15 жылдан кейінгі қауышу

Адамның басы Алланың добы. Бұл өмірде адасып жүрген жандар көп қой. Олардың бірі ішімдікке салынып, қылмысқа барып, бас бостандығынан айрылып, жазасын өтеп жатады. Енді бірі бостандықта жүріп, өмірден өз орнын таба алмайды. Құжаттарын уақытында рәсімдемей, заманның көшіне ілесе алмай кейін қалып жүреді. Көкшетаудағы оңалту орталығына осындай жандар жиі әкелінеді. Қатарында, тіпті кеңес заманындағы қызыл төлқұжатпен жүргендері бар. Жақында осы орталықта бірнеше жыл тұрып келген, жасы 70-ке жақындаған кейуана 15 жыл көрмеген ұлымен қауышты.

Біз де кездесудің куәсі болдық. Енді Валентина Алгул ауданда тұратын баласының қолына кетті. Қарияның жаңа өмірі жақсы болады деген сеніммен орталық басшылығы ақылдарын айтып шығарып салды.

Валентина Алгулдың ұлты молдаван. Өзі Молдавияда дүниеге келіпті. Бір ұлы қазір сол жақта тұрады екен. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары Қазақстанға қоныс аударған Валентина өмірдің тепкісін көп көрсе керек, ішімдікке салынып кетіпті. Қолдау көрсететін туысқандары да жоқ, жұбайы да жарты жолда қалдырған. Қатты қиналған әйел ұрлыққа барып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады. Бостандыққа шыққанда баласын таба алмай қалады. Баспанасы жоқ әйел далада түнеп жүріп, құжаттарын жоғалтып алыпты. Сол кезде жолында жақсы адамдар кездесіп, оңалту орталығына бару туралы кеңес берсе керек. Міне, сол мекемеге келген күннен бастап Валентина әжей жаман әдеттерін қойып, өзіне жүктелген жұмыстарды атқарып жүріпті. Оңалту орталығының басшысы Әлия Әшімованың айтуынша, қария өте пысық, әрі тазалықты жақсы көреді. Әжейдің ұлы жайлы деректерді іздестіріп, туған жері мен жылын анықтап, кейін қай өңірде тұратынын білгеннен кейін, анасы жайлы ақпар беріпті. Ұлы да анасын бірнеше жылдан бері іздестіріп жүр екен. Бұған дейін, тіпті «Жди меня» хабарынан да көмек сұрапты. Анасының Көкшетаудағы оңалту орталығында тұрып жатқанын білгеннен кейін бірден осында жетіпті. Виталий Жарқайың ауданына қарасты Львовск поселкесінде тұрады. Механизатор болып жұмыс істейді. Екі кішкентайы бар. Он бес жыл бойы бір-бірін көрмеген ана мен бала қауышып, қуаныштары қойындарына сыймай, құшақтары жазылмады. Ал, Валентина әжей болса, орталық қызметкерлеріне бауыр басып қалғаны сонша, көзінің жасын бір сығып алып, алдағы уақытта қалаға қоныс аударып жатса, мейірбан жандарға сәлем бере келетінін айтты.

Оңалту орталығының басшысы Әлия Мырзахметқызының айтуынша, бүгінде бұл мекемеде 50 адам тұрып жатыр. Оның 14-де кеңес заманындағы қызыл төлқұжат. Қазір қайта рәсімдеу жұмыстарымен жүр. Олардың қатарында Валентина әжей де бар. Қария баласымен ауылға бара береді. Ал, біз құжаттарын рәсімдеп болғаннан кейін хабарласамыз дейді. Дәл осылай адасып жүрген жандардың қатары әлі де азаяр емес. Ондай жандарға қол ұшын созу аталған мекеменің міндеті болып қала бермек. Егер ол адам ТМД аумағында дүниеге келген болса, елшілікпен байланыс жасау арқылы ғана мәселе шешіледі. Оның өзіне бір жылға жуық уақыт кетеді екен. Ал, біз анасын іздеп келген ұлдың саналы болғанына разы көңілмен кері қайттық.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий