Өнім мен баға көңілден шықты

Өткен сенбі күні облыс орталығындағы «Алтын Ғасыр» сауда үйінің алдындағы алаңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кезекті жәрмеңкесі болып өтті. Бұл жолы қала жұртшылығына Ақкөл, Аршалы, Егіндікөл, Есіл аудандары мен Көкшетау қаласының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев пен пен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев аралап көрді.

IMG_8775Таң атысымен жәрмеңке орналасқан жерге жиналған тұрғындардың қарасы қалың болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, жәрмеңкеде жалпы құны 118,6 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланды. Бұл күні жергілікті тауар өндірушілер өнімнің 43 түрін жеткізіп, тұтынушыларға нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынды. Аудан еңбеккерлері ұсынған өнімдер қызу саудаға түсіп, қала  халқына 51,1 тонна ет, 15 тонна балық, 325 мың дана жұмыртқа, 30 тонна ұн, 85 тонна картоп, 140 тонна жеміс-жидек пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Ең бастысы, барлығы сапалы, әрі қолжетімді бағамен сатылды. Жәрмеңке алаңында тұтынушылардың қарасы көп болуы да содан. Сиыр етінің бір келісі – 1250, жылқы еті – 1400, қой еті – 1100, құс еті – 1200 теңгеден босатылды. Сары май,  жұмыртқа сатып алу үшін тұтынушылар ұзын-сонар кезекке тұрды, аталған тауар түрлеріне сұраныс көп болды.

Барлығы да қалаған өнімдерін қолжетімді бағада алып, қалтаға тиімді сауданы ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. – Облыс орталығында осындай шараны ұйымдастыру дәстүрге айналғаны қуантады. Барлық өнімдер нарықтық бағадан төмен бағада сатылуда. Ертемен келіп қыстық азық-түлік сатып алдық. Өнімдердің сапасы да жоғары. Бүгінгі жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімінің барлығы да қамтылған деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Алдағы уақытта да игі бастама өз жалғасын табады деген ойдамын, – деді қала тұрғыны Талап Сүйіншәлин.

Таңсәріден түске дейін сауда қызып, қалалықтар үйлеріне олжалы қайтты. Ауылдан жүк артып келген диқандардың да көңілі жайдары. Өйткені, аудандардан жеткізілген өнімдердің басым бөлігі сатылып кетті. Осылайша, өңірдің диқандары баптаған өнімдер арзан бағамен өз тұтынушысына жетті.

 

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий