол болуына ерекше назар аударып келеді. Оны еліміздің жолдарында жүйткіп жүрген «Қазақстанда жасалған» деген эксклюзивті арнайы техникалардан байқауға бола-ды. Дегенмен, әлі де отандық үлесті арттыру және дайын өнімді сату шекарасын кеңейту бағытында ауқымды жұмыс істеу керек. Біз өз тарапымыздан көмектесуге дайынбыз», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс