Өтініш-тілектер тыңдалды

Қала әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындарды жеке бас мәселелеріне қатысты қабылдап, олардың тілектеріне құлақ түрді. Басым бөлігі баспана, жер учаскесі жайлы мәселе қозғады. Шаһар басшысы тұрғын үйге қол жеткізу тек кезектің ретімен жүзеге асатынын және жер телімдері заңға сәйкес берілетінін айтты.

Қабылдауға алғашқылардың бірі болып келген зейнеткер Жақыпбек Уәлиахметов 2-ші топтағы мүгедек. Қолында науқас баласы бар. Жер үйде тұрады. Бүгінде пәтер кезегінде 858-ші болып тұр. Қария қазіргі үйінде қарапайым адамның қажетін өтейтін жағдайдың жоқтығын алға тартты. Жүріп-тұруы қиын әрі денсаулығы жоқ жан бүгінде зайыбымен сал ауруына шалдыққан баласын бағып отыр. Көпқабатты үйдегі пәтер кезегі жеткенше, қазіргі жер үйіне су өткізіліп берілсе деген тілегін жеткізді. Алайда, оны дәл қазір жүзеге асыру мүмкін емес деген шаһар басшысы қарияны мұқият тыңдап, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына осы отбасын қамқорлыққа алуды тапсырды. Алдағы қыс айында қария шипажайда демалатын болады. Ал, пәтерге тек кезекпен қол жеткізеді.

Зейнеткер Мәриям Кенжеахмет қала әкімінің қабылдауына келгендегі себебі – алдағы уақытта өзінің музейлерге қатысты қызметін ұсыну екен. Кезінде Мәлік Ғабдуллин музейінің құрылып, жасалуына өзі мұрындық болған. Осы сала бойынша жастарға ақыл-кеңесімен бөлісуге дайын. Сонымен қатар өзі тұратын көшенің де жөндеуді қажет ететінін алға тартты. Шаһар басшысы білікті маманның жастарға көмегі тиетінін және алдағы уақытта өзі жеке кездесіп, әңгімелесетінін жеткізді.

Үй шаруасындағы Гүлжанар Сәдуова жетім бала ретінде тіркеуде тұр. Тұрмыс құрған. Қолында мүгедек баласы және жаңа туған нәрестесі бар. Қазір отбасымен пәтер жалдап тұрады. Қаржы жағынан қиындықтар туындауда. Пәтер кезегінде 514-ші болып тұр. Қала әкімі бұл отбасына да жауапты мекеме басшыларына қарайласуды тапсырды. Қабылдауға келген қала тұрғыны Гүлнәр Мұқашева жеке ісін ашу үшін жер учаскесін сұрайды. Алайда, оның өтініші қанағаттандырылмай келеді. Өйткені, сұраған жер учаскесінде көліктердің тұрағы орналасқан. Сондықтан жер комиссиясының отырысына қайта өтініш жазу қажет делінді.

  «Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий