Өңір көктемгі егіс науқанына дайын

Бүгінгі таңда облыста көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі міндет – оны заманауи және тиісті агротехникалық шараларды қолдана отырып, тиісті деңгейде жүргізу. «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында өңірдегі маңызды науқанға дайындық тағы бір пысықталды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін өңірде тұқым қоры жеткілікті. Қазіргі уақытта оны зертханалық жолмен тексеру жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, тұқым шаруашылығымен айналысатын субъектілерден жоғары өнім беретін тұқым сорттарын іріктеу мәселесіне ерекше назар аударылмақ. Бүгінгі таңда осындай шаруашылықтар 60 мың тоннаға жуық өнімін сатып үлгерген. Айта кетейік, биыл 5 миллион гектарға жуық алқапқа дәнді-дақыл сіңірілмек. «Оның ішінде дәнді-дақылдар бойынша 4 жарым миллион, майлы дақылдар бойынша 222 мың гектар, мал азығы бойынша 196 мың гектар егіледі. Былтырғымен салыстырғанда биыл 92 мың гектарға молырақ себеміз. Жердің көлемі көбейіп жатыр. Биылғы жылы 70 мың тонна жанармай үкіметтен бөлінді. Барлық техника 100 пайыз дайын. Жоспар бойынша 20 күннің ішінде егістік жұмыстарын бітіреміз деген ойдамыз. Күндегі жоспар 230 мың гектарды құрайды», – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов. Өңірде машина-трактор паркін жаңарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы облыстың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер 47 миллиард теңгеге 2300 техника сатып алды. Биылғы 3 айдың өзінде шаруалар 500-ден астам жаңа техникаға қол жеткізді. Қоғамдық кеңесте аграрлық сектордың өкілдері жанармай, техника, субсидия сынды мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий