Өнермен тыныстайтын Мұхамедьяровтар

Өнегелі құндылықтарды жаңғыртып, отбасы мәртебесін арттыруды мақсат еткен Мұхамедьяровтар өз аймағында отбасы құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығын кеңінен насихаттауға сүбелі үлесін қосып келеді. Әулет отағасы мен отанасы перзенттері мен немерелерінің бойына рухани құндылықтарды сіңіртіп, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеуде. Бүгінгі әңгіме де осы өнерлі отбасы жайлы болмақ.

Әулет отағасы Болат Қазыұлы Мұхамедьяров қырық жылдай энергетика саласында аянбай қызмет еткен. Бүгінде құдай қосқан қосағы Мапруза Өсіпқызымен алты  перзент тәрбиелеп, олардан тараған 12 немеренің қызығын көріп отыр.мұхамедияроытар 2
– Мапруза апаңмен қателеспесем, 1972 жылы жаздың жайма-шуақ кезінде Амангелді ауылында болған бір тойда таныстық. Содан арада екі жыл өткен соң, сол ауылда тойымыз өтті. Мінеки, содан бері екеуміз өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп әрі бір-бірімізге демеу болып өмір сүріп келеміз, – дейді отағасы
Болат Қазыұлы.
Болат Қазыұлы қолы қалт еткенде шабыттың бесігінде тербеліп, жанынан жыр шығарады. Оған қоса домбыраның құлағында ойнап, әуелете ән шырқайды. Бүгінде жасы жетпіске келген ақсақал 45 жылдан аса бір шаңырақ астында өмірлік жансерігі Мапруза Өсіпқызымен бақытты ғұмыр кешіп келе жатыр. Әулеттің отанасы саналы ұрпақ тәрбиелеу саласына 42 жылын арнаған мұғалім. 1991-1992 жылы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі» атағын алған болатын.
Мапруза Мұхамедьярова зейнеткерлікке шықса да, еңбектен бір сәт қол үзген емес. Бүгінде зейнеткер-ұстаз  мектептің, ауылдың, ауданның іс-шараларына белсене араласып тұрады.
– Зейнеткерлікке шықсам да, төртінші перзентіміз Аян баламыз екеуіміз мектептің ән, би, домбыра үйірмелерінің өнерпаздарына  арнап түрлі ұлттық костюмдер тігумен айналысамыз, – дейді отанасы
Мапруза Өсіпқызы.
Ұлттық өнерді қайта жаңғыртуға үлес қосып жатқан ісмер әрі үйдің отанасы
Мапруза Өсіпқызы мен отағасы Болат Қазыұлының тұңғыш перзенті Дулат Мұхамедьяров Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келе жатыр. Шәкірттері талай додалардан жүлдемен оралған жеңімпаздар. Спортты жанына серік еткен Дулат Болатұлы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Білім басқармасы мен  облыстық «Өрлеу» мұғалімдерді даярлау орталығының алғыс хаттарымен және аудан әкімі мен білім бөлімі басшыларының спортты дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы мақтау қағаздарымен марапатталған. Бүгінде жоғары санатты педагог он жеті жылдан бері бір шаңырақ астында сүйген жары Марфуға Қаратайқызымен үш перзентті тәрбиелеп, тату-тәтті өмір сүруде.
– Отбасындағы екінші ұл Саян Мұхамедьяров Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы факультетіне оқуға түсіп, оны 2000 жылы қызыл дипломмен аяқтаған. Кейін Көкшетаудың Біржан сал атындағы өзі білім алған колледжінде «Халық әні» факультетін құрып, онда талапкерлерге дәріс беріп, олардың жан-жақты талантын ашып, ұстаздық еңбек жолын бастаған. Дәстүрлі әнші. Қазіргі кезде сол колледжде директор болып қызмет етеді. Жары Маржан Бөкешова Көкшетау қаласындағы Құсайынов атындағы драма театрында актриса болып жұмыс істейді әрі Ақан сері атындағы колледжде актерлік мамандық бойынша сабақ береді. Өмірін өнерге арнаған Маржан Бөкешованың еткен еңбегі еш кетпей, «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» атты арнайы төсбелгісімен марапатталған.
Саян Болатұлының артынан ерген інісі Еркін Қызылту шекарашылар заставасында шекарашылық қызметті атқарып келеді. Мінсіз қызметі үшін талай марапатқа ие болған. Жұбайы Әсел Хамидуллақызы Бидайық орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Үш баланың ата-анасы.
Он саусағынан өнер тамған әулеттің төртінші ұлы Аян зергерлік бұйымдар жасаумен, ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысады. Олардың ішінде, әсіресе, бас киімдерді тіккенді әрі ағашпен жұмыс істегенді жаны сүйеді. Жұбайы Жанар Райсқызымен 15 жылдан аса бірге бақытты өмір сүріп келеді. Бүгінде Жанар Сатанова балабақшада тәрбиеші болып қызмет етеді. Қос қызғалдағы шаңырақтың гүлі. Аяннан кейін дүниеге келген Ерлан Болатұлы ел көңілінен шығатын көптеген авторлық әндер жазып, орындаушылықпен де айналысып жүр. Ақбота Батырқызымен отау құрып, бүгінде ортақ некеден бір ұлды тәрбиелеп отыр. Алты ұлдың кенжесі Асылан Көкшетау қаласында жеке шығармашылықпен айналысып, үлкен сахналарда эстрадалық әндерді шырқап, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп жүр. Әрі домбырамен халық әндерін де нақышына келтіріп орындайтын жезтаңдай әнші. Облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты. Жұбайы Ақеркемен кішкентай сәбиін тәрбиелеп отыр.
Бұл әулеттің балаларды тәрбиелеудегі ерекшеліктері де баршылық. Отбасында ата-анамен перзенттерінің арасында қарым-қатынас, ең бастысы, құрмет пен қолдауға құрылған. Ерте жастан бастап балаларын шығармашылыққа, өнерге деген сүйіспеншілікке баулып әрі салт-дәстүрімізді құрметтеуді еш естен шығарған емес.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий