Өткеннің өкініші ұмытылмайды

Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» үйінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, зиялы қауым өкілдері қатысып, зұлмат жылдардан сыр шертетін «Алаштың ұлы тұлғалары» атты көрмемен танысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, саяси қуғын-сүргін құрбандарының бүгінгі ұрпақтары сөз алып, тоталитарлық озбыр саясаттың ұлтымыздың абзал арыстарын құрбан етіп, көптеген азаматтарымыздың түрмеге тоғытылғандығын өзекжарды толқыныспен еске алды. Енді мұндай зұлмат жылдар қайталанбасын деген тілекпен жазықсыз жандардың рухын еске алып, ардақ тұту бүгінгі және келер ұрпаққа жүктелетін асыл міндет екендігі де айтылды. Сол зұлмат жылдары ел iшiндегi азаматтар «халық жауы» деген жаман атқа таңылып, жазықсыз сотталды, үштiк сотының шешiмiмен дереу атылды. Қанша арыстарымыздың сүйегi қай жерде қалғаны әлi күнге белгiсiз. Әсiресе, оқыған, билiк басында қызмет iстеп жүрген асылдарымыз жаппай қуғынға ұшырады. Олардың өздерi ғана жапа шеккен жоқ, әйелдерi де түрмеге жабылды. Балалары жан-жаққа тоз-тоз болып кеттi. Талай шаңырақтың төбесi ортасына түстi. НКВД-ның «қара қарғасы» одан басқа қанша адамды түнделетіп кеп, алдына салып әкеткенін тарихтың үнсіз ақтаңдақтары бүркеп те жатыр.
Тоталитарлық жүйенің тоқпағына ұшыраған тағы бір халық – ингуштар. Сырттан келгендерді өзекке теппей, бауырына басқан тек қазақ халқы болды. Олар үйінің бұрышынан орын беріп, бір үзім нанды бөлісіп жеп, бір-біріне сүйеу бола білді. «Қазақстан 130 ұлт пен ұлыстың туған үйіне айналды. Олардың бірі күшпен қоныс аударылғандар, бірі кулаксың деп қара таңба басылғандар, енді бірі тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендер. Қазақ жері олардың бірде-бірін жатсынған жоқ. Біз сондықтан басымыз жерге тигенше оларға иіліп тағзым етеміз»,–деп атап өтті «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев. Бұл күні солақай саясаттың құрығына ілігіп, жазықсыз жапа шеккендердің ұрпақтары сөз сөйледі. Олардың естеліктерін сай-сүйегің сырқырамай тыңдау мүмкін емес. Виктория Волкованың саяси қуғын-сүргін көрген кездерінен айтқан естелігін тыңдаған қауымның толқымағаны жоқ. Қалың жұртқа өткеннің ащы сабағын еске түсіріп, тәубеге шақыратын шараның тағылымдық мәні зор болды.
***
Науан хазірет мешітінің найб имамы Н.Оразұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Төлеғұл, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш.Әлиев және зиялы қауым өкілдері Максим Горький көшесінің бойындағы мұсылмандар зиратындағы батыр Мәліктің анасы Әлия Оспанқызының және Сәкен Сейфуллиннің перзенті Аянның құлпытасына гүл шоқтарын қойып, зұлмат құрбандарының аруақтарына тағзым етіп, құран бағыштады.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс