Өркениет көші – жаңарған мәдениет

«Достар» мәдениет сара-йында «Рухани қазына, ұлттық мәдениет – ел болашағы» тақырыбымен мәдениет саласы қызметкерлерінің өңірлік форумы өтті.

Сала қызметкерлерінің іскерлік қабілетін жетілдіру мен дамыту, кәсіби біліктілігін шыңдау, озық тәжірибелерді тарату, тың кәсіби идеялардың жүзеге асуына қолдау көрсету мақсатында өткізілген шарада Рухани жаңғыру бойынша атқарылған жұмыстардың орындалу барысына талдау жасалып, алдағы міндеттер айқындалды. Форумға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова ілгері дамып келе жатқан мәдениет саласын алдағы уақытта да оң өзгерістер күтіп тұрғанын атап өтті. Қаламыздың мәдени өмір ағысы заман көшіне сай ілесіп келеді. Алдымен, талантты жастар тасада қалмайды. Танымал өнерпаздар сұранысқа сай шалғай аудандарға барып өнер көрсететін болады.

«Елбасымыз қазіргі таңда мәдениет саласы қызметкерлеріне де жауапты міндеттер жүктеп отыр. Мақсат – осы тапсырмалар үдесінен шыға білу. Соңғы жылдары мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Ендігі кезекте мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлетін боламыз. Жаңа инновациялық жобалар, тың идеялар өнер ошақтарына өзіндік көзқарас, өзіндік қолтаңба әкелді. Қалада мәдени шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып жүрген мәдениет саласы қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Сіздердің шығармашылық ізденістеріңіз алдағы уақытта да мәдени дәстүрлерді сақтау мен дамытуға бағытталатынына сенімдіміз», – деді А.Әміренова.

Форумда мәдениет мекемелерінің бір жылда атқарған қызметіне талдау жасалды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова қала мәдениетінің кешегісі мен бүгінін, ертеңін саралай келіп, шығармашылық жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, былтыр көптеген жаңалықтар орын алды. Мәдени ошақтардың жөнделуін айтпағанда, көрнекті ұлт көсемдерін, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қатысты жобалар жоғары деңгейде жүзеге асырылды. Соңғы жылдары мұражайлар, клубтар мен кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік берілді.Тұтастай алғанда, мәдениет саласына бөлінетін қаржы да біршама өскен. Атқарылған жемісті істер өңір өрендерінің шығармашылық қабілетін ұштап, түрлі жарыстарда топ жаруына септігін тигізуде. Өткен жылы қалада 2598 іс-шара өткізілген. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мәдениет саласына да енгізілуде. Заман талабына сай электрондық кітапханалар іске асуда. 16 автобус аялдамаларында мобильді кітапхана жобасы іске қосылған. Аталған жобаға елімізге танымал жазушылар мен жергілікті қаламгерлердің жүзге жуық кітаптары енгізілген.

«Достар» мәдениет сарайының директоры Т.Малько, «Көкше» мәдениет үйінің директоры А.Еламанов атқарылған жұмыстарға есеп берді. Осы салада қызмет жасап жүрген жандар өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді. Қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры А.Әбішева кітапханалар қызметіндегі шешуін қажет ететін мәселелер мен жаңа ақпараттық мүмкіндіктер жөнінде айтты. Зағиптар қоғамының төрайымы Л.Сенченко мүгедек жандарды қоғамға бейімдеудің тәсілдерін дамыту мәселесін алға тартты.

Форумның екінші бөлімінде кең көлемде дамытуды қажет ететін шығармашылық жанрлар бойынша шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Фойеде мәдениет саласындағы жетістіктердің көрмесі ұйымдастырылды. Қалалық мәдениет қызметкерлерінің форумы үндеумен қорытындыланды. Жоғары деңгейде өткен мәдени шараның көрермені болған сала қызметкерлері өзіндік ой түйіп қайтты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий