№2 орта мектеп-лицей үздіктерінің слеті

Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында №2 орта мектеп-лицейінің ІІІ үздіктер слеті өткізілді. Оны ұйымдастырғандар – «Нұр Отан» партиясының бастауыш тобы және «Жас ұлан» ұйымы. Слетке 4-11 сыныптың 150 оқушысы, атап айтсақ, республикалық ғылыми конкурстар мен халықаралық шығармашылық және спорт жарыстарының, облыстық және қалалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары қатысты.

DSC02001

Театр фойесінде мектеп-лицей оқушылары жетістіктерінің экспозициясы мен қолөнерші оқушылардың қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Слет делегаттары үш тілде баяндама жасап, өскелең ұрпаққа білім және тәрбие берудің өзекті мәселелерін көтерді. Мәселен, саяси пәндер бойынша мектепішілік олимпиада жеңімпазы, 11 сынып оқушысы Айдана Уаисова Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттер жайлы айтты. «Адал ұрпақ» мектеп клубының белсенді мүшесі Мейірбек Жақан азаматтық қозғалыстың бір бөлігі болып табылатын өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы клуб жұмысымен таныстырды. 5 сынып оқушысы Дошан Есмағанбет өзінің робототехникамен әуестігі және Мәскеу қаласында өтетін «Деталька» халықаралық конкурсына қатысу ниеті жайлы әңгімеледі. Республикалық ғылыми конкурс жүлдегері, 6 сынып оқушысы Ләззат Салықова көпшілікті алда болатын «EXPO 2017» Астана көрмесіне арналған өз жобасымен таныстырды.
Мектеп-лицейдің түлегі, білім ордасының қазіргі директоры Гүлнара Әбдіқасымова Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасы ұсынған кітаптарды, оқу құралдарын слетке қатысушы оқу үздіктеріне, жарыстар мен конкурстар жеңімпаздарына және жүлдегерлеріне сыйлады. Сонымен қатар үздік педагогтар мен белсенді ата-аналарды грамотамен марапаттады. Мұндай құрметке бөленгендердің қатарында Нұргүл Беркімбай, Иза-
белла Чернышова, Айдана Жанайдарова, Карина Ласкавая, педагогтар Әлия Көпеева, Сабила Сәдуақасова, ата-аналар Борис Ли, Шоқан Ильясов және тағы басқалары. Облыстық конкурс нәтижесі бойынша №2 мектеп-лицейдің интернет-ресурсы үздік болып табылып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, интернет-сайтты дамытып, уақытылы құнарлы материалдармен қамтамасыз етіп тұрғаны үшін информатика мұғалімі Әсемгүл Қажымова мен директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Әбілхаева да марапатқа ие болды. Мектептегі белсенді оқушыларға слет қонағы, №6 орта мектеп-лицейдің оқушысы, жас дарын Томирис Саматованың қолтаңбасы жазылған кітаптары сыйланды. Слеттің үш тілде жоғары деңгейде өтуіне мектептік жоғары сынып оқушылары кеңесінің президенті Әмина Сәлімова айтарлықтай үлес қосты.

Гүлжан Молдыбаева,
№2 орта мектеп-лицейдің
баспасөз хатшысы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс