Өрелі істер өрнегі

Көкшетау қаласының экономикалық өсімі жылдан-жылға жақсарып келеді. Әсіресе, жаңа кәсіпорындардың пайда болуына орай жергілікті халықтың жұмыспен қамтылып, күнкөріс деңгейі артуда. Биыл өндіріс орындары 48,2 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Облыс орталығындағы индустриаландыру картасына жалпы сомасы 20,2 миллиард теңгенің 17 жобасы енген. Бұл 1257 жұмыс орнының ашылуына ықпал етті. «Вектор Комбайн заводы» серіктестігінің жобасы 2 миллиард 203 миллион теңгеге жүзеге асып, 96 адам еңбекпен қамтылды. Мұнымен қоса индустриаландыру картасына тағы 3 жобаны қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда: ауылшаруашылығы техникасын сататын және осы салаға қызмет көрсететін «Eurasia GroupKazakhstan» сервис орталығының, 18 000 шаршы көлемде астық қабылдайтын және майлы дақылдарды өңдейтін «Agro KZ» кешенінің, майлы дақылдар тұқымын шығаратын, қуаттылығы 500 тоннаға межеленген  «KoksheMay» серіктестіктерінің құрылысы. Индустриаландыру картасына енбеген қосымша 10 жобаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Красный Яр селосында жел электр станциясы «ВетерИнвест Кокшетау» серіктестігі арқылы жүзеге асатын болса, элеватор құрылысын «Кокше Престиж Бидай» серіктестігі жүзеге асырмақ. Сонымен қатар осы елді мекенде «Жобалық-сметалық компания» серіктестігі қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын желіні монтаждап жатыр.

Елбасы атап көрсеткендей, кәсіпкерліктің дамуы отандық нарықтық экономиканың негізі болып саналады және Қазақстанның стратегиялық басымдығына айналады. Соған орай мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге кең қолдау жасалуда. Өткен жылмен салыстырғанда Көкшетау қаласында ашылған жекеменшік кәсіпорындардың саны 2,2 пайызға өсті. Ал, жұмыс істеп келе жатқандарының саны 14 160 бірлікті құрады. Ауылшаруашылығы саласында 663,4 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Егістік көлесі 6554 гектар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға көп. Мал шаруашылығын дамыту да жалғасын тауып келеді. Биылғы жылдың 1-ші шілдесімен салыстырғанда, 720 тонна ет, 1450 тонна сүт, 650,0 мың дана жұмыртқа тұтынушыға жеткен. Ішкі нарықта ветеринарлық-санитарлық бақылау күшейтілді.

Негізгі капиталға салынған инвес-тиция жарты жылдықта 14,0 миллиард теңгеге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 миллиард теңгеге көп болды. Бюджет қаржысын тиімді пайдалану басты мақсатымыз болып қала бермек. Биыл қала қазынасын 11 миллиард 357,6 миллион теңге толықтырды. Игерілмеген қаржы 5,9 миллион теңге. Оны жыл соңына дейін толық жұмсау қажет. Құрылыс саласындағы жұмыс көлемі 5,3 миллиард теңгені құрады.

Көкшетаудағы өзекті мәселенің бірі болып – тұрғын үй құрылысы қала береді. Биыл облыс орталығында 91,4 мың шаршы метр баспана салынды. Жыл басынан бері 3 үй немесе «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 135 пәтер пайдалануға берілді. Қосымша 10 көппәтерлі үйдің құрылысы қолға алынып, қазір 800 пәтерлік 22 үй салынып жатыр, оның 12-сі биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл дегеніміз тағы да 500-ге жуық пәтер өз иесін табады деген сөз. Оның ішінде 8 үй әлеуметтік жағдайы төмен отбастарына сатып алу құқысыз беріледі және 4 үй тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына үлестіріледі. Тағы 14 тұрғын үйге қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Сарыарқа, Юбилейный, Бірлік, Көктем мөлтек аудандарында және Красный Яр трассасы бойында құрылыс желісі қолға алынды. «Революция күрескерлеріне» арналған мәдениет және демалыс саябағын жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда. Сарыарқа мөлтек ауданында «Рухани жаңғыру сарайының» құрылысын қолға алу үшін қажетті құжаттар әзірленуде.

Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жұмыстары үнемі назарда. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жекеменшік балабақшалардың ашылуымен 107 балдырған бөбекжайға бару мүмкіндігіне ие болды. Аталған жұмыс кезең-кезеңмен жүзеге асыруды қажет етеді. Қазіргі таңда Әуезов пен Темірбеков көшелерінің қиылысында 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Юбилейный мөлтек ауданында да бөбекжай салу қолға алынды. Көктем мөлтек ауданында тілінде мүкістігі бар балаларға арналған  және Сарыарқа мөлтек ауданында да мектепке дейінгі  мекемелер салынатын болады. Биылғы жаңа оқу жылында Көкшетау қаласында тұңғыш IT мектеп-лицейі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 420 орындық қосалқы ғимарат Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектептің жанынан ашылды. Биыл №1, №13 және №4 мектептердің жанынан осындай ғимараттар салуға қажетті жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Қаланың білім саласын қаржыландыруға бюджеттің көп бөлігі жұмсалады. Биыл 2 робототехника, 2 лингафон-мультимедиялық, бір-бірден физика, химия және компьютерлік техника кабинеттері сатып алынды. 8 мектепте интерактивті панельдер пайда болды. Осы мақсаттарға 52 миллион теңгеден жоғары қаржы жұмсалды. Жалпы, мектептердің жаңа модификациямен қамтылуы 100 пайызды құрады. Білім ошақтарына күрделі және ағымдық жөндеу жүргізуге 300 миллион теңге жұмсалды. Соның арқасында балалар жайлы да жарық бөлмелерде оқуға мүмкіндік алды.

«Өзін-өзі өнімді қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған даму бағдарламасы» жүзеге асырылып келеді. Биыл оған 486 адам қатысты. Жұмыссыздық деңгейі 0,4 пайыз. Экономиканың нақты секторында 1238 жаңа жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қалыпты деңгейде ұстау басты назарда. Тауарлар мен қызметтерді тұтыну индексі 102,7 пайызды құрады. Тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту күн тәртібінен түскен емес. 2018-2019 жылғы жылу маусымына дайындық жұмыстары жаз айларында басталды. Соңғы жиырма жыл қолға алынбаған 8-ші қазандықтың электрсүзгісін алмастыру жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға №2 бу қазандығының 4-ші қазандығын салу мен үш қазандықты жөндеу жұмыстары басталады. Жылу-электр орталығын салу жобасы алға жылжып, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылады деп болжануда. Облыстық комиссия тарапынан потенциалды инвесторды таңдаудың екінші кезеңі аяқталып келеді.

Көкшетау қаласын абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. Ол тек тазалық айлықтары кезінде ғана емес, үнемі жүргізіледі. Көшелерді тазалау, жолдарды жуу, тротуарларды тазарту, бұрылыстарды сырлап, әктеу шаралары назарда. Қаладағы тәртіпті сақтау жұмыстарының бәрі жергілікті полиция қызметі арқылы жүзеге асады. Биыл абаттандыру шараларына зиянын тигізген 1380 адамға әкімшілік шара қолданылды. Қоғамдық орындарға қоқыс төккен 744 адам жауапқа тартылып, оның 30-ы әкімшілік қамауға алынып, 714 тұлға жалпы алғанда 3,4 миллион теңге төлеуге мәжбүр болды. Көпқабатты үйлердің сыртын әктеу, әрлеу жұмыстары жалғасын табуда. Осы ретте «Достық», «Ақбас», «Дон» пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына ерекше тоқталуға болады. Олар сырттан көмек күтпей, өз күштерімен аулаларына ағаш, гүл егіп, шағын сәулет формаларын орналастырған. Қаланың келбетін көркейтуге баса мән берілуде. Биыл Досмағамбетов аллеясы пайда болып, Станционный поселкесінде сквер жаңартылады. Қалалық саябақта және «Жастар» аллеясында интернет желісі іске қосылады. Қопаның жағалауын қалыпқа келтіру де басты назарда. Бүгінде құм төселіп, беседкалар орнатылып, биодәретханалар қойылып, жазғы кафе салынды. Енді қысқы кафе құрылысы қолға алынады. Депутаттар тарапынан түскен сауалдардың 70 пайызы аулаларды жөндеу мен балалардың ойын және спорт алаңдарын абаттандыруға қатысты болды. Соңғы жылдары Бурабай, Васильковка, Центральный мөлтек аудандары мен Мир-Әуезов-Абай-Набережная көшелерінің шектеріндегі аулалар жөнделді. 44 аулаға күрделі жөндеу жасалды. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 564 миллион
теңгенің трансферттік есебінен Абай, Тәшенов, Әуезов, Пушкин көшелерінің шаршысында және Юбилейный мөлтек ауданында аулаларды жаңғырту жұмыстары жасалды. 27 аулаға қалалық бюджеттен бөлінген қаржыға жөндеу жүргізілмек. 23 ойын алаңы жөнге келтіріліп, 13 жерге шағын сәулет формалары орнатылды. 10 спорт алаңын тұрғызу жоспарда бар. Көше жолдарын жақсартуға биыл 1,5 миллиард теңге бөлінді. Мир, Вавилов, Наурызбай батыр көшелерінің жөндеу жұмыстары екі жылға жоспарланған. Ғабдуллин көшесін қалыпқа келтіру жалғасуда. Ағымдық жөндеуге 400 миллион теңге қарастырылған. Горький мен Әуезов көшесінің қиылысында қосалқы бұрылу жолының салынуы көлік кептелісін реттеуге ықпал етпек. Бейбітшілік мөлтек ауданының көшесін жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасына конкурс жарияланды. Әуелбеков көшесінің жарық шамдары ауыстырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастарды отансүйгіштікке, туған қаласын сүюге, оған жанашырлық танытуға шақыру жұмыстары жалғасын табуда. Осы бағдарлама шеңберінде біздің қалада 397,8 миллион теңгенің 8 жобасы іске асты. Биыл 3 спорт алаңы қалыпқа келтіріліп, №3 мектеп-гимназиясында компьютерлік сынып ашылады және 15 автобус аялдамасы жаңартылады. Елбасының тапсырмасына орай «Смарт сити» концепциясы жүзеге асырылуда. Соның арқасында жолаушы тасымалына сандық технологиялар енгізілуде. «Инфобус» мобильдік қосымшасы жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру енгізілмек. «Көкшетау автобус паркі» 50 жаңа көлік сатып алмақ. Коммуналдық қызметке төлемді оңтайландыру үшін бірыңғай төлем құжатын енгізу қолға алынуда. Қала күні қарсаңында облыс орталығында заманауи электонды кітапхана мен балалардың технопаркі пайда болды. Онда балалар әуе, кеме модельдеуі, 3D дизайны мен робототехника тілін меңгереді. Аялдамаларда коды бар ақпараттық стендтер пайда болды. Арнайы штрих код арқылы қалалық кітапханалар мен кітап қоры жайлы толық мағлұмат алуға болады. Қалалық мәдениет бөлімі өзінің жұмысын жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді. Спорт саласындағы жетістіктер де қуантып отыр. Осының бәрі әр саладағы табыстардың еселене түсуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады.

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, Көкшетау Қаласының әкімі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий