Өнеге аларлық озық тәжірибе

Өмірлік бай тәжірибелерін еліміздің гүлденіп, көркеюіне сарқа жұмсап, өскелең ұрпақты отаншылдық сезімге бау-луда ардагерлер қауымына жүктелер міндет ауқымды. Өміршең талап тұрғысынан алып қарағанда, ақмолалық қарияларымыздың да еншісінде өнеге аларлық игілікті істер баршылық екен. Бұған Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің жергілікті әкімдік, мәслихат, басқа да мемлекеттік органдармен соғыс және еңбек ардагерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өзара ынтымақтастығын қалыптастырудағы іс-тәжірибесі айқын айғақ болса керек. Сол себепті де өзекті бұл мәселенің облыстық ардагерлер кеңесінің пленумында озық тәжірибе ретінде талқыланып, кеңінен насихатталуы біз үшін сүйінішті құбылыс.

IMG_6751Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлдың жетекшілігімен 13 шілдеде Көкшетау қалалық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен пленумға барлық аудандық және қалалық деңгейдегі ардагерлер кеңестерінің төрағалары, облыс орталығындағы ірі бастауыш ұйымдардың, бірқатар үкіметтік емес қоғамдық бірлестік жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қалалық мәслихаттың хатшысы Еркін Исімбаев жиынға қатысушыларды депутаттық корпус пен жұртшылық атынан шын жүректен құттықтап, қала әкімі Ермек Маржықпаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев жергілікті әкімдік пен мәслихат және басқа да мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастық байланысты қалыптастырудағы іс-тәжірибе жөнінде баяндама жасады. Оны талқылауға Краснояр селолық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Б. Мұқашев, облыстық тубдиспансердегі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Л. Викторова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер ұйымының төрағасы А. Нұрқасымов, қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссияның төрайымы Г. Марченкова, «Өрлеу» педагог кадрларының біліктілігін арттыру институты Ақмола өңірлік филиалының бас маманы А. Омарова қатысып, өз ұжымдарындағы қол жеткен жетістіктер жайлы әңгімелеп берді.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің соғыс және еңбек ардагерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда жергілікті билік органдарымен ынтымақтастықты қалыптастырудағы іс-тәжірибесі жайлы жасаған баяндамасында бағалы ұсыныстар айтылып, тұшымды деректер келтірілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамалары» үндеуі мен «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласы көкшетаулық ардагерлердің тарапынан да кең қолдау тауып, қалалық кеңестің алқа мәжілісінде, ірі бастауыш ұйымдарында қызу талқыланды. «Тыныс» акционерлік қоғамы бастауыш ардагерлер ұйымының әкімшілік пен кәсіподақ комитетінің жастарды кәсіби шеберлікке баулу және еңбек династияларын дәріптеу, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ректораты мен бастауыш ардагерлер ұйымының жастар арасында діни экстремизммен күрес жөніндегі белсенді жұмыстары озат тәжірибе ретінде кеңінен таратылды. Ал, Тың темір жолы Ақмола бөлімшесіндегі аймақтық ардагерлер ұйымының соғыс және еңбек ардагерлерін мәңгі еске алу, оларға ілтипат білдірудегі жұмыс тәжірибесі жайлы деректі фильм түсірілді.
Жоспарланған шаралардың жоғары деңгейде өткізілуі әлбетте, жергілікті әкімдік пен мәслихаттың күнбе-күнгі қолдауымен де тығыз байланысты. Атап айтқанда, қалалық ардагерлер кеңесі офисінің шаһардың орталық көшелерінің бір ғимаратында орналасуы қарттарымыздың жүріп-тұруына ыңғайлы-ақ. Және де жұмыс бөлмелерінің көптігі де қариялардың шахмат, дойбы ойнап, басқа да қоғамдық жұмыстармен белсене айналысуына мүмкіндік туғызып отыр. Жақында ғана мәжіліс өткізілетін залға жаңа жиһаз алыныпты. Республикамыздағы ардагерлер қозғалысына отыз жыл толуына орай қала әкімі Ермек Маржықпаевтың бастамасымен қалалық кеңеске жеңіл автокөлік тарту етілген-ді. Былтыр Елордамызда өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне 80-ге жуық ардагеріміз арнайы жолдамамен барып, тегін тамашалады. Қарияларымыз осындай марапаттарға басқа да атаулы мерекелерге орай ие болуда.
Жеңіс күні мен қарттарды әлеуметтік қолдау айлығын өткізуде біздің қаламызда қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күніне орай майдангерлерден бастап, тыл еңбеккерлерін қосқанда бес санаттағы адамдарға қалалық бюджеттен 30 миллион теңге көмек көрсетілді. 8 наурыз мерекесіне орай «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медалімен марапатталған аналарымызға 5 мың теңге, саяси қуғын-сүргін құрбандары 10 мың теңге, ең төмен зейнетақы алатындарға қарттар күніне орай 2 мың теңге бірмезеттік көмек жасалды. Жалпы алғанда 13 санаттағы азаматтар қалалық қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Көкшетау қаласында мемлекеттік мерекелер мен басқа да атаулы күндерге арналған шаралардың жоғары деңгейде өткізілуі дәстүрге айналған. Студенттер мен оқушылардың сапта жүріп ән айтуы, «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесіне арналған жеңіл атлетикалық эстафета, «Біз еске аламыз» флеш-мобы мен «Мәңгілік полк» шеруі көпшіліктің көңілінен шықты. Ардагерлеріміз орталық алаңдарда орнатылған арнайы мінбелерден театрландырылған көріністерді емін-еркін тамашалау мүмкіндігіне де ие болды. Бұрынғы Көкшетау облысының Чистополь ауданындағы Гаршин селосының тұрғыны Әбдіқасым Жамантаевтың Ленинград түбіндегі 1942 жылғы шайқаста қаза тапқан мүрдесінің туған жер қойнауында жерленуі көпшілікті үлкен әсерге бөледі.
Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында жеке басты қарттар мен мүгедектер үшін «Үміт-Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жеке стационары ашылса, «Өмір» отбасылық тәрбие орталығының жұмыс істегеніне екі жылдай болыпты. Аталған бұл екі мекемеде бүгінгі таңда 100-ге жуық адам тұрып жатыр. Былтырғы жылы 430 адам Бурабай баурайындағы «Алмаз» санаторийінде дем алса, «Зеленый бор» санаторийінде ағымдағы жылы 658 адам тынығатын болады. Тіпті жақында ғана қала әкімінің қолдауымен 9 зейнеткер «Боровской» санаторийінде тынығып қайтты. Қалалық кеңестің ұсынысына сәйкес, шаһар басшысы Ермек Боранбайұлының тікелей қолдауымен былтырдан бері әр айдың үшінші сәрсенбісінде мемлекеттік мекеме басшыларының зейнеткерлерді қабылдауы қордаланған өзекті мәселелерді тез арада шешуге, екіжақты байланыс-ты одан әрі жақсартуға мүмкіндік туғызып отыр. Үрдісті осы бастамаға қалалық мәслихаттың депутаттары да қызу қолдау көрсетуде. Халық қалаулылары айдың әрбір екінші сәрсенбісінде қалалық кеңеске келіп, ардагерлермен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдайды. Жақында осындай жылы шырайлы кездесу қалалық мәслихаттың хатшысы Еркін Исімбаевпен және қалалық мәслихаттың депутаты Сергей Зиборовпен болды. Қарияларымыз сондай-ақ, әр айдың төртінші сәрсенбісінде тегін заңгерлік кеңес те ала алады.
Қалалық ардагерлер кеңесінің үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі қарияларымыздың белсенділігін арттыруға игі ықпал етуде. Осындай ауызбірліктің нәтижесінде Көкшетау қаласында жаназа, дұға кезінде етті турап әкелу, жыртыс таратпау, зират қоршауын бір тәртіпке келтіру дәстүрге айналып келеді. Алда тұрған жауапты міндет – жинақталған оң тәжірибені неғұрлым тиімді пайдалана отырып, ару шаһарымыздың экономикасын өркендетуге, тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға лайықты үлес қосуды қамтамасыз ету. Көңілге демеу боларлық қуанышты жағдай, бірлескен еңбек нәтижесінде Көкшетауымыздың жылдан-жылға сәулеттеніп келе жатқандығы. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық міндеттермен бірге адамдарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету мәселелерінің ойдағыдай шешім табуы ардагерлер қауымын да мақтаныш сезіміне бөлейді.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл пленум жұмысын қорытындылай келе, аталған шараны тыңғылықты өткізуге көкшетаулықтардың жақсы дайындалғандығын ерекше атап көрсетті. Бұдан шығатын қорытынды, қол жеткен жетістікті баянды ете отырып, ел игілігі жолында адал қызмет ету. Одан әрі облыстық ардагерлер ұйымының жетекшісі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына осы бастан тыңғылықты дайындық жасап, аудандық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының жұмысына да тың серпіліс беру қажеттігін айтты. Белсенді қоғамдық қызметі үшін қолөнер шебері, ақын Шәмшия Айтжановаға «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалі тапсырылды.

Жақсы әсерге бөленді

Облыстық соғыс және еңбек ардагерлерінің кезекті пленумына қатысушылар алдымен «Ақбұлақ- Родник», шахмат, дойбы және ардагерлер емханасындағы «Алтын жас» клубтарының, «Көкшетау-Энерго» акционерлік қоғамы, Тың теміржолы Ақмола бөлімшесі аймақтық ардагерлер ұйымының жұмысымен танысты. Аталған бұл шараларға Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары жайлы әсерлі әңгіме айтты.

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің айтуына қарағанда, бүгінгі таңда облыс орталығында 26 мың зейнеткер тұрады екен. Оның 22-сі Ұлы Отан соғысына қатысушылар, екі мыңдайы соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері, 13-і кәмелетке толмаған фашистік концлагерьлердің тұтқындары, 2-уі Ленинград блокадасының тұрғындары. Сонымен бірге қаламызда үш Социалистік Еңбек Ері, 37 Көкшетау қаласының құрметті азаматтары бақытты ғұмыр кешіп, белсенді қоғамдық жұмыстарының арқасында көпшіліктің ілтипатына бөленуде. Міне, 18 жылдан бері қалалық кеңес төрағасының орынбасары Валентина Соломина жетекшілік ететін «Ақбұлақ – Родник» клубының зейнеткер өнерпаздары «Ақмола жұлдыздары» және басқа да байқауларда жүлделі орындардан көрінуде. Ансамбльдің репертуарында бірнеше ұлттың әндері бар. Былтыр қала әкімдігінің қолдауымен жаңа костюмдер тігілді. 14 жылдан бері тұрақты жұмыс істейтін шахмат, дойбы клубына спорт шеберлігіне кандидат Тельман Мұқышев жетекшілік етеді.Ардагерлеріміз күн сайын осында келіп, демалыс сәттерін өткізеді. Қалалық және облыстық деңгейдегі жарыстарға да қатысады. Осы тақылеттес спорт клубтары Краснояр селосы мен Станционный поселкесінде де ашылыпты. Ардагерлеріміз сонымен бірге, аға ұрпақ арасында қала әкімінің жүлдесі үшін асық атудан спорттық жарыстарға да белсене қатысуда. Ал, жерлесіміз гирь көтеруден Әлем чемпионы Борис Нұғыманов Италия мен Словенияда өткен құрлықтық жауапты бәсекелерден жеңіспен оралды. Ардагерлерге арналған емхананың бас дәрігері Бағила Закринаның бастамасымен құрылған «Алтын жас» денсаулық клубы да зейнеткерлердің көңілінен шығып келеді.

Асхат Шәріпбаев,
Балталы Сәрсенбаев,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшелері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий