Өтірік айтпайтын адам

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры сахналап, биылғы мау-
сымын ашқан Сұлтанәлі Балғабаевтың трагикомедиясы осылай аталады. «Өтірік айтпайтын адам»…Тақырыбының өзі ойлантып, ойланғанды қиналтып, бармағын шайнатып, опындыра бастайтындай. Өйткені… ондай адам бар ма, қалды ма өзі? Адалдық, шындық деген бар ма? Бақыт дегеніміз байлық па, әлде қалай? Ақшаң көп болса барлық арманыңа қолың жете ме? Бай болу үшін алдап-арбаудың еш әбестігі жоқ па? Басыңа күн туғанда не ойлайсың? Қойылым желісі жетелеп осындай бүгінгі заманда күйіп тұрған күпірлі сұрақтарға жауап іздейді.
Бас кейіпкердің бірі Ескендір (ҚР Мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай) үй салып беремін деп халықтан қомақты ақша жинап, сан соқтырып кеткен. (Жиі болып жатқан оқиға). Жұрттың жиған-терген қаражатын жұтып қойған жалғыз бұл емес. Жоғарыдағы «көкелері» қосыла жеген. Оның айтуынша адал боп мал жию, байлыққа бөгу мүмкін емес. Алым алмайтын, ұрламайтын адам жоқ. Жер алсаң да, үй салсаң да, ол үшін қанша рұқсат қағаз жинасаң да бәріне алым беруің керек. Демек, өзің өзгені алдап, ақша жисаң – амалыңды асырғаның. Енді, істі болып, тұтылып, қамақтан қолхат беріп қана үйіне жеткен. Сондағы сөзі: «Бақыт деген ештеңеге ұрынбай үйіңе аман-есен жету. Мен бақыттымын!»
Күйеуін итермелеп, қайрап, ақыры ұрланған ақшаның арқасында былқып-шылқып кең сарайда тұрып жатқан келіншегі Динараның (ҚР Мәдениет қайраткері Жанар Құсайынова) күйеуінен айырылса да коттеджінен айырылғысы жоқ. Күйіп-піскен күйеуін құтқарып алайын десе ешқандай заңгерге сенбейді. Ондай арпалысы тағы бар. Сөйтіп, өтірік айтпайтын, ақша үшін орта жолда сатып кетпейтін адвокатты шетелден алдырады. Шетелден келген адвокат Гүлжамила (ҚР Мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешева) есі кеткен Ескендірдің арам ойдан дін-аман, арманшыл, арлы жас шағындағы ғашығы болып шығады. Бұл – күрделі, психологиялық иірімі көп образ. Махаббатта жолы болмаған жан өмірде өзгеріп, басқа жанға айналғандай еді. Енді, міне, клиенті сол алғашқы махаббаты болып, алдынан қайта шығып отыр. Тек, кезіндегі ер мінезді, адал ойлы, ешкімге арын таптатпайтын намысты Ескендірі алаяққа айналған… Бәлкім, екеуі қосылған күнде бәрі басқаша болар ма еді. Екеуі де өз қалыптарында қалар ма еді, қайтер еді. «Ешкімде өз сүйгеніне қосылып жатқан жоқ!» деп өңмеңдейді Динара. Оның сөзі де жөн сияқты.
Арам ойлы, арқа сүйеп, сенген ағаларына алданған қарындас Назерке (актриса Ғалия Қорабаева) жеме-жемге келгенде ешкімді жамандыққа қияр емес. Қазақтың адалдығының, мәрттігінің, қанатын жалын шалып, шыр-пыр болған қарлығаштай. Айырылған пәтерін, жүз мың долларын бейтаныс ағайының басының амандығы, бостандығы үшін қия салмақ. «Ештеңе де керегі жоқ, ауылға кетемін» дейді. Бұл жердегі ауылы құшағы кең, мейірбан қазақ дархандығы ретінде көрінеді.
Өтірік ұлтшыл болып, даурығып, ел үстінен күн көріп жүрген шолақ белсенді Байжұма (ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Мырзаболатов) жиынтық образ. Ондай даңғаза «ғұламаларды» күнде көріп жүрміз. Актер рөліне ізденіспен келгені көрініп тұр. Толысқан тәжірибе, ізденіс іздері айқын көрінеді.
Режиссер орнатқан жүйе, сол жүйе – жолдан ауытқымаған тізгін, түйін мен шешімнің (қоюшы режиссер ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов) тылсым қуатын көрерменнің қойылымға жіпсіз байлануынан іздеу керек шығар. Уақыттың қалай өткенін аңғармайсың, өтіп жатқан оқиғаның бір бөлшегіне айналып кетесің. Бірге күлесің, бірге күйзелесің. Қоғамның кемшіліктері, өз кемшіліктерің үшін ұяласың.
– Жоғарыда, күйкі тірліктен биікте, аспанмен таласқан бәйтерек түбінде екі балғын жас жұптаса, әдемі әуен жетегінде сәнді билеп жүр. Абайламаған аялап, сақтап қала алмас ақ махаббат, адалдық, шынайылық. Көңіл түкпірінде күмбірлеп қалған романтика, асыл арман көрінісіндей сезіледі. Оқтын-оқтын осы көрініспен режиссер көрерменін адал өмірге ынтықтыра түсетіндей. Құлазыған көңілге үміт шырағын жағардай. Иә, адал болу, жақсы болу ешкімге, ешқашан кеш емес…
Қойылым көрерменді бір сәт те босаңсытып, жайбарақат қалдырмайды. Жұмысқа қойылар ең жоғары баға да осы емес пе? Ендеше, төгілген тер, еңбектің текке кетпегені. Бүгінгі кеселді қоғамға өте қажет, айтар адал ойы бар қойылымның көрермені көп болғай.

Серік Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий