Өңір дамуына оң баға берді

Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Алдымен «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған Мәжіліс төрағасы көпсалалы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жайымен танысты. Мұнда ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылыққа қажетті техника құрастырылады. Жалпы алаңы 6 гектардан астам жерді қамтыған кәсіпорын бүгінде инновациялық талапқа сай жемісті жұмыс атқарып келеді. Сапар барысында Н.Нығматулин «Көкшетау минерал сулары» кәсіпорны жұмысшыларымен кездесті. Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы бабаларымыз сары жайлау атаған, сұлу Көкшетау еліміздегі тарихы бай қалалардың бірі екенін, Елбасының тұрақты қамқорлығының арқасында жыл сайын көркейіп, бүгінгі күні болашағы жарқын, мақсаты айқын, іргелі мекенге айналғанын атап өтті. Мәселен, Ақмола облысы еліміздегі ірі астықты өлке ретінде Қазақстан бойынша бидайдың төрттен бір бөлігін өндіріп, әрбір отбасының, әрбір шаңырақтың дастарханын ас атасы – қасиетті нанмен толтырып отыр. Бүгінде әлемнің 26 еліне астық экспорттап, Қазақстанымыздың экономикалық дамуына да үлкен үлес қосуда. Бұл облыста былтыр ғана Елбасының қатысуымен жаңа индустриалды-технологиялық парк ашылды. Еліміздің индустрияландыру картасы бойынша 223 миллиард теңгенің 76 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 7,7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта 528,3 миллиард теңгенің 11 жобасын іске асыру жоспарланған. Ол 4,3 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңір өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, инвестициялар тарту және тұрғын-үй құрылысы салаларында жоғары жетістіктерге жетіп, еліміздегі аграрлық-индустриялық аймаққа айналып келеді. Н.Нығматулин атап өткендей, кәсіпкерлік саласында да мыңдаған нысан ашылған. Соның ішінде, тәуелсіздіктің құрдасы саналатын «Көкшетау минерал сулары» зауыты 100-ге жуық сапалы әрі табиғи өнім шығарып, бәсекеге қабілеті артып келеді. Сапар аясыда Мәжіліс төрағасы «Авиценна» емдік-профилактикалық мекемесінде болып, ақ халаттылармен кездесті. Дәрігерлер алдында еліміздің медицина саласындағы жетістіктер жайында және Елбасы жүктеген болашақ жоспарлар турасында баяндады. Сондай-ақ, облыс тұрғындарын толғандырған сұрақтарға жауап берді. Көкшетауға сапары жайында Н.Нығматулин: – Ақмола облысында ауыл халқымен және әртүрлі сала мамандарымен кездесіп, көптеген сұрақтарды талқыладық. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға қойған мақсаттар мен міндеттерге баса көңіл бөлінді. Көптеген ұсыныстар, көптеген пікірлер, соның ішінде проблемалар да айтылды. Олардың барлығы алдағы заң шығару жұмысымызда ескерілетін болады,–деді. Палата спикерінің пікірінше, Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары, халық үшін де, депутаттар үшін де өте маңызды. Өйткені, бұл кездесулер ортақ мәселелерді тікелей талқылап, тығыз жұмыс жасауға мүмкіндік береді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий