14 тамыз – Құрылысшы күні

Құрылысшылардың еңбек іздері мыңдаған тұрғын үйлер мен түрлі қызмет көрсету ғимараттарында, мыңдаған мектептер мен балабақша, ауруханалар мен емханаларда, мыңдаған шақырым жолдарда сайрап жатыр. Ел қуанышына айналған ғажайып кешендер мен көкпен таласқан көрікті үйлердің көптеп салынуына қыстың суығымен, жаздың аптап ыстығында тер төгіп жатқан құрыш қолды құрылысшылардың сіңірген еңбектері ерен. Олар білікті, іскер де қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай өз үлестерін қосуда.

 «Тұрғынүй-құрылысжинақбанкі» салымшылары үшін «Жансая» тұрғын үй кешенінде 30 пәтерлік 5 үй пайдалануға берілді. Осы бағыт бойынша «Сарыарқа» мөлтек ауданында тоғыз қабатты 45 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Осы ауданда жас отбасылар үшін отыз пәтерлік 3 тұрғын үй салынуда. Жоспарланған құрылысты мерзімінде  толық аяқтау үшін қосымша 67 340 миллион теңге қаражат бөлінсе, биылғы жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл қала өміріндегі айтулы оқиға болмақ.

Пәтер кезегінде тұрғандар үшін 2015 жылы «Сарыарқа» мөлтек ауданында құны 1 миллиард 680 миллион теңгені құрайтын тоғыз қабатты 45 пәтерлік 5 үйдің құрылысы басталған еді. Бөлінген қаражат толық игеріліп, биыл құрылысты аяқтауға облыстық бюджеттен 582 миллион теңге қаражат бөлінді. 45 пәтерлік үйге қосымша 18 пәтерлік үй құрылысы салынуда. Биылғы жылдың шілде айында «Көктем» мөлтек ауданында 45 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталып, «Центральный» мөлтек ауданында тоғыз қабатты 45 пәтерлік үй салынуда.

Қала сәулетіндегі айшықты қолтаңба

1999 жылы құрылған «Мәрмәр» құрылыс компаниясының аймақ экономикасын дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар десек, асыра айтқандық емес, әрине. Қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамай берілген тапсырманы уақытында орындау мақсатында ерінбей еңбек ететін құрыш қолды құрылысшылардың маңдай тері адал екені даусыз. Әрісін айтпағанның өзінде соңғы жылдардың ішінде компания бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салып, халық игілігіне пайдалануға беруде. Сонымен қатар, облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарын жаңғырту бағдарламасы аясындағы жүзеге асырылып келе жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына да атсалысып келеді.

– 1981 жылы Қарағанды политехникалық институтын тәмамдадым. Еңбек жолым Қарағанды көмір бассейнінде жұмысшы болудан басталды. Тоқсаныншы жылдары қайнаған қызу құрылыстардың бел ортасынан бір-ақ шықтым. Ұзақ жылдардан соң солтүстік өңірдегі құрылыс саласы енді ғана дамып, қарқын ала бастаған. Қатардағы құрылыс маманынан бастап, трест басқарушысы болдым. Сол тұстарда көптеген әлеуметтік нысандарды пайдалануға бердік. Тұрғын үйлер салдық, басқа да маңызды тапсырыстарды орындадық. Біздің әрбір жетістігіміз бен жеңісіміз ел егемендігімен ұштасып жатты. Үй салу, оны жайлы, жылы, көркем ету, адамға қуаныш әкелу рахат қана емес, бақыт та сыйлайды. Осы жылдар ішінде салынған құрылыс нысандарының барлығын жіпке тізе беру мүмкін емес. Бірақ сол құрылыстар көзіңе жылы ұшырап, шамшырақтай көрінеді. Өзің салған құрылысқа қарап, сол кездегі сәттерден естеліктер ойға оралады», – дейді «Мәрмәр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Ешмағамбетов. Тоқсаныншы жылдардан бері компания ірі көлемдегі құрылыстардың бел ортасында жүр. «Бірлік» мөлтек ауданында оқу-тәрбие кешенінің құрылысы осы компанияның қолынан өтті. Қазіргі уақытта «Васильковка» мөлтек ауданында отыз пәтерлік үш тұрғын үйді тұрғызуда. Негізі қандай нысанды салмас бұрын оның алдын ала дайындалған жобасы жан-жақты сараптамадан өтетіні белгілі. Сонан кейін ғана оған мемлекеттік сараптамадан өткендігі туралы рұқсат беріледі. Компанияда әрбір құрылысшыға қойылатын талап қатал. Осыны жақсы түсінген құрылысшылар да өз ісінің нәтижесі жақсы болғанын қалап, сол бағытта жұмыс жасайды. Өңірде салынып жатқан құрылыс сапасы мен оған бөлінген қаржының уақытылы игерілуіне, нысандардың жоспарлы мерзімде іске қосылуына тырысуда. Ал, өнімді әрі сапалы жұмыс істеу үшін жұмысшыларға қолайлы жағдай да жасау керектігі белгілі. Мұны компания басшылығы әрдайым ескеріп отырады.
– Бүгінгідей кәсіби мерекеге біздің құрылысшылар да толағай табыстармен келіп отыр. Әрине, табыстың өздігінен келе салмасы белгілі. Бұл жолда осы салада жұмыс істейтіндерден зор жауапкершілік талап етіледі. Оған қоса, білімің мен біліктілігің де соған сай болуы керек. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізерің анық. Міне, біздің құрылысшылар сондай талап биігінен көрініп отыр деп ойлаймын. Әрі бүгінгідей жеткен жетістіктер алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенімдімін, – деді бізбен әңгімесінде Серік Ғазезұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс