Өнеркәсіп өндірісі өрлеп тұр

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен 15 шілдеде «Достар» мәдениет сарайында «Ақмола облысының өнеркәсіп потенциалы» тақырыбында кеңейтілген форум-кеңес өтті. Оған облысымыздың өнеркәсіп секторының жетекшілері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен холдингтердің өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Сергей Кулагин төрағалық еткен кеңесте индустриалды сектордың жұмыс қорытындысы, өнеркәсіптің потенциалды пайдаланылуы, аймақаралық кооперацияны жетілдіру, жергілікті сервистік кәсіпорындардың мүмкіндіктері, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті, индустриалды қызметтің әлеуметтік аспектілерін дамыту кеңінен сөз болды.

Ақмола облысы ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында өндірістің жетекші салалары бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткізді. Атап айтқанда, алты ай ішіндегі өнеркәсіп саласындағы нақты көлем индексі 106,5 пайызды құрады. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Индустриализация картасы аясында 168 миллиард теңгенің 62 жобасы жүзеге асырылып, 6,3 мың жұмыс орны ашылды. Келешекте тағы да 20 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өйткені, астаналық облыстың күш-мүмкіндігі жылдан-жылға арта түсуде. Республика бойынша подшипник 100 пайызға, алкогольді және алкогольсіз ішімдіктердің 45-25 пайызы, жүк автомобильдерінің 40 пайызы, жоғары сапалы бидайдың 30 пайызы, алтынның 30 пайызы, керамикалық әрлендіру кірпіштерінің 30 пайызы, ұнның 25 па-
йызы, жұмыртқаның 20 пайызы, сүттің 10 пайызы бізде өндіріледі.
Пайымды ой, бағалы ұсыныстар айтылған форум-кеңесте «Күн электрстанциясы, теплица құрылыс, балық және қоян шаруашылығы», «Масаль кен қойнауында темір рудасын өндіру және қайта өңдеу», «Тірідей салмақта жылдық қуаты 60 мың тонна бройлер өсіретін құс фабрикасының құрылысы», «Целиноград ауданы Фарфоровый селосында жылдық қуаты 3 мың бірлік трактор заводының құрылысы», «Техногендік минералды қоспаларды қайта өңдейтін жаңа фабрика құрылысы», «2050 аналық бас шошқа кешені мен ет өңдейтін комбинаты бар мал шаруашылығы кешенін құру», «1000 басқа арналған жаңа товарлы-сүт фермасының құрылысы» жобасы туралы 10 меморандумға қол қойылды. Өміршең бұл жобалардың жалпы құны 1 триллион теңге шамасында.

«Ақмола облысының өнеркәсіп потенциалы» атты тақырыпта өткен форум-кеңесті ашып, жүргізіп отырған өңір басшысы Сергей Кулагин халық шаруашылығының жетекші саласында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қолжеткен жетістіктерді саралап берді.

Оның айтуынша, облысымыздың өнеркәсіп өндірісі өнімдерін өндіруден республикада жетекші орынға шығуымыздың басты кепілі – индустриализациялаудың осызаманғы механизмдерін тиімді пайдалануда. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті экономикаға қолжеткіздік. Мемлекет басшысы айқындап берген институционалдық реформаның негізгі бағыттары бойынша белсенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Ізгі мақсат жолында Ақмола облысында да өнеркәсіптің басым секторларына стратегиялық инвесторларды көптеп тарту, экспорттық потенциалды өрістету, жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жедел қарқын алған. Ресей Федерациясы, Орта Азия, Қытай, Түркия, Иран және Еуропа елдерімен сыртқы сауда өркен жаюда. Мәселен, «Астана-Агропродукт» кәсіпорны Мәскеудің супер-маркеттерін қазақстандық «Бакара» брендімен шығаратын ет жартылайфабрикаттарымен 2014 жылдан бері жабдықтап келсе, «Казбиф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мраморлы ет өнімдерін Санкт-Петербург қаласына, Ленинград, Свердлов, Челябі облыстарына, Краснодар өлкесіне экспортқа шығаруда. Сонымен бірге «Садовое», «Одари», «Зорькин луг» сүт тағамдары, минералды сулар мен алкогольсіз сусындар, жұмыртқа Ресей, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері тарапынан үлкен сұранысқа ие.
Өнеркәсіп өндірісі келешекте онан әрі өркен жаймақ. Алдағы тамыз айында жылына 2 миллион дана өнім шығаратын «Көкше-Цемент» кәсіпорны іске қосылса, «Астана нан Кемикалз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Казагропром» заводының жылдық қуатын 180 мың тонна қышқыл шығаруға жеткізген. Ақмола облысы үшін демалыс және туризм индустриясы экономикасы басым бағыттағы саласы саналады. Бүгінгі таңда туристік кластер бойынша 810 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олар өткен жылы 4,3 миллиард теңгенің қызметін көрсетті. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 1,45 миллиард теңге пайда түсті. 2016-2020 жылдары туризм саласында жалпы сомасы 40 миллиард теңгенің 25 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Форум-кеңестің күн тәртібіндегі мәселені талқылауға «ГМК «Казахалтын» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы В.Жұманбаев, «Өркен» ЖШС-нің бас директоры Ботельо Маурилио, «Верный Инвестментс Холдинг» ЖШС-нің бас директоры Е.Оспанов, «ЕПК-Степногорск» акционерлік қоғамының бас директоры А.Томилов, «ПО «Көкше-Цемент» ЖШС-нің бақылаушы кеңесінің мүшесі М.Молтұсынов, «Astana Nan» ЖШС-нің басқарушы директоры Б.Цоктоев, «НУХ «Казагро» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Н.Малелов, «Агрофирма «Родина» ЖШС-нің директоры И.Сауэр, «Айтас Груп» холдинг компаниясының топ құрылтайшысы С.Толықпаев, «АПК «Bavaria Product» ЖШС-нің құрылтайшысы Войгт Хенрик, «Авиценна» емдеу-профилактика кәсіпорнының құрылтайшысы Ю.Гагаркина, Степногор қаласындағы №2 индустриалды-техникалық колледж директоры Е.Крайнева сөз сөйледі. Кеңес жұмысын облыс әкімі Сергей Кулагин қорытындылады. Бұдан соң бірлескен он меморандумға қол қойылды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс