Өрт неден шықты?

Өткен жексенбіде қаламыздағы «Триумф» сауда үйін күтпеген жерден өрт шалды. Аппарат кеңесінде қала әкімі Ермек Маржықпаев қадағалаушы органдарға өрттің шығу себептерін анықтауды тапсырды.

20 мамыр күні 12.35-те Көкшетау қаласының Әбілқасымов көшесі, 95 «А» мекенжайында орналасқан екі қабатты «Триумф» сауда үйінің шатыры мен қабырғасының сыртқы қаптамасы өртке оранған болатын. ТЖК дерегі бойынша өрт 13.05-те ауыздықталып, 13.22-де толықтай сөндірілді. Өрт салдарынан ғимараттың сырты бүлінді. Жалын 400 шаршы метр ауданды шарпыды. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамының 50 қызметкері мен 9 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылар 70 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ, сондай-ақ, ғимараттың ішіне де залал келген жоқ. Өрт сауда үйінің іргесінде тұрған қоқыс жәшігінен шығып, кейін ғимараттың қабырғасын шарпыған көрінеді. Өртті тез сөндіруге ғимарат сыртының тез жанатын және уытты материалдан жасалғаны да кедергі болған. Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әсет Жақсылықовтың мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың сәуір айында жүргізілген тексеріс барысында аталмыш сауда үйінде өрт қауіпсіздігі бойынша 32 заңсыздыққа жол берілген. Қазіргі уақытта өрттің нақтылы қайдан шыққаны анықталуда және келтірілген материалдық шығын көлемі есептелуде.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий