Өңірдегі өркенді істермен танысты

4 тамызда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, өңірдегі ауылшаруашылығы саласының даму жағдайымен танысып, Бурабай, Щучинск курортты аймағын онан әрі дамыту мәселесіне, шағын және орта бизнесті өркендетуге айрықша назар аударды. Облыс орталығы Көкшетау қаласында өткен кеңес барысында өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасын іске асыру жайын талқылады. Премьер-министрдің өңірге жасаған сапары барысында облыс әкімі Мәлік Мырзалин бірге болды.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі тауарлы-сүт фермасы мен егіс алқаптарын аралап, ондағы ауылшаруашылығы өндірісінің технологиялық ерекшеліктерімен және кәсіпорынды одан әрі дамыту келешегімен танысты. Үкімет басшысы сүт фермасын аралау кезінде кәсіпорынның өндірістік үдерістері және да-йын өнімдер көрмесін аралап көрді. Премьер-министрге өндірістік қуаттылықты 2 есеге дейін ұлғайту және сауын табынын 2 400 басқа дейін жеткізу көзделіп отырғаны туралы ақпарат берілді. Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев осы серіктестіктің егістігінде болып, Ақмола облысының ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның егін жағдайы туралы баяндамасын тыңдады.
Бұдан кейін Премьер-министр Щучинск қаласындағы шаңғы спортының республикалық базасында болып, Бурабай поселкесіндегі туристік нысандарды аралап көрді. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен курортты аймақты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Күн тәртібіндегі осы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди мен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин туризмнің қазіргі жайы мен болашақ даму бағдары жөнінде, сондай-ақ, қазіргі таңда курортты аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Кәсіпкерлермен өткізілген кездесу кезінде Үкімет басшысы күн тәртібінде тұрған бірқатар толғақты мәселелерді талқылады. Әсіресе, туристік саланы дамытуға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру, елімізде шағын индустриялық аймақтарды дамыту жайы сөз болды. Түс ауа облыс орталығы Көкшетау қаласына келген Үкімет басшысы осындағы жұмыспен қамту орталығында болды. Орталықты аралау барысында Бақытжан Сағынтаев операторлар жұмыс жасайтын операциялық залды қарап шықты. Өз кезегінде мекеме директоры Ерік Мұратбеков өңір тұрғындарына еңбекпен қамтуға көмек көрсетудің іске асырылып жатқан бағдарламалары туралы баяндама жасады.
2017 жылы орталықтың жәрдемдесуімен 706 адам еңбекпен қамтылды, 90-ға жуық адам кәсіптік оқытудан өтті, 193 адам қоғамдық жұмыстарға, 51 адам – уақытша әлеуметтік жұмыс орындарына және тағы 33 адам жастар іс-тәжірибесіне бағытталды. Айтар болсақ, Үкімет жұмыспен қамту мәселесін тұрақты бақылауда ұстайды. Жұмыс сапарлары барысында Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы органдардың және бизнес өкілдерінің назарын жаңа жұмыс орындарын, әсіресе, экономика секторларын қайта құру қажеттігіне назар аударуда. Бұдан кейін Үкімет басшысы өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы бойынша кеңес өткізді. Оған жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың қазіргі қатысушылары, сондай-ақ, бизнес өкілдері қатысты.
Кездесу аясында «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасын іске асыру мәселелері, бизнес ортаны дамыту, шағын несиелендіру, кәсіби және техникалық білім беру, сонымен қатар жұмыссыздарды оқыту мәселелері қозғалды. Аталған тақырыптар бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев түсініктеме берді. Өз кезегінде көтерілген мәселелер бойынша жеке сектордың позициясын «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушы директоры Айдар Жақыпов, «Бастау-Бизнес» жобасының қатысушысы Ольга Проскурина, Қатаркөл ауылының ауылшаруашылығы колледжінің директоры Сергей Савельев, Щучинск қаласындағы экология және ауылшаруашылығы колледжінің студенті Жарқынбек Амангелдиев, сондай-ақ, «Серпін» жобасының түлектері Қасымжан Тұрғанбек пен бейнеконференц байланыс режимінде Мақсұт Сейіткамал ұсынды.
Қозғалған тақырыптар бойынша Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және Қостанай облысы әкімінің орынбасары Роза Кемалова түсініктеме беріп өтті. Қатысушылар шара барысында пікір алмасып, қолданыстағы Жұмыспен қамту бағдарламасын жетілдіру туралы ұсыныстарын айтты. Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-министр бағдарлама тиімділігін арттыру мақсатында тиісті шешімдерді қабылдау үшін мемлекеттік органдарға 10 күн ішінде аталған ұсыныстарды жинақтап, оларды Үкіметке ұсынуды тапсырды. Сапар соңында «Тыныс» акционерлік қоғамына барған Бақытжан Сағынтаев зауытты аралау барысында құбыр дайындап шығаратын цехты, өндірістік желілерді қарап шығып, өндіріс технологиясымен, жабдықтармен, сондай-ақ, осында шығарылатын өнімдердің көрмесімен танысты. Кәсіпорын директоры Қайрат Қалманбаев Үкімет басшысына зауыттың қызметі мен технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізу келешегі туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктері және жұмысшылардың әлеуеті жаңа бағыттарды игеруге және нарықтың сұраныстарына шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Зауыт өндірістік қуаттылығын ұлғайту мен шығаратын өнімдерінің түрлерін көбейтуді жалғастыруда.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс