Өткенге – баға, ертеңге – бағдар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 15 тамыздағы №615 Жарлығына сәйкес әр деңгейдегі әкімдер жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы жергілікті тұрғындар алдында есеп беруде. Бүкпесіз ашық пікір алмасу жағдайында өтіп жатқан бұл басқосуларда қолжеткен жетістіктерді баянды ету үшін алдағы асқаралы міндеттер де айқындалуда. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 19-24 қаңтар аралығында Станционный поселкесі, Красный Яр селолық округі тұрғындарымен, №1 және №21 орта мектепте қала жұртшылығымен осындай кездесулер өткізді.

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың тұрғындар алдындағы 19 қаңтарда өткен есепті кездесуі Станционный поселкесінен бастау алды. Қала басшысы жыл көлемінде жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту, қаланы абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстардың орындалу барысына тоқталып өтті.

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердегі лифті мәселесі, газбен, баспанамен қамту мәселелері біртіндеп шешімін тауып келетіндігін ерекше атап өтті. Былтыр қала бойынша 89,8 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл алдыңғы жылғыдан 10 миллиард теңгеге артық. Барлық салада ілгерілеушіліктер бар. Құрылыс саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер аз емес. Айналдырған бір жылдың ішінде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің жалпы аумағы 130 мың шаршы метрді құрады. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін баспанамен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Қалада 2 балабақша пайдалануға берілді. Биылғы жылға да көлемді жұмыстар жоспарланып отыр. «Мемлекеттік тұрғын үй» бағдарламасы аясында 5 тұрғын үй бой көтермек. Сондай-ақ, «Сарыарқа» мөлтек ауданында 900 орындық мектеп, №18 орта мектебіне қосымша ғимарат құрылыстары қолға алынбақшы. Басқа да нысандар іске қосылып, қаланы абаттандыру, жол жөндеу, сумен, жылумен қамту желілерін тарту, электрлендіру жұмыстары жалғасады. Білім беру, мәдениет және спорт, халықты әлеуметтік қорғау саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылмақ. Қала басшысы мұнан әрi индустриялық-инновациялық жобалардың iске асу барысына тоқталды. Аймақтық индустрияландыру картасына енген 3 жобаны атап өттi. Олар: ауылшаруашылығы техникаларын құрастырумен айналысатын «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, полиэтилен қаптамаларын шығаратын «Асыл арман», сүт өнімдерін өндіретін «Нәтиже» серіктестіктері. Биыл қала бойынша 3 миллиард 683 миллион теңгенің 3 жобасы жүзеге асырылмақшы. Былтыр қалада 665,5 миллион теңгеге көшелерге орташа және күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. «Жансая», «Бірлік», «Көктем» мөлтек аудандарының жаяу жүргіншілер жолы қалыпқа келтірілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қопа көлі маңайындағы тұрғын үйлердің жылу желілері жаңартылуда. Бірнеше жылдан берi жөндеу көрмеген аулаiшiлiк жолдар мен тротуарлар мен аялдамалар жаңартылды. Бұл жұмыстар алда да жалғасын таба бередi. Сонымен қатар қала көркiне көрiк қосатын басқа да кешендi жобалар мен құрылыс-тар жайын атап өттi. Денсаулық, бiлiм салаларында жасалып жатқан iстер мен жетiстiктердi, алда атқарылатын жұмыстарды саралады.

Кәсіпкерлік селода да дамуы керек

Станционный селолық округінің әкімі Есей Байдалиннің есепті баяндамасында айтылғанындай, былтыр кентте екі кәсіпорын, наубайхана іске қосылған. Биыл кенттегі жылу қазандығына күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Сондай-ақ, отбасылық дәрігерлік амбулатория салынады деп жоспарланып отыр. Орталықты абаттандыру, шеткі көшелерді жөндеу қолға алынбақшы. Селоны орталықтандырылған жылумен қамту мақсатында блоктық-модульдық қазандық құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Кентте несие алып, мал өсіргісі келетіндер баршылық. Алайда, мал жаятын жер жоқ. Әкім тұрғындардың «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының мүмкіндіктерін әлі де толық пайдалана алмай отырғанына қынжылыс білдірді. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қала үшін үлкен маңызға ие екендігі белгілі. Бұл ретте, поселке әкімінің баяндамасынан белгілі болғандай, кентте өткен жылы 6 адам 17 миллион теңгенің жобасын іске асырған. Негізінен тұрғындар тігіншілік, мал өсірумен айналысуда. Осы ретте қала әкімі Е.Маржықпаев өз ойын былай тарқатты: «Бизнестің дамуы төмен деңгейде. Селода шаштараз, дүкеннен басқа да ауқымды жобалар жүзеге асырылуы тиіс. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірде-бір нысан ашылған жоқ. Ұсыныс та түспеді. Тұтастай бір селоның экономикалық кірісі бір ғана кәсіпорынға қарауы үлкен қателік. Соған байланысты, қазіргі уақыттан бастап шағын және орта кәсіпкерлікке екпін беру керек. Дамуды жан-жақты сатылы саясатпен үйлестірген жөн».

Толғақты мәселе, тұшымды жауап

Кездесу барысында Станционный поселкесі тұрғындарының сауалдары негiзiнен коммуналдық салаларғ қатысты өрбiдi. Олардың iшiнде қала басшысының жұмысына ризашылығын бiлдiргендер де аз болған жоқ. Жарыссөзге шыққандар қала әкімінің тұрғындардың тұрмысын жақсартудағы, қаланың шағын аудандары мен шеткері аудандарын дамытудағы жұмысын жоғары бағалады.

Тұрғындардың бірі суағар тұрбалардың бітеліп қалуынан көктемде жер үйлерді су басу қаупі барын алға тартты. Қала басшысы көктемгі қар суымен күрес шаралары тиісті деңгейде атқарылады деп сендірді. Қыста балалар үшін сырғанақ жасалмағандығыны да сынға алынды. Алайда, бұл тікелей поселке әкімінің жұмысы екенін айтты қала басшысы.
***
Кент тұрғындары балабақшаның жоқтығы елеулі қиындықтар туғызып отырғанын алға тартты. Тұрғындар қозғаған бұл мәселенің күрделілігін атай келіп, қала әкімі мұны таяу жылдарда шешудің жолдары қарастырылатынын айтты.
Кездесу барысында абаттандыру, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, балабақша төңірегінде сұрақтар көтерілді. Қала әкімі ірі көлемдегі қаржыны қажет ететін балабақша мәселесіне тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұрады. Ол жұмыстар таяу уақытта кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
***
Несие алып, мал өсірудің мән-жайын сұрағандар да болды. Әкім «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз шаруашылығын қолға алған қожалық иелерін мысалға келтірді. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал өсірген қожалықтарға мемлекет беретін жеңілдіктерге, субсидияларға тоқталды.

Красный Яр селосындағы «Таңатов» жекеменшік кәсіпорнының директоры Кұрманбай Таңатов:

– Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың есепті кездесуі жылы шырайлы жағдайда өтті. Онда атқарылған іске сыни тұрғыда лайықты баға берілді. Мәселен, Көкшетау қаласында өткен жылы 4 мыңдай шағын және орта бизнес нысандары тіркеліп, оның 40 шақтысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолдау тапты. Біздің селомызда да бүгінгі таңда осындай 17 нысан жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, бұл бизнес нысандары шұжық, кондитер, нан өнімдерін шығарып, шаштараз, монша, тағы басқа да тұрмыстық қызметтер көрсетеді. Сонымен бірге, 54 жекеменшік сауда нүктелері жұмыс істеп тұр. Онда 205 адам еңбекке тартылған. Өзім жетекшілік ететін кәсіпорын Красный Яр селосында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3 үйдің құрылысын жүргізуде. Соның нәтижесінде адамдарды жұмыспен, жалақымен қамтамасыз етіп, бюджетке салық төлеп отырмыз. Мұның бәрі түптеп келгенде адамдардың әл-ауқат жағдайын жақсартуға бағытталған ізгі шаралар.

Станционный поселкесі ардагерлер кеңесінің
төрайымы Людмила БИРЮКОВА:

– Село көркейіп, жолдар жөнделіп жатыр. Қаншама жылдан бері айтылып келе жатқан көшелер, алаңдар түнгі жарықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Көгалдандыру, тазалық жұмыстары өз жемісін беруде. Көшелер қардан уақытылы тазартылуда. Тұрмыста жаңа талаптар, жаңа міндеттер көрініс беріп, адамдар кәсіпкерлікті меңгеріп, жағдайларын жақсартуда. Жалпы, халыққа қызмет көрсететін барлық салада қала әкімінің қолтаңбасы бар деп есептеймін.

Көкшетау қаласының құрметті
азаматы Күләш Темірбаева:

– Менің ару шаһар – Көкшетауда тұрғаныма жарты ғасырдай болды. Осы кезеңде сүйікті қалам адам танымастай өзгерді. Кезінде құрылыс қарқынды дамып, жаңа мәдениет үйлері, сауда орталықтары, стадиондар салынды. Жаңа вокзал және аэропорт бой көтерді. Әрине, арасында көңілге кірбең келтірген сәттер болды. Несін жасырайық, сонау тоқсаныншы жылдары әкімшілік құрылымдық өзгерістерге ұшырауға байланысты Көкшетау облысы жабылған кезде бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарды көп көрдік. Алайда, өмірге деген құлшыныс, талпыныс болған жағдайда қиындықтың бәрін жеңуге болады екен. Мұны соңғы жылдардың тәжірибесі айқын дәлелдеп берді. Аулалардың тазалығын, үй маңындағы спорт алаңдарының көбейгендігін қалайша мақтанышпен айтпасқа. Мұның бәрі, сөз жоқ, қала әкімінің, оның командасының салиқалы еңбегінің жемісі. №1 орта мектепте өткен есепті кездесуде мен көп жәйттерді ұққандай болдым. Әсіресе, қаланың болашағы жайлы әңгіме өрбігенде бойымды мақтаныш сезімі биледі. Бүгінгі таңда басқа жерлерде тұрып жатқан әріптестеріммен, бұрынғы таныстарыммен байланысып тұрамын, олар маған келеді. Келген сайын қаланың көркіне қатты сүйсініп, өздерінің таңқалыстарын білдіріп жатады.

«Сіздердің алдағы күнге деген сенімді көзқарастарыңыз көңілімнен шығып отыр. Біз қашанда алға қарай жүруіміз қажет. Қаладағы, селодағы бас-ты мәселелер шешімін тауып жатыр. Бүгін осы жерде айтылған әр ұсыныс-тілек жерде қалмайды. Бәрі де сараланып, тиісті жұмыстар атқарылады», – деді қала әкімі Ермек Маржықпаев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс