Өнер ұлтқа бөлінбейді

Соның айқын дәлелі көкшетаулық жас күйші – Юрий Кочетыгов. Ол 10 жасынан қазақтың қос ішекті домбырасын жанына серік еткен. Өнерлі өрен мемлекеттік тілде де мүдірмей сөйлейді. Көптеген халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүр.

Күй атасы Құрманғазының «Адайындай» рухты күйлер Юрийдің репертуарында көптеп кездеседі. Өнерге қатты қызыққан өнерпазды 10 жасында ата-анасы музыкалық мектепке әкеледі. Сол кезде түрлі аспаптардың ішінен орыс баласы қазақтың домбырасын таңдайды. Оның айтуынша, қос ішекті домбыраның күмбірі ерекше. «Мені ең алғаш музыкалық мектепке әкелгенде ол жерде аспаптар көп болды. Пианино, фортепьяно, баян секілді. Бірақ мен домбыраны таңдадым. Себебі, домбыраның дауысы, үні маған қатты ұнады. Қолымдағы домбыраны маған ата-анам арнайы жасатты. Мен қазіргі таңда 50-дей күй білем. Бүгінде Біржан сал колледжінде «Домбыра пәнінің мұғалімі» мамандығында оқып жатырмын. Болашақта басқа балаларға домбыра үйретемін. Маған Құрманғазы атамыздың және Секен Тұрысбековтың күйлері ұнайды. Әсіресе, Секен Тұрысбековтің «Ақ жауын» күйі», – дейді жас күйші Юрий Кочетыгов.
Юрий отбасының тұңғышы. Артынан ерген қарындасы Злата да қазақ мектебінде оқиды. Ол да өнерден құралақан емес. Ағасы сияқты домбыра, флейта аспаптарында ойнайды. Ал, ата-аналары әрдайым олардың өнеріне қолдау білдіріп, шығармашылықтарын шыңдауға үлес қосып келеді. «Біз Юрийді мемлекеттік тілде оқытқан себебіміз, ол қазақ балабақшасына барды. Көп сөздер үйреніп, түсіне бастады. Қазақша таза сөйлеген соң, біз оны Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясына қазақ тілінде білім алуға бердік. Менің ойымша, әр бала мемлекеттік тілді білуі керек. 10 жасында ол музыкамен айналысқысы келді. Музыкалық мектепке алып келсем, домбыра курсына іріктеу болып жатыр екен. Юрийдің қызығушылығын байқадым да сол домбыра курсына жаздым. Бұл оның қалауы», – дейді анасы Олеся.
Қос ішектің құлағын бұрап, күй күмбірлеткен жас өрен көптеген байқауларда топ жарған. Атап айтсақ, халықаралық «Астана – мерей», «Анаға тағзым» байқауларында дипломант атанған. Облыстық сайыстардың бірнеше дүркін лауреаты. Юрий осындай шығармашылық байқаулардың бірде-біреуін қалт жібермеуге тырысады. Ол болашақта қазақтың киелі домбырасымен әлемдік аренада өнер көрсетсем деген ізгі арманын жасырмады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий