1 сәуір – күлкі күні

«Көкшетау» газетінің бүгінгі мейманы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,  Ақпарат саласының үздігі Сайлау Көшкенұлы

Біздің өңірде сын садағын серік қылып, қоржын-қоржын әзіл-оспағын өңгеріп, өзінің де, өзгенің мінін көріп, кеселін сынап, кем-кетігін мінеп жүргендер көп емес. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, сатирик журналист Сайлау Көшкенұлы ағамыз. Сатириктердің аз болатын себебі – ол қиын да күрделі жанр. Қисынсыз қылықтарды, жағымсыз әдет, жадағай жағымпаздық, қомағай жемқорлықты күлкіге айналдырып, күлдіре отырып оқырманын ойға бөктіру қайдан оңай болсын?! Журналистикаға еңбегін сіңіріп, газеттің бұ дүниеде бітіп болмас митың жұмысына жегіліп, отымен кіріп, күлімен шығып 47 жыл қызмет істеген ағамыз сөйтіп жүріп сатирасына да уақыт тапты. Оның қаламынан «Кәуіктің өкініші», «Құныққанның кесірі», «Бірқақпайлар», «Күлсек күлейік, кәнекей» сияқты сықақ кітаптар жарық көрді. Көптеген республикалық жинақтарға Сәкеңнің сайқымазақ қыздырмалары енді. «Серезный» тақырыптардағы табыстарын дәп қазір тізбелемек емеспіз. Көңілі сергек, қалжыңға жақын, шындықты қағытып болса да бетке айта салуға даяр тұратын қаламгер көрген-түйгенін оңашада отырып, қағазға түсіруден жалыққан емес. Сондықтан, алдағы уақытта да оның уытты сын-сықақ, әзіл-оспағын талай оқырмыз деп ойлаймыз. Ал, бүгін «Күміс күлкі» бетінің оқырмандарына Сайлау Көшкенұлының сиясы кеппеген су жаңа дүниелерін ұсынып отырмыз.

komik-resimler_382775_m

Ауылдікі емес, қайын жұрттікі

Әу бетте-ақ нарық қыспағына алып, әркім өз тірлігін өзі жасай бастаған шақта жұмыссыз қалған, әйтеуір астарында жеңіл машиналары бар біздің елдің балалары да (жас жігіттер) әр жақтан малдың етін әкеліп, қаланың әр бұрышында, әр қалтарыс жерінде сатып жатқандарын байқаушы едім. Тағы бірде көшеде жас құнажынның етін қанжоса ғып, балтамен бөлшектеп, әлем-жәлем саудалап жатқан олардың үстінен түстім. Әлгілердің бұл қылығына ойнаған боп, әрі ойымдағы да сол: – Әй, інішектер, мына қалыптарыңмен ауылдың бар малын түгесіп бітіресіңдер ғой, бұларың не? – дегенімде ішіндегі Мұрат есімді қушыкештеу біреуі: – Аға, аға, бұл ауылдан әкелінген мал емес, қайын жұрт жағынікі, – деп тауып кеткені бар.

Мақта мейлі, мақтама мейлі

Шортан ауданында меншікті тілшіміз Сәмең зейнеткерлік жасына толып, соны шағын топпен атап өтпек болдық. Сол уақыттағы жерком төрағасы Шәкең:
– Ал жігіттер, жұмыс аяғында тарап кетпеңдер, Сәмеңді құттықтайық, – деді. Сағат тілі алтыдан аса бере жинала қалдық. Бар-жоғы жеті-сегіз адамбыз. Байқаймын, Сәмең үлкен қара сумкасына салып, аздап піскен ет, бауырсақ, тіске басар тағы оны-мұнысын әкеліпті. Төрт-бес шыны арағы тағы бар екен. Содан кішігірім той басталды да кетті. Анау да, мынау да сөз сөйлеп жатыр. Шөлмектердің де екі-үшеуі босап қалды. Кезек Шәкеңе де жетті.
– Біздің Сәмең еңбек жолын республикалық аға газеттерден бастаған. Қарағандының, Ақмоланың облыстық газеттерінде де істеген. Талай награда, лауреат атағы да бар, – деп көсіліп, шешіліп келе жатқанда «той иесі»:
– Әй, әй, Шәке, сен мақта мейлі, мақтама мейлі, енді соңғы шыны ғана қалды, – демесі бар ма зейнеткерлікке шыққалы отырған әріптес ағамыз. Отырғандардан әлдекім мырс ете түсті. Шәкең де сөзін доғарып, сап тиылды.

«Машина қолға тигенше өлмеші…»

Ана жылдары кеңестік дәуірде Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне Жеңіс мерекесі қарсаңында қаншама сый-сияпаттар жасалып, мадақтаулар айтылып, тіпті жеңіл автокөліктерге дейін тегін беріліп жүрді ғой.
Сондай ауылдағы ақсақ-тоқсақ екі-үш шал қатарынан екі реттен «Запорожец» машинасын мініп, бала-шағасы қатты қуанысып қалады. Бірақ темірдің аты темір, уақыты өткесін ол да ескіреді, оны-мұнысы сынып тозады. Оның үстіне жас болғасын әлгі ақсақалдардың балалары автомашинаны күтіп міне білмейді, анау-мынау тетігі сына қалса оңдау қолдарынан келмейді. Сөйтіп жүргенде мұндағыларға аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінен «Алдағы Ұлы Жеңіс мерекесіне байланысты тағы да жеңіл автокөліктер бөлінеді екен, соған соғысқа қатысқандығы, мүгедектігі немесе бір қол, бір аяқтан айрылғандығы жөнінде қажетті құжаттары әзірленсін» деген хабар жетеді. Қырсық қылғандай, тап осы уақытта әлгі ақсақалдардың біреуі қатты сырқаттанып, әл үстінде жатады. Сонда оның көңілін сұрай келгендерге кенже баласы қынжыла қарап тұрып:
– Әкей қатты ауырып жатқаны. – Бірақ жаратқаннан жалбарынып тілейтініміз, қашан машина қолға тигенше өлмей тұра тұрса екен, – депті.

Аллергиям ұстайды

Тәкең бір қағары бар, қуақылау жігіт болатын. Жұмысында да ынталы. Әйткенмен бойындағы бір кемшілігі ішімдікті тәуір көретін. Ал арақ жүрген жерде достарының да көп болатындығы белгілі ғой. Бірде жолдастарымен дөйіңкіреп жіберіп, Тәкең төсегінен тұра алмай жатса керек. Әйелі көрпесін жұлмалап, қайта-қайта:
– Әй, таң атқалы қашан, жұмысыңа бармайсың ба? – дейді мазалап. Сонда анау бір көзін сығырайтып ашып:
– Қой дедім ғой саған. Түндегілерді көрсем аллергиям ұстайды, – деп қайта аунап түсіпті.

Ішпегенде былай айтасың

Әйелдер мерекесі болғандықтан шағын топ тағы жинала қалыпты. Стол үсті тағамның түр-түріне сыңсып тұрғанмен, «ащы судан» дәнеңе көрінбейді. Содан отырған жұрт Тәкеңе:
– Сен «Жұлдызым» әнін жақсы айтады дейді ғой. Кәне, мына әпке-қарындастарыңның мерекесі құрметіне де бір шырқатып жіберші, – деседі қолқалап. Тәкең қыңқ демейді.
– Мен ішкенде ғана айтушы едім. Ішпесем дауысым шықпайды, – дейді сылтауратып.
– Әй, ішкені несі? – дейді отырғандар болмай. Әрі-бері қоймаған соң Тәкең әнді бас-тай жөнелді. Қайырмасына келгенде, тіпті өңешін жырта шырқатады дерсің. Сонда төр басында отырған Байекең деген:
– Әй, әй, мынауың тіпті керемет қой, ішпегенде былай айтады, ішсе қайтер еді? – депті басын шайқап.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс