Өңір өмірінің өзекті мәселелері

М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы жанындағы «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Бақберген Амалбековтың «Сырын ұғу әлемнің – түзуімен сәлемнің», «Қайығын қисайтпағандар қағидаты», «Әлемге әдемі қараңыз» атты үш бірдей кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Кешті «Алтын Арқа» орталығының, Қазақстан Рес-публикасы Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Жетпісқалиев жүргізді. Жиналған қауымға алдымен «Қарымды қалам иесі» атты
Б.Амалбековтың шығармашылығына арналған көрме таныстырылды. Кітапханашы Арайлым Даулыбаева кеш қонағының кітаптары, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары, оларда көтерілген негізгі мәселелер жөнінде әңгімеледі. Орталықтың жақсы бір жаңалығы – «Библиостудияның» алғашқы түсірілімі де жиылған қауым назарына ұсынылды. Онда кеш қонағы мен кітапхананың ақпараттық-библиографикалық бөлімінің жетекшісі Махаббат Ивахинаның жүргізген шағын сұхбаты таспаланған екен.
Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, кәсібін алмастырмай зейнеткерлікке шыққан автор ширек ғасыр бойы еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болған. Сол жылдар ішінде өңірдің экономикасы, мәдениеті мен әдебиеті, тағдырлы тұрғындары туралы небір материалдар жариялады, сырлы сұхбаттар ұсынды. Бүгінгі үш кітап сол ширек ғасырғы еңбектің жемісі. Тұсаукесер рәсімінде жазушы-драматург, «Бұқпа!» газетінің бас редакторы Төлеген Қажыбай, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қаламгер Ғосман Төлеғұл, әріптестері Жанмұрат Жанайдаров пен Дәулетжан Ахметжанов Бақберген Амалбековтың шығармашылық жолы жөнінде тұшымды әңгімелер айтты. Кеш соңында Б.Амалбеков өзінің өлеңдерін оқыды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий