Өткенді еске алып, өнегелі әңгіме тыңдап…

Қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерін біріктіретін «Көкше-Меdia» ЖШС қарттар айлығында аталмыш екі газет редакцияларынан зейнеткерлікке шыққан қарияларының басын қосып, дас-тархан жайды. Күнде шығатын, қорғасынмен теріліп, түн ортасына дейін даярланатын газеттерде қажымай жұмыс жасаған қайратты жандардың бүгінгі ізбасарларына айтарлары көп-ті.
Қадірлі қонақтарды «Көкшетаудың» бұрынғы редакторлары Төлеген Қажыбай, Балталы Сәрсенбаевтар бастап келді. Рүстем аға Бермағанбетов пен Сайлау Көшкенұлы Бурабайда өткен бір шараға қатысуларына байланысты келе алмаса, Орынбасар Төкенова, Күлзейнеп Айсина, Мәраш Рахымова, Қайыркеш Сүлейменова, Гүлнәр Шаймерген, Шынар Байтықова, Лариса Аитова, Вячеслав Губанов, Владислав Холин, Светлана Заика, Рахима Тургумбаева, Лидия Корепова, Вера Заенчковская, Мадина Жүсіповалар бір-бірлерімен мәре-сәре жолығып, амандық-саулықтарын сұрасты. Әрине, аға буынның өткен күннен еске алар естеліктері көп. Өмірден өтіп кеткен талай майталман журналистердің шығармашылықтары, сол кезгі газеттің беделі туралы жастарға тартымды әңгімелер айтылды.
Мәжіліс үстінде қарияларды құттықтап, оларға мықты денсаулық тілеген «Көкше-Меdia» ЖШС директоры Жалғасбек Сүлейменов келер 2020 жылы «Степной маяк» газетіне 100 жыл, «Көкшетау» газетіне 90 жыл толғалы отырғанын айтып, осы мерейтойларға орай, оны қалай атап өту керектігі жөнінде ойларын ортаға салуды сұрады. Ардагерлер естелік кітап шығару, мақалалар жазу, көне альбомдардан бұрынғы қаламгерлер, редакция қызметкерлерінің фотосуреттерін іздестіру, басқа қалаларда тұрып жатқан әріптестерді мерейтойға шақыру туралы ұсыныстарын айтты.
Әсем Жүніс пен Алма Тоқмолдина қонақтарға арнап, домбыраға қосылып тамылжытып әндер орындап берді. Ардагерлер сый-сияпаттарын алып, алғыстарын айтып, риза көңілмен тарқасты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий