Өткен күндер елесі

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыған әріптес досы Октябрь Әлібек 2007 жылы жазған «Өткен күндер елесі» мақаласында досы Мәди Хасенов жайлы былай дейді:
– Алыс жол алғашқы адымнан басталады демекші, біз – төрт жас журналист Қазақтың мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін дәм жазып осы газеттің қасиетті табалдырығын имене аттадық. Бұрынғы облыстық «Есіл правдасы» газеті бес облыстың басын қосқан тың өлкесінің органына айналған екен. «Тың өлкесі» газетінің сол кездегі бас редакторы Уара Нұрсейітов біздерді – Жұмамұрат Тұяқбаевты, Мәди Хасеновты және Октябрь, Рақия Әлібековтерді жылы қарсы алды. Ағалық ақыл-кеңесін, редакция алқасының шешімін айтып, біздерді бөлімдерге бөлді. Қызықты да қиындығы мол тынымсыз жұмыс басталып та кетті. Көңілге тоқығаны мен көрген-білгеніміз көп, әрине. Әйтсе де, университетті бес жыл бірге оқып, талай жыл қызметтес болған екі жолдасымды айтпай тұра алмаймын. Соның бірі – журналист-жазушы Мәди Хасенов. Ол қарымды қаламгер ретінде университетте оқып жүргенде танылды. Содан өмірінің соңғы күндеріне дейін қаламын қолынан түсірмей өтті. Редакцияның қат-қабат тапсырмаларын мүлтіксіз орындай отырып, еңбекшілердің хат-хабарларын түзетіп, өңдеп, іске жарата жүріп көркем шығарма жазуға да уақыт таба білді. Ол – оннан астам кітаптың: роман, повесть, очерктер жинағының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген құрметті атаққа ие болды.
Мәкең – көсемсөздің нағыз шебері еді. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойылған қатал заманның өзінде қазақ тілінің аясын кеңейту, жергілікті ұлт кадрларының қыспаққа түсіп, қызметке өсірілмейтіндігін, қазақ мектептерінің күрт азайып бара жатқандығын ашына айтқан мақалалары кезінде оқырмандарын елең еткізгені әркімнің есінде болар. Әсіресе, облыста жылқы малын көптеп өсіру, қымыз өндіру, шипалы сусын фермаларын аштыру жайындағы проблемалық мақалалары әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Ол бүгінгі тәуелсіз еліміздің болашағына сеніммен қарайтын еді. Амал қанша, мейірімсіз ажал Мәдиді арамыздан ерте алып кетті, артында қалған үш баласының да қызығын көре алмағаны өкінішті-ақ. Облысымызға, оның ішінде Ақмола қаласына М.Хасеновтың сіңірген еңбегін ешкім де аз дей алмас. Бір топ зиялы қауым кезінде оған Ақмола қаласындағы бір көшенің атын беру жөнінде ұсыныс жасағанымен ол да аяқсыз қалды. Басшылықтың тізгінін ұстап отырған кейбір азаматтарымыз көпшіліктің бұл тілегін орындаудан сырт айналып, болмашы сылтау айтудан әрі аспады.

Октябрь ӘЛІБЕК,
«Арқа ажары» газетінің 1979-1995 жылдардағы
бас редакторы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс