Өнім мен баға көңілден шықты

Өткен сенбі күні облыс орталығындағы «Восточный» базарында ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы қала жұртшылығына Зеренді, Атбасар, Бурабай және Біржан сал аудандары мен Көкшетау қаласының ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

Таң атысымен жәрмеңке орналасқан жерге жиналған тұрғындардың қарасы қалың болды. Жәрмеңкеде жалпы құны 12 миллион теңгенің ауылшаруашылығы өнімдері саудаланды. Бұл күні жергілікті тауар өндірушілер өнімнің 30 түрін жеткізіп, тұтынушыларға нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынды. Жәрмеңке алаңында тұтынушылардың қарасы көп болуы да содан. Барлығы да қалаған өнімдерін қолжетімді бағада алып, қалтаға тиімді сауданы ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. – Облыс орталығында осындай шараны ұйымдастыру дәстүрге айналғаны қуантады. Барлық өнімдер нарықтық бағадан төмен бағада сатылуда. Ертемен келіп қыстық азық-түлік сатып алдық. Өнімдердің сапасы да жоғары. Бүгінгі жәрмеңкеде ауылшаруашылығы өнімінің барлығы да қамтылған деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Алдағы уақытта да игі бастама өз жалғасын табады деген ойдамын, – дейді қала тұрғыны Талап Сүйіншәлин.

Таңсәріден түске дейін сауда қызып, қалалықтар үйлеріне олжалы қайтты. Ауылдан жүк артып келген диқандардың да көңілі жайдары. Өйткені, аудандардан жеткізілген өнімдердің басым бөлігі сатылып кетті. Осылайша, өңірдің диқандары баптаған өнімдер арзан бағамен өз тұтынушысына жетті.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий