№11 мектеп-гимназияның оқушылары Ұлы Абай еліне саяхат жасап қайтты

Көкшетау қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл толуы қарсаңында ұлы Абайдың еліне саяхат жасап қайтқан №11 мектеп-гимназияның оқушыларын қабылдады. Бес күндік сапар аясында көкшетаулық оқушылар Семейдің тарихи-мәдени орындарында болып, білімдерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Саяхаттап келгендер – жай ғана оқушылар емес, болашағын ғылыммен байланыстырғысы келетін ізденімпаз балалар. Ғылыми ізденісте жүрген оқушылар бұл сапарларында еңбектеріне қосымша деректер жинаған.

Аталған білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуре Қақабаева алдымен осы сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі мен мектеп-гимназия басшылығына алғысын білдірді. Кемеңгер, ойшыл Абайдың шығармашылығын жастардың бойына сіңіру үшін не істесем екен деген ой ұстазды көптен бері мазалаған екен. Содан, ойлана келіп, мектеп қабырғасында арнайы клуб ашуды жөн санаған. Оның айтуынша, мұндай саяхаттар оқушылардың патриоттық сезімін нығайтып қана қоймай, шәкірттердің ілім-білімге деген қарым-қабілетін ашады. Аталмыш жобаның оқушыларға берері өте көп. Ең бастысы, жобаны жүргізу арқылы жан-жақты толыққанды тұлғаны қалыптастыруға көп күш жұмсалуда. Сапар барысында оқушылар түрлі мәдени-тарихи орындарда болып, танымдық білімдерін арттырып қана қоймай, өздері қолға алған түрлі тақырыптардағы Абай шығармашылығы, Семей тарихына қатысты зерттеу жұмыстарына нақты жауаптар алды.
«Қазақтың бас ақыны Абайды, даналы сөздің дарасы Шәкерім қажыны, мұхиттай Мұхтарды дүниеге әкелген Жидебайдағы мұражай-үйдің экспозициясын ынта-жігерімен тамашалап, айтылған әңгімені көңілге тоқуға тырыстық. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мұражайды аралап болған соң, кесенеге барып ұлы тұлғаларға құран бағыштадық. Әдебиетті өмірінің басты бағыты етіп алған жас өрендердің шабытына шабыт қосып, қаламдарын қайрап, көңілдері мен саналарына сөнбес сәуле құйдық деп сенеміз», – дейді ұстаз Зәуре Қақабаева.
Жеткіншектер ішінде мұндай қасиетті орындарды бұрын-соңды көрмегендері де бар. Сондықтан алған әсерлерімен бөлісуге асықты. Оқушылар Бөрілідегі М.Әуезов, Жидебайдағы Абай, Семейдегі Достоевский музейлері, әдеби-мемориалдық кешен бейнелері көрсетілген фотосуреттермен таныстырды. Олар Семейден оңтүстік-батысқа қарай 180 шақырым қашықтықта орналасқан Жидебайға барар жолда мөлдіреп аққан бастау бұлақта, әйгілі Күшікбай батыр жерленген жерде болған. Одан әрі жан-жағы адырлы бел, құйқалы қыратты, сыздауытты, тұзды жер Бөріліге табан тіреген. Бөрілі – атақты жазушы М.Әуезовтың кіндік қаны тамған ата қонысы. Одан әрі сонау ұлға – бұғау, қызға – тұсау болған зар заманда запыран жұтып, бірін-бірі сүйгені үшін тас бауыр қатал заманның құрбаны болған қос ғашық Еңлік-Кебек монументін көрді.
«Абай атамыз туып-өскен, бала кезінде асыр салып ойнаған Жидебайға сапар шегуіміз алғаш рет. Терең ойға берілдік. Сонау XIX ғасырда өмір сүрген атақты ұлы тұлғалар дем алған ауамен тыныс алып, олар жүріп өткен жерлермен менің де жүріп өтетінімді ойлағанда, бойымды ерекше қуаныш сезімі билеп кетті. Біз Мұхтар Әуезовтың мұражайы орналасқан Бөріліні көрдік. Маған ұнағаны – адамдардың қонақжайлылығы, ауасының тазалығы, келушілердің көптігі. Абай мұражайы экспонатқа өте бай екен. Алдымен терезесі шығысқа қараған ас үйін, содан соң қонақ қабылдайтын бөлмесін, ауызғы бөлмелерін аралап көрдік. Ұлы адамның ұстаған самауырыны, қолданған жеке заттары, жұмыс үстелі – бәрі де маған: «Абай аталарың осындай ұлы, дана адам болған», – деп тұрғандай көрінді», – дейді Андрей есімді оқушы.
Шын мәнінде Абай мұражайы экспонаттың молдығымен таңқалдырды. Оның әр бөлмесінде өз кезінде ұлы ақын ұстаған бұйымдары, қолданған заттары бар. Тіпті, сырты күміспен қапталған ағаш тегене де, ожау да, тостағандар да сол қалпы сақталыпты. «Абайдың тоғызқұмалақ тақтасы көне болса да көз тартады. Бөлмеге кіріп барғанда сол жақ босағаға дөңгелек пеш, оның алдына жез леген мен шәйнек қойылыпты. Одан жоғарырақ әдемі сүйек төсек тұр. Төсектің алдында көрпеше, жастықшалар жатыр. Сондай-ақ, Абай ата пайдаланған кітап шкафы, қабырға сағаты да, кітаптары да осы бөлмеден орын алған. Ал, ас бөлмесі мүлдем өзгеше: онда үлкен-кіші қазан мен самауырындар қойылған», – дейді оқушы Диана Әбіл.
Алған әсерлері мен қуаныштарын жасыра алмаған оқушылар осындай тамаша танымдық, тарихи әрі ғибратты саяхат үшін алғыстарын жеткізді. Өскелең ұрпақтың тарихын танып, өткенін біліп, болашаққа айқын бағытпен, нық қадаммен аяқ басқаны – ел болашағының жарқын боларының кепілі. Ұлылар мекенінен жандарына нәр алып, саналарына ізгілік дәнегін еккен балғындарымыз қазақ әдебиетінің, поэзиясының арзандап кетуіне жол бермейтін талантты тұлғалар болып өсетініне бек сенімдіміз. «Мұндай шаралар жастарды отансүйгіштікке шақырып, қазақ елінің Абай сынды ұлы тұлғасының атын сақтап қалуға қосатын үлесі зор. Бүгінгідей ақпараттық технология дамыған заманда оқулықта жоқ деректермен танысып, ең бастысы, оқушылардың көзбен көргендерін көңілдеріне түйіп қайтқандары қуантып отыр. Ендігі жерде басқа білім ордаларында осы сапар аясында конференция ұйымдастырылып, насихат жұмыстары жүргізілуі тиіс»,–деген қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов ізденімпаз, білімді жастарды қашанда қолдауға дайын екендігін жеткізді. Білім ордасы да осындай шараны дәстүрге айналдырмақ ниетте. «Абай әлеміне саяхат» клубының мүшелері алдағы уақытта сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың туған жеріне сапар шегуді жоспарлап отыр.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс