Өнерлі жастар ордасы

Қай театрды алып қарасаңыз да өнерлі жандардың талмай-тынбай еселі еңбек еткенінің
арқасында нәтижеге қол жеткізгендерін аңғаруға болады. Жалындап тұрған жастардан құралған «El jastar» театры солардың қатарына кіреді. Өнер ордасы «Жастар жылы» аясында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Хәкім Хасамбайдың жетекшілігімен құрылғаны белгілі.

Алғашқы жылы театр табалдырығын аттаған 22 өнерпаз бүгінде театр тарландарынан кем емес. Өнер ордасының шымылдығы башқұрт жазушысы Айгиз Баймухаметовтың «Тастамашы мені, мама» повесінің желісі бойынша қойылған «Армандар кемесі» спектаклімен ашылды. Ғабит Мүсіреповтың «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген қанатты сөздері дәл осы ұжымға арналғандай. Театрда шынайы өмір сайрап жатыр. Ал, сол өнерді паш ету мақсатында жастар талмай еңбек етуде. «Армандар кемесі» қойылымымен театр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған IV халықаралық «BALAUSA» экспериментальды спектакльдер фестивалінде өнер көрсетіп, «Өзекті сахналық тілді іздегені үшін» номинациясын және облыс әкімінің арнайы жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ, балаларды қорғау күніне орай Данияр Саламаттың «Асқар мен асық» ертегісі сахналанып, спектакль Көкшетау қаласындағы балабақшаларда көрсетілді.
Талмай еткен еңбектің арқасында «Жастар жылының» қорытындысы ретінде өнер ордасының ұжымы 10 аудиокітаптан құралған «Ақмола облысы ақын-жазушыларының аудиокітаптар» сериясын дүйім жұртқа ұсынды. «El jastar» театры әлі де талапты жастардың қабілетін, дарынын дамытып, дүниетанымдарын кеңейтіп, ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасын қалауда. Оған дәлел ретінде 2020 жылдың ақпан айында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орайластырып «Жастықтың оты, қайдасың?!» перформанс жанрындағы инсценировкасының көпшілікке ұсынылғаны жайлы айтуға болады. Сахналық нұсқасын жасаған, режиссер – Фархатбек Қанафин. Бұл премьерамен Алматы қаласының Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының колледжі ұйымдастырған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған халықаралық студенттер фестивалінде жүлделі 2 орынға ие болып, «Үздік ансамбль» номинациясымен елге оралды.
– Елімізді аты шулы індет жайлаған кезеңде де театр өз жұмысын тоқтатқан жоқ. «Көксеңгір» медиа студиясымен бірлесіп түрлі тақырыптардағы 10 видеороликтерді өз көрермендеріне ұсынды. Мысалы, «Әлди, әлди телефон», «Қателік», «Ажырасу», «Ұрпақ тәрбиесі», «Қайдасың, мама?!» «Жігер», «Кербез Көкше», «Үміт», «Әкеге қарап ұл өсер», «Рақмет». Әр роликті қарай отыра, оның мән-мағынасының тереңде жатқандығын байқауға болады. «Талантты жастар театры алдағы уақытта бұдан да зор жетістіктерге жетіп, өздерін танымал етеді деген ойдамыз. Өнер саласында жүрген әр жас өз биігінен көрініп, сахна мәдениетін шыңдауға өз септігін тигізеріне сенім мол», – дейді театр жетекшісі Хәкім Хасамбай.

Айғаным АСЫҒАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий