Өңірді ілкімді істер ілгерілетеді

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин 18 қыркүйекте жұмыс бабымен Көкшетау қаласындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Красный Яр селосындағы бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда болып, мұнда шығарылатын отандық өнімдердің сапасына назар аударды. Сапар барысында өңір басшысымен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Алдымен облыс басшысы қайта жаңғыр-тылған «Оқжетпес» стадионында болды. Алаңдағы жөндеу жұмыстары жазда басталып, алаңның табиғи жабыны жасанды газонмен алмастырылды. «Оқжетпес» футбол клубының директоры Юрий Бондаренконың айтуынша, ендігі жерде футболды кез келген ауа райында ойнауға болады. Облыс әкімі Ғабдуллин көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Биылғы жылдың маусым айында басталған жаңғырту жұмыстары 2018 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған. Биыл осы мақсатқа 551,8 миллион теңге бөлінген. Жобаға сәйкес қалалық маңыздағы магистральды көше болып саналады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым – «Ван» ЖШС-гі көше бойындағы инженерлік желілерді, жылу құбырларын алмастыруда. Бұл күні өңір басшысы М.Мырзалин Красный Яр селосындағы Симферопольский көшесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын барып көрді. Жол жөндеуді мердігер ұйым «Көкшетауавтодор» ЖШС-гі жүргізуде. Осы мақсатқа 17 миллион теңге бөлінген. Бұдан соң өңір басшысы №3 Краснояр орта мектебінде пайдалануға берілген 336 орындық қосымша ғимаратта болды. Облыс әкімі абаттандыру, ішкі жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды. Мұғалімдер ұжымымен кездесу барысында облыс басшысы білім сапасын көтеру, оқыту мен тәрбиелеуді жүйелі түрде жүргізу, әдістемелік жұмыстардың дәрежесін арттыру міндеттері тұрғанын жеткізді.
Өңір басшысы мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк аясында пайдалануға берілген «Мансұр» балабақшасын аралап көрді. Ғимарат іші қажетті құралдармен жабдықталған. Нәтижесінде 180 бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылады деп күтілуде. Облыс әкімі мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк аясында қайта қалпына келтірілген көппәтерлі тұрғын үйлер ғимаратында болды. Жаңғырту жұмыстарына «Мишечкин» ЖК, «GoldBrick» ЖШС, «Танатов К» ЖК сияқты әлеуетті инвесторлар атсалысып, бос тұрған ғимаратта құрылыс жұмыстарын жүргізді.
Өңір басшысы Красный Яр селосын жылумен қамтамасыз ететін №2 блоктық-модульдық бу қазандығының жұмысымен танысты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында былтыр іске қосылған нысан құрылысының құны – 898 миллион теңге. Жылыту агрегатының ескілерден айырмашылығы – оның автоматты түрде басқарылуында. Өндіріс ғимаратынан бөлек жанар-жағармай қоймасы, күл шығару орны бар. Агрегаттың жұмысын оператор арнайы құрылғы арқылы бақылап отырады. Жүйеде қандай да бір ақау пайда бола қалса, ол да бірден көрсетіледі. Бұл орын алған олқылықты уақытылы жоюға мүмкіндік береді. «Қазандықтың тағы бір ерекшелігі – үнемділігінде. Көп техника қажет емес мұнда. Көмір салатын, және күлді шығаратын екі көлік жеткілікті. Шығыны аз болады». Жалпы 9 Г калорияға лайықталған 3 қазандықтың 2-уі селоны жылумен қамтуға толық жетеді. 1 қазандық резервте тұрады. Нысандағы қажетті қондырғылардың бәрі отандық өнім, яғни Щучье зауытынан шыққан. Бұған дейін селодағы барлық үйлерді жылумен қамтамасыз етуде қиындық туып келгені жасырын емес. Жаңа қазандықтың іске қосылуымен бұған дейін жылу жетпейтін аудандардың проблемаларын шешуге қол жеткізілмек. Алдағы күндері селодағы 2 жарым мың абонент, 23 көппәтерлі тұрғын үй мен 6 әлеуметтік-мәдени нысандар осы қазандыққа қосылады. Бұдан соң облыс әкімі ат басын тіреген «Агротрейд Көкше» ЖШС-гі – іргелі жеке шаруашылық құрылымдарының бірі. 2011 жылы құрылған қожалық дәнді дақылдар мен көкөніс өсіру, сақтау, сатумен айналысады. Серіктестік директоры Қайрат Жандаевтың айтуынша, 3 мың тонна картоп сақтайтын қойманың жоба бойынша жалпы өнімдерді сақтау кезеңі 9-10 айға есептелген, яғни қыркүйек айынан келесі жылдың маусым айына дейін шыдайды. Мұнда арнаулы камераларда сәбіз, қызылша сияқты көкөністер де сақталады. Қоймаға керекті барлық жабдықтар, техникалар шетелден әкелінген. Бүгінде серіктестікте картоптың «Алладин», «Пикассо», «Тала» түрлері өсіріледі. Сапар барысын қорытындылай келе, өңір басшысы М.Мырзалин селолық округте атқарылып жатқан игілікті жұмыстардың бар екендігіне ризашылығын білдірді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс