Өңір дамуында өрелі өзгеріс көп

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің  8 айдың жұмыс қорытындысы бойынша облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есеп беру кездесуі өтті.

Өңір экономикасының барлық саласында өсім бар. Уақыт талабына сай атқарылатын басты қызметтердің бірі – биыл облыста өнеркәсіп кәсіпорындары жаңғыртылып, цифрландырылуда. Қазіргі кезде облыстағы 20-дан астам компания өнеркәсіп саласында цифрлық технологияларды қолданып жүр. «Кәсіпорындар технологиялық жаңғыруға инвестиция бөлуде белсенділік танытып отыр. Ағымдағы жылдың 8 айында 40 миллиард теңге қаржы игерілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық», – деді өңір басшысы. Өсім драйвері ретінде облыста құны 74 миллард теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде 1820 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Бұлардың ішінде 7 ірі жоба индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асырылуда. «Бірінші кезеңде егістік алқаптарының электрондық картасын жасау аяқталды. Облыс бойынша барлығы 5 миллион 800 мың гектар егістік алқапта цифрландыру жүргізілді», – деді М.Мырзалин. Сонымен қатар, аймақ басшысы ауылшаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүргізу үшін биылғы жылы бірінші рет 19 миллион теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Бұл агротехникалық шараларды дер кезінде жүргізуге, жанар-жағармайды үнемдеуге және тыңайтқыштарды тиімді қолдануға мүмкіндік бермек. «Еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – жылдық қуаты 50 мың тоннаны құрайтын Макинск құс фабрикасы. Оны іске қосу жергілікті өндірістің және құс етін жеткізіп беру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді М.Мырзалин. Жылына 25 мың тонна құс етін өндіру бойынша жобаның алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Оны 28 қыркүйекте іске қосу жоспарланған. Фабрика толық қуатымен келер жылы жұмыс істей бас-тайтыны көзделген. Фабрика толық қуатына көшкен кезде, елімізде құс еті импортының үштен бір бөлігін жабатын болады.

Аймақ басшысы облыс елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі, сондай-ақ, газдандыру бойынша жобаны жүзеге асыру перспективаларына тоқталды. Астаналық елді мекендерді бір орталықтандырылған сумен жабдықтау бағытында 35 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 10 жобаны биыл аяқтау жоспарланған. Ұзындығы 220 шақырым су құбыры және 21 шақырым кәріз желісі салынады. Сонымен қатар, өңірде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған елді одан әрі газдандыру бойынша әлеуметтік жобасына да көңіл бөлінуде. Аталмыш «Сарыарқа» жобасы шеңберінде келер жылдан бастап, Аршалы және Целиноград аудандары аумағындағы 20 елді мекенге газ тарту жұмыстары қолға алынбақ.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша шағын несие беру көлемі 4 миллиард теңгеге ұлғайды. Оның 1 миллиард теңгеден астамы Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде. Жеңілдетілген несие 800-ден астам адамға берілсе, оның көпшілігі ауыл тұрғындары. Қолдау нәтижесі ретінде 3,5 мың адам кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігін алды. Салық түсімі 6 пайызға артты.

Өңір басшысы Көкшетау жəне Астана маңындағы елді мекендерді дамыту жоспарымен бөлісті. Негізгі жұмыс облыс орталығын қалпына келтіру жəне инфрақұрылым құрылысы бойынша жүргізілуде. Үстіміздегі жылы Көкшетауда жол айрығының құрылысы басталды. Бұл қала көшелеріндегі жүктемені азайтады. Бүгінгі таңда 73 тұрғын үй
ауласында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, 28 ойын алаңы орнатылды, 15 спорт алаңын салу жоспарда бар», – деп атап өтті М.Мырзалин. Сонымен қатар, аймақ басшысы облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің маңында жаңа аллея және Станционный кентінде сквер салынатынын атап өтті. Тұрғын үй секторы да даму үстінде. «Сарыарқа», «Юбилейный» мөлтек аудандары және қаланың орталығы абаттандырылып жатыр. Астана қаласының маңындағы елді мекендерді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 28 елді мекенді дамыту үшін бөлінген қаржының көлемі 1,7 есеге артты. Елорданың іргесінде елді мекендер кезең-кезеңімен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуде және электрмен жабдықтаудың жаңа желілері салынып жатыр. Сондай-ақ, үй аулалары мен көшелері жөнделуде.

Облыс басшысы облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есептік кездесуінде жас мамандарға көрсетілетін қолдау туралы айтып өтті. Биыл облыстық бюджеттен 150 грант бөлінген, оның 50-і бірінші рет медициналық факультетте, 100 грант педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге берілді. Медициналық мамандықтарға республикадан 18 грант бөлінсе, оның алтауы интернатураға арналған. Оған қоса, облыстық бюджет есебінен интерн оқуға қосымша 6 грант бөлу қарастырылып отырғандығын атап өтті аймақ басшысы. Жақында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанынан ашылған медициналық факультетте Үндістаннан келген 150 студент білім алатын болады. Қазіргі кезде олардың жатын орны мен тамағын өз елдері мойнына алмақ. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған жастардың сапалы кәсіби білім алуы үшін облыс әкімінің шәкіртақысы тағайындалған. Бүгінгі таңда облыс әкімінің шәкіртақысы есебінен 276 ақмолалық студент еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 102 миллион теңге қаржы бөлінген.

Облыста спорттық нысан-дардың инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы Есіл қаласында стадион қалпына келтірілді. Бұланды ауданында жүзу бассейнінің, Көкшетау қаласында спортзалы бар футбол алаңының құрылыстары аяқталуға жақын. Астрахан және Ерейментау аудандарында денешынықтыру және сауықтыру кешендері салынуда. Өңірде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте, жеңіл атлетика манежі мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Кәсіби және бұқаралық спортты дамытуда республикалық шаңғы базасы спорт кешенінің ашылуын айта кеткен жөн. Олимпиадалық даярлық орталығы да Бурабайға көшірілді. «Өткен жылы Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Менің Елім» әлеуметтік-инвестициялық бағдарламасы шеңберінде Аршалы және Целиноград аудандарында көше спорты Street Workout, стритбол және әмбебап спорт алаңдары ашылды. Сонымен қатар, Степногорск, Есіл қалаларында, Бурабай кентінде және Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында жаңа воркаут алаңдары ашылады. Мұндай игі істер салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуда маңызды болмақ»,  – деді аймақ басшысы.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий