Өтініштер аяқсыз қалмайды

Көкшетаудағы №4 орта мектепте қалалық мәслихаттың депутаты Зәуреш Нұрымова  сайлаушылары алдында есеп беріп, соңғы он ай ішінде атқарылған жұмыс туралы баяндама жасады. Онда халық қалаулысы нақты атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Кездесуге Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Бауыржан Ғайса қатысты.

IMG_9161Ашық пікір алмасу жағдайында өткен жиында З.Нұрымова жол, тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту, абаттандыру бағдарламаларының қалай орындалып отырғанына талдау жасады. Депутат бұған дейін сайлаушылармен өткен екі кездесуде көтерілген 20 мәселенің 15-іне нақты жауаптар жолданғанын, округтегі шешімін күттірер мәселелердің өзіне етене таныс екенін жеткізді. Тұрғындар өтініші бойынша 8 март, Жамбыл, Сәтбаев, Тәшенов көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары шешімін тауып, Қуанышев көшесіне 2 қоқыс контейнері орнатылған. Қалада 22 ойын алаңдары мен 7 спорт алаңдары қалпына келтірілді. Округ аумағындағы жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған отбасыларына депутат үнемі  қайырымдылық көмегін көрсетіп келеді. Халық қалаулысы биыл қайырымдылық көмек ретінде бір оқушының атына білім допозитін ашқан.

– Бүгінде көп мәселе депутаттың мүмкіндігіне емес, бюджеттен бөлінетін қаражатқа келіп тіреледі. Округте барлық мәселе біртіндеп шешілу үстінде, химкомбинатқа барар жолды аралап көрдім. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Көп жағдайда депутат халық пен биліктің арасын жалғастырушы ғана екенін ескерсеңіздер екен. Бюджеттен қаржы қарастырылған жағдайда депутаттар билік өкілдерімен ақылдасып, алдымен өзекті міндеттерді шешуге күш саламыз, – деген Зәуреш Олжабайқызына тұрғындар тарапынан сауалдар да көп болды.  Кездесуде тұрғындар Сәтбаев көшесінің жөнделуіне ықпал еткені  үшін халық қалаулысына алғыстарын білдірді. Сонай-ақ округ тұрғындары Панфилов көшесінің жолын тегістеу, Біржан сал мен Жамбыл көшесінің қиылысына контейнер орнату жөнінде өтініш білдірді. Химкомбинатқа дейінгі жолдың нашарлығы, Шевченко көшесін жарықтандыру да алдағы күннің еншісіндегі мәселе. Осы көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынса деген тілектерін жеткізді жұртшылық. Кездесуге қатысушылар көше тазалығы, дәрі-дәрмекке қатысты да сауалдар жолдады. Есепті кездесу емен-жарқын өтті. Көпшілік көкейіндегі сауалды қоя білді, тұщымды жауап та алды. Тұрғындармен болған депутат жүздесуінде өткір мәселелер де жасырынып қалмады, жасалған іске баға да беріліп, алғыс та айтылды.

 

Әсем Ұланқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий