Өнертапқыштыққа алғашқы қадам

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында  ұйымдастырылған инновациялық идеялар байқауы біздің облыста биыл екінші жыл қатарынан өткізілді. «Көкшетау» мәдениет сарайына облыстың аудандары мен қалаларынан 180-нен астам оқушы мен колледж студенттері келді. Биыл сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің қатары екі есе артқан. Белсенді жастар жасыл энергия, құрылыс, сәулет, ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық жобаларын ұсынды. Байқау лабиринт, зияткерлік сумо, кегельринг квадро, инновациялық идеялар, кедергілі жолақтармен жүріп өту тәрізді 5 санат бойынша өткізілді. Оның әрбірінде оқушылар белгілі бір уақытта робототехниканы құрастырып, оның мүмкіндіктерін көрсете білу керек. Әр санат бойынша сынға түскен қатысушылар өз жұмыстарын қорғап шығуға тырыс-ты. Білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Қадыровтың айтуынша, бүгінде облыстың 119 білім беру ұйымы робототехника кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Онда 2 мыңнан астам оқушы 3D модельдеумен және инженерлік бағдарлаумен айналысады. Қорғалжын аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Далабаев өздерімен бірге алып келген оқушылары легодан түрлі роботтар құрастырумен айналысатынын айтты. Өткен жылғы байқауда кедергілі жолақтармен жүріп өтуден үшінші орын иеленіпті. Биыл төрт команда алып келген екен. Ал, Щучье қаласындағы жоғары колледж оқытушысы Антон Лазорскийдің айтуынша, оқушылар зияткерлік сумо және лабиринт сайысында бақ сынады. Өткен жылы аталған білім ошағының өнертапқыштары лабиринт сайысынан алтын медальға қол жеткізген. Биыл да олар жоғары нәтиже көрсетті. Байқаудың әрбір санаты бойынша жеңімпаздар анықталды. Мәселен, лабиринт санатында Шортанды ауданының оқушылары үздік деп танылса, инновациялық идеялар бағытында Көкшетау қалалық робототехника клубы бірінші орын иеленді. Сондай-ақ, білім инновация мектеп-интернаты да бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Бурабайдың өнертапқыш балалары да ерекшеленді. Жеңімпаздардың барлығына дип-ломдар мен кубоктар табысталды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий